
Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңір имамдары мен діни қызметкерлері арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды.
Ойын «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің жаңадан ашылған спорт кешенінде өтті. Жарысқа барлығы 6 команда қатысты.
Сайыстың алдында медресе-колледж директоры Нұрсейт Әбдімүтәліпұлы қатысушы командаларға табыс тілеп, ойын тәртібін түсіндіру үшін төрешілерге сөз кезегін берді. Командалар түске дейін бақ сынасып, түсте медресе-колледж әкімшілігі жайған арнайы дастарқаннан тамақтанып алып, ойынды ары қарай жалғастырды.
Жарыс нәтижесінде «Мәшһүр Жүсіп» және «Ғазиз» мешіті имамдарынан құралған команда 3-орынды, «Әбу Бәкір Сыддық», «Омар Әл-Фаруқ» және «Мұса мырза» мешіттерінің қызметкерлерінен құралған команда 2-орынды иеленсе, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе колледжі, «Мәшһүр Жүсіп Құран жаттау орталығы» және «Қасым қажы» мешіттерінің имам-ұстаздарынан құралған команда 1-орын, яғни арнаулы кубокты жеңіп алды.
Командаларды марапаттау рәсіміне Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы арнайы қатысты. Бас имам дін қызметкерлерінің береке-бірлігі жайында насихатын айтып, жарысты ұйымдастырған медресе басшылығына және ойынды жүргізген төрешілерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеңімпаз командаларға мақтау қағаздарын, медальдар мен кубокты табыстады.
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру