Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

24 April 2024

15 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Павлодар: Діни тұлғалар кесенесіне зиярат етті

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 05.10.2021 2496 0 пікір
Павлодар: Діни тұлғалар кесенесіне зиярат етті

Павлодар облысының қала, аудан имамдары белгілі дін және ұлт қайраткерлері Ғабдыл-Уахит хазірет және Темірғали Нұрекеннің кесенесіне зиярат етті.

Өңір тарихынан сыр шертіліп, діни тұлғалардың атқарған іс-қызметтері, олардың өнегелі де ғибаратты өмірі туралы айтылып, Құран қатым оқылып, арнайы дұға жасалды.

Ғабдыл-Уахит хазіреттің (1853-1926) кесенесі – Шарбақты ауданы Арбиген ауылы маңында. Ол – Ертіс-Баян өңірінде өмір сүрген белгілі діни қайраткер.  Бұхарада көп жыл оқып, туған елге оралған соң бүкіл ғұмырын халыққа қызмет етуге арнап, ағартушылықпен айналысқан. Медресе ашып, көпшілікті оқытып, мешіт салып, имам болған. Ислам дінінің негіздерін дәріптеп, адамгершілік, әділет, мейірім мен қамқорлық сынды ізгі қасиеттерді көп насихаттаған.

1926 жылы Ғабдыл-Уахит хазірет қайтыс болған соң оның зираты мұсылман қауымның зиярат етер орнына айналды. 1953 жылы хазірет жерленген жерге мазар тұрғызылды. 2012  жылы кесене қайта жаңартылды.

Темірғали Нұрекеннің (1856-1919) кесенесі Шарбақты ауданының Есілбай ауылында орналасқан. Ол – ұлтының келешегі, қазақ халқының болашағы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп қана қоймай, нақты істерімен ел есінде қалған көрнекті қайраткер тұлға. Патша үкіметі тұсында қазақ жерінде мешіттердің көптеп бой көтеруіне, қазақ балаларының сауат ашып, оқып-білуіне барынша жағдай жасаған жан.

Темірғали жомарт жан болған. Дін жолындағы қарызын өтеп, Меккеге қажылыққа барған. Балаларын, ауыл-аймақтағы жасөспірімдерді оқытқан, қол ұшын берген, қажетті жәрдем-көмек еткен. Ресейдің Екінші мемлекеттік думасына депутат сайлау науқаны басталғанда шараға Темірғали Нұрекен жалғыз түсіп, сайланған.

Ұлт мүддесін қорғаған қазақ зиялылары ІІ Николайға арналған петиция жазып, өз қолын қойған. Петицияны жазуға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Темірғали Нұрекен белсенді атсалысқан. Осы жұмыста ұйымдастырушылығымен және тікелей авторлығымен көзге түскен болатын. Ол 1905 жылдың 22 шілдесінде петицияның бір нұсқасын орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберген.

Темірғалидың бабасы туралы Мәшһүр Жүсіп мына­дай нақты мәліметтер келтіреді: «...Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұрекен бай. Тоқал қаты­нымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне-жұртына келген». Бұған қоса, Нұрекен қажының Меккеде қазақтарға арнап қонақ­үй салдырған абыройлы ісі де ел аузында жиі айтылады.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру