Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

25 April 2024

16 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Нұр-Мүбарак университетінде қазақтың рухы әуеледі

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 21.12.2021 2071 0 пікір
Нұр-Мүбарак университетінде қазақтың рухы әуеледі

Ежелден кең даланың төсін еміп, өрісін жайлаған халқымыз тағдыр тезіне ұшырап, азаттық жолында төрт ғасырға жуық арпалысты. Жүректегі иманын ұлттық өнермен, жыр-терме, күйлерімен ұрпаққа үндеп, жігерлендіріп келді. Сол бабалар рухымен қуаттанған қаракөз жастар желтоқсанның ызғарлы күндері қазақ халқының өр рухын жер жаһанға паш еткеніне – 35 жыл толса, сол күннің жаңғырығымен Тәуелсіздік туының желбірегеніне – 30 жыл. Осы қастерлі күнге Нұр-Мүбарак университеті әрі өзінің 20 жылдық мерейтойына ерекше дайындықпен келді.

«Бұл жастарға өнеге, кейінгі ұрпаққа аманат болатын ерекше мереке болғандықтан, бабаларымыздың мұрасын ұлықтау арқылы жеткізуді жөн көрдік. Тәуелсіздік жолында қызмет, оны сақтап қалу – әрбірімізге аманат», – деді мерейтойлық шараға ұйытқы проректор, доцент Қайрат Құрманбаев. Университет атынан арнайы құрбандық шалып, ел үшін қыршын кеткендердің рухына қасиетті Құран оқып, дұға жасалды.

Әнұранмен басталған «Діни жыр-термелер – Тәуелсіздік арқауы» атты мерекелік шарада қасиетті Құран әуелеп, ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат пен ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев ата-бабаларымыз бен құрбандар рухына дұға бағыштап, Қазақ елі, күллі мұсылман жамағаты, әлем болашағы үшін арнайы бата жасады. Бұл кешті көрген де арманда, көрмеген де арманда: бабалар үні, аттың дүбірі, Ұлы даланың рухы домбыраның күмбірі, саз сырнайдың сарыны, қобыздың шанағында сөйлеп, өнерпаздардың көмейінен төгілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған, ғасырлар мұрасын, бабалар аманатын арқалаған жыршы-термешілер бірінен соң бірі халық мұрасын паш етті. Ал кештің арнайы қонағы қазақ жастарының желтоқсанда мұзды жарған жалынын әнмен жеткізген белгілі өнер қайраткері Әбиірбек Тінәлі: «Желтоқсан желі әніне 16 желтоқсанда тура 35 жыл толады. Бұл – Тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ жастарының жеңісі. Осындай қастерлі күнді ерекше атап өтіп жатқан Нұр-Мүбарак университетінің басшылығына алғысым шексіз», – деп ризалықпен «Желтоқсан желі» әнін әуелетті. Салтанатты шараның соңында «Алатау серілері» барша көрерменге рух беріп «Серпіліп көк-аспаны, Серпілсін санасы, Ел мен жер бізге аманат, Алаштың баласы!» деп әннен шашу шашты.

Арнайы шақырылған қоғам қайраткерлері, құрметті қонақтар ризалығын білдіріп, ерекше рух сыйлаған кешті ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, болашағымыздың баянды болуын тіледі.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру