Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СҚО: «Зекет» қорының 229-үйі Тимирязев ауданы тұрғынына берілді

СҚО "Қызылжар" мешітінің баспасөз қызметі 05.06.2020 513 0 пікір
СҚО: «Зекет» қорының 229-үйі Тимирязев ауданы тұрғынына берілді

ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Тимирязев ауданы орталығының тұрғындары Бозжігітовтер отбасына баспана кілті табысталды. Бұл – «Зекет» қорының еліміз бойынша берілген 229-үйі.

Гүлшара Бозжігітова арбаға танылған күйеуі Евгенийді көп жылдан бері жалғыз өзі күтіп келеді. Нәзік жанға үйді жөндеп, қалыпты жағдайда ұстау оңай емес. Әбден тозығы жеткен баспана иесі жергілікті мешітке көмек сұрай келген еді. Шарасыз әйелдің өтініші көп ұзамай облыстық мешітке жетті.

СҚО-ның бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының тапсырмасымен «Зекет» қоры жобасы аясында Петропавл қаласы мен Тимирязев, Шал ақын, Есіл, Ғабит Мүсірепов аудандарының мешіт қызметкерлері қаражат жинап, мұқтаж отбасыға басқа баспана сатып алып беру ісіне кірісті. Бұл бастамаға бірнеше кәсіпкер де жұмыла атсалысты. Нәтижесінде, осындай белсенділіктің арқасында ерлі-зайыптыға кең екі бөлмесі бар, жарық әрі жылы үй сатып алынып, іші-сыртына жөндеу жүргізілді.

Баспана иелеріне кілтті табыстау рәсіміне мешіт имамдары, аудан әкімдігі мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Олар 45 жыл бойы өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатқан жандарды қоныстойымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

«Қызылжар» орталық мешітінің қызметкерлері қоныстой иелеріне – кір жуатын машина, ал аудандық мешіттердің имамдары бір-бір кілемнен тарту етті. Ел қамқорлығына ие болған ерлі-зайыптылар қуанышын жасыра алмай, көзіне жас алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі