Бұл Тараз қаласындағы ашылып отырған отыз алтыншы мешіт. Алла үйінің құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған болатын. Жылға жетпей нысанды ел игілігіне берген ер-азаматтардың еңбегі ескеріліп, елге жария етілді. ҚМДБ Жамбыл облысы бойынша бас имамы Мырзагелдиев Бейбіт Әліпбекұлы мерейтойда сөз сөйлеп, мешіт құрылысының басы-қасында табылған азаматтарға алғыс хат табыстады.

Жиналған көпшілікке дастархан жайылып, ас берілді. Ауылда сәулеті келіскен Алла үйінің көтерілуіне септік тигізген азаматтарға ауыл тұрғындары ризалықтарын білдіріп, шапан жауып, ат мінгізді.

Жаңа құлшылық үйінің атауы соғыс ардагері қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан, Айша бибі кесенесін қалпына келтіру ісіне қомақты қолдау көрсеткен абыз ақсақал «Усмонжан баба» атымен аталған. Құрылыс сәулеті ұлттық нақышпен тұрғызылған мешіттің 4 мұнарасы бар. Жаңа мешіт имандылықтық темір-қазығына айналсын деп алғыс жаудырған ауыл ақсақалдарының қуанышы ерек.