Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

СЫР – АМАНАТ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 27.07.2022 1648 0 пікір
СЫР – АМАНАТ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Сөзге беріктік, сыр сақтай білу, аманат деп тапсырылған хабарды ешкімге айтпау – адамның рухани кемелдігінің көрінісі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 34-аятында:

وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ ۖ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا

«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп айтқан. 

Қазақ халқында жамандық пен жақсылықты бірдей бөліскен, өзіндей көрген жанашыр адамды «сырлас» деп атаған. Осыдан «сырластым», «сыр төктім», «сыр ақтардым», «сыр бөлістім», «сыр айттым», «сыр сақтадым» деген сөздердің барлығы ата-бабаларымыздың сыр атаулыға қаншалықты үлкен мән бергендігін көрсетеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш дін нәзіл болған уақыттан бастап сахабаларын сыр сақтауға үйреткен. Өйткені уахидың алғашқы кезеңінде жүректеріне енді ғана иман ұялаған мұсылмандарға дін жаулары зиян тигізбес үшін Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаты жасырын болатын. Сахабалардың сол уақытта көрген тәлімі олардың бойларында сырды сақтау, аманатқа берік болу, уәдені орындау сынды асыл қасиеттердің мықтап орнығуына себепші болды.

Сахаба Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын): «Жүрек – сырды сақтайтын орын. Еріндер – сол орынның кұлпы. Ал тіл – соның кілті. Сондықтан әрбір адам сырдың кілтіне мұқият болсын», – деп өсиет айтқан.

Адамның ешкімге тіс жармай, сақтауы керек болған сыр атаулының мынадай бірнеше түрлері бар. 
  1. Адамның жеке өзінің сыры.

Әр адамның сыры ең бірінші Жаратушы Аллаға, кейін өзіне мәлім. Тоқсан би бабамыз: «Пышағыңды мұқалтпа, не кеспесті біліпсің?! Бейтанысқа сыр айтпа, не деспесті біліпсің?!» – деп айтпақшы, адам баласы өзге адамдардың арасында жеке басына, отбасына, өміріне зиян алып келетін, сондай-ақ ар-намысының тапталуына, қадірінің түсуіне себеп болатын сырлары турасында тіс жармауы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 118-аятында: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَتَّخِذُواْ بِطَانَةً مِّن دُونِكُمْ لاَ يَأْلُونَكُمْ خَبَالاً وَدُّواْ مَا عَنِتُّمْ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен (мүминдерден) басқаларды сырлас тұтпаңдар. Олар сендерді әбігерге салуда еш қарап қалмайды әрі сендердің қиналғандарыңды қалайды...», – деп айтқан.

Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды», – деп өсиет еткен.

Өмірде адам баласы сенімсіз адамға сыр ашамын деп үлкен өкініштерге де тап болып жатады. Хазіреті Әлидің (Алла оған разы болсын): «Ішіңде сақтаған сырың – сенің тұтқының. Егер оны айтар болсаң, онда сен оның тұтқынына айналасың», – дейтіні осыдан. Сол себепті де сырды бөлісу қажет болса оны иманды, шынымен жанашыр, аманатшыл адамға ғана айту қажет. Ахмед Йүгінеки бабамыз:

Қатты сақта сырыңды ешкім білмесін,

Өз сөзіңнен өкініп, іс келмесін.

Бар құпия ісің болып әшкере,

Көрген адам, естіген жұрт күлмесін.

Айтпа сырды, қара достың түсіне,

Ойлап қара жанашырдың ісіне.

Өз ішіңе сыймаған сыр, қарағым,

Сыя ма екен сол досыңның ішіне – деген екен.

  1. Отбасылық сыр.

Отбасы мүшелері ғана білетін, өзгелердің білуі қажет емес жайттарды да адам баласы сыр деп білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында ерлі-зайыптылар жайында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

«Олар сендер үшін киім іспетті, сендер де олар үшін киім секілдісіңдер», – деп айтқан. Ғалымдарымыз қасиетті Құранда ерлі-зайыпты адамдардың киімге теңелуінің бірнеше себептерін айтқан. Соның бірі – киім адамның кемшілігін жасырып тұратындығы сияқты, отбасылы адамдар да бір-бірінің кемшілігі, отбасындағы кейбір жайттарды өзгелерден жасыра білуі қажет. Әсіресе, дінімізде жария етуге болмайтын отбасылық жеке мәселелер турасында өзгелерге мүлде айтуға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Аллланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِنْ أَعْظَمِ الأَمَانَةِ عِنْدَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ الرَّجُلَ يُفْضِى إِلَى امْرَأَتِهِ وَتُفْضِى إِلَيْهِ ثُمَّ يَنْشُرُ سِرَّهَا

«Қиямет күні Алланың қасында ең үлкен аманат ретінде, әйелімен отбасылы ақысын өтеп, ал таңертең екеуінің арасында не болғаны жөнінде адамдарға жария қылған еркектен (сұралады)»,  – деген (имам Мүслим).

  1. Өзге адамдардың сыры.

Өзге мұсылмандардың жеке басына, отбасына қатысты сырларды жария етуге болмайды. Әсіресе өзге адамның айтпауды өтініп,  аманат деп тапсырған сырын жария ету үлкен қиянат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнфал» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ الخَائِنِينَ

«Расында Алла, қиянатшылдарды жақсы көрмейді», – деп ескерткен.

Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған болатын. Сол себепті анамның алдына кешігіп бардым. Үйге келген кезімде анам менен: «Неге кешіктің?» – деп сұрады. Мен: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені бір шаруамен жұмсаған еді», – дедім. Анам: «Қандай шаруа?» – деп сұрады. Мен: «Бұл – сыр!» – деп жауап бердім. Сол кезде анам: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сырларын ешкімге айтпа!» – деп өсиет айтты», – деген. 

Бұл хадистен өзгенің сырын сақтаудың маңыздылығын, сонымен қатар балаларды кішкентайынан сыр сақтауға үйрету керек сынды ғибраттар аламыз.

Сырға ие болып, оны берік құлыптай сақтауымыз үшін әр адам мынадай амалдарға назар аударуы қажет:

Бірінші: Сырды аманат деп білу

Әдетте аманат дегенде көп адамдар өзгеге тапсырылған дүниені сақтау, оған қиянат жасамау деп түсінеді. Жалпы, аманаттың көріністері өте көп. Соның бірі – сырға беріктік. Әл-Кафауи атты ғалым (Алла оған разы болсын): «Алла Тағаланың құлдарына жүктеген намаз, зекет, ораза сияқты ғибадаттар, қарызды қайтару, тапсырылған затқа ие болу, сырды сақтау сияқты істердің барлығы – аманат», – деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүминун» сүресі, 8-аятында мүминдерді:

وَالَّذِينَ هُمْ لأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

«Олар, аманаттарын, уәделерін сақтайтындар», – деп сипаттайды.

Ендеше, мұсылман адам сырды да үлкен аманат деп біліп, оған ешуақыт қиянат жасауына болмайды. Өзгенің сырын аманат деп білуі үшін, ол адамның арнайы «бұл аманат» деп айтып, оны ешкімге тіс жармауды өтінуі шарт емес. Ол адам сырын айтқанда өзге кісі естіп қоймасын деп дауысын бәсеңдетіп, сыбырлап айтуы, жан-жағына қарап барып айтуы сынды әрекеттерінен мүмин адам оның сырымен бөлісіп тұрғандығын түсініп, оны аманат етіп сақтауы міндет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا حَدَّثَ الرَّجُلُ بِحَدِيثٍ ثُمَّ الْتَفَتَ فَهِيَ أَمَانَةٌ

«Егер адам бір сөз айтып, кейін жан-жағына бұрылатын болса, онда ол – аманат», – деп айтқан (имам Тирмизи). Тағы бір хадисінде:

إِنَّمَا يَتَجَالَسُ الْمُتَجَالِسَانِ بِالأَمَانَةِ وَ لَا يَحِلُّ لَأَحَدِهِمَا أَنْ يُفْشِيَ عَلَي صَاحِبِهِ مَا يَكْرَهُ

«Расында, отырыстағы екі адам аманатпен бірге отырады. Олардың бірі жолдасына ұнатпайтын жайтты жария етуі адал етілмейді», – деген.

Екінші: Сырды ашудың зияндары жайында ойлау

Адам баласы өзінің не өзгенің сыры жайында айтпас бұрын, оның зияндары туралы ойлануы қажет. Көбіне сырдың ашылуы адамдар арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына, сенімнің жоғалуына, өзгелердің ар-намысының тапталуына, ал ақыретте өзінің сырының ашылуына алып келеді.  Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресі, 10-аятында Нұх пен Лұт атты екі пайғамбардың жұбайларының күйеулеріне қиянат жасағандықтары турасында мысал келтіріп:

ضَرَبَ اللهُ مَثَلاً لِّلَّذِينَ كَفَرُوا امْرَأَتَ نُوحٍ وَامْرَأَتَ لُوطٍ كَانَتَا تَحْتَ عَبْدَيْنِ مِنْ عِبَادِنَا صَالِحَيْنِ فَخَانَتَاهُمَا فَلَمْ يُغْنِيَا عَنْهُمَا مِنَ اللهِ شَيْئًا وَقِيلَ ادْخُلاَ النَّارَ مَعَ الدَّاخِلِينَ

«Алла күпір еткендерге Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал етіп көрсетті. Олар құлдарымыздың ішінде ізгі болған екі құлымыздың  некесінде еді. Алайда (ол әйелдердің) екеуі де оларға қиянат қылды. Сондықтан екі пайғамбар да ол екеуін Алладан еш қорғай алмады. «(Олар екеуіне) Екеуің тозаққа кірушілермен бірге кіріңдер», – деп айтқан.

Тәпсір кітаптарына үңілсек, аяттағы «қиянат ету» – деп, ол әйелдердің пайғамбарлықты мойындамаулары, иман келтіруден бет бұрғандықтары, олардың сырларын ашуы сияқты істер екендігі айтылған. 

Аманат деп тапсырылған сырды ашып, қиянат жасау екіжүзді адамның сипаттары. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلاثٌ: إذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ وَإِذَا اُؤْتُمِنَ خَانَ

«Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлесе, өтірік айтады, уәде берсе, оны бұзады, аманат тапсырылса, қиянат жасайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Ендеше, сырды ашудың зияндары көп. Адамның жеке басына тән сыр жария болса, сол адамның ар-намысы аяққа тапталады. Ақан сері бабамыз:

Су шықпас қазғанменен тау басынан,

Қазақтың дау кетпейді сау басынан.

Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,

Ер жігіт жаңылады тәубасынан, – демекші, әсіресе, жақын тұтқан адамға айтылған сырды сақтамай, өзгелерге жария етуінің зардабы өте үлкен.

Отбасылық сыр аян болса, отбасының намысы қорланады. Ал қоғамға қатысты құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұқсан келеді.

Ал дүниеден өткен адамның сырын ашуға қатысты келер болсақ, оның мынадай бірнеше үкімі бар:

«Сыр адамның – тақуалығы. Ал кісінің өзгелерге үлгі болатын ізгі амалдары жайында айту – мубаһ. Адамның абыройына нұқсан келтіретін сырды ашу – харам. Алайда адам дүниеден өткеннен кейін орындалуы керекті болған міндеттер мен борышы жайында ашу – уәжіп.

Қисса

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты науқастанып жатқанда әрі өмірінің соңғы сәтінде қызы Фатиманы (Алла оған разы болсын) шақырып, сол жағына отырғызды да, сыбырлап бір нәрсе айтады. Сол кезде Фатима (Алла оған разы болсын) анамыздың көңілі түсіп, көзіне жас алып, жылап жібереді. Сосын тағы да шақырып, оң құлағына сыбырлап бір нәрсе айтады. Бұл жолы Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз күлімсірейді. Осы сәтке куә болған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары Фатимадан не айтқаны жайында сұрағанда, Фатима анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамбардың сырын ешкімге айта алмаймын», – дейді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден қайтып, арада біраз уақыт өткенде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) осы мәселе жайында Фатимадан (Алла оған разы болсын) тағы сұрайды. Сонда Фатима анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған бірінші құлағыма сыбырлағанда осы науқастан қайтыс болатынын айтты. Сол үшін жыладым. Ал сосын отбасымыздан өзіне ең алғаш болып менің қауышатынымды айтқанда, қуанып күлімсіредім», – дейді.

Үшінші: Аз сөйлеп, көп ойлану

Халқымыз: «Аз сөз алтын, көп сөз көмір», – дейді. Сөйлеген сөзін сараламай, көп сөйлейтін адамның сырына берік болуы қиын. «Шынын айтамын деп сырын айтыпты», – демекші, бұндай адам сөз арасында сыр болып сақталуы қажетті болған жайттарды да көп жағдайда ойланбай айтып қойып, өзі де опық жеп, өзгелерге де зиянын тигізеді.

Даналық сөзде: «Көңілдегі құпияңды – көзің айтып қояды, көп сөйлеген күпілдеп – сөзін айтып қояды», – деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деп айтқан (имам Мүслим). Сол үшін де мұсылман адам сөйлегенде әр сөзін ойланып, өзіне, өзгеге зиян келетін барлық сөз түрлерінен сақтануы қажет. Тағы бір хадисте:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман деп, оның тілінен және қолынан басқа мұсылмандар жәбір көрмеген адамды айтамыз», – делінген (имам Бұхари, Муслим).

Бір ғалымнан: «Сіз сырды қалай сақтайсыз?» – деп сұрағанда, ол: «Мен өзімді сырлардың қабірі деп көремін», – деп жауап берген екен.

Төртінші: Сабыр мен ұстамдылық

Әдетте адам нәпсісі сырды ашуға, өзгелерге айтуға асықтырып тұрады. Осы кезде мұсылман адам өзін қолына алып, сабырлық пен ұстамдылықты қару ете білуі керек. Әйтпесе, «Сабын кірді ашады, сабырсыз сырды ашады», демекші сабырсыздыққа салынып, өзінің не өзгенің сырын ашу көптеген өкініштерге душар еткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

 «Кімде-кім маған екі жағының арасындағысы мен екі аяғының (бұтының) арасындағысын («күнәлі істен ұстаймын», – деп) кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін», – деген (имам Бұхари).

Абай Хәкім: «Жақсы дос – білген сырын сыртқа жаймас», – деп айтпақшы, достықтың ақыларының бірі де, досыңның сырына ұстамды да бекем болу. Ал досының сырын өзгеге айту жаман жолдастықтың белгісі саналады. Дана бабаларымыз:

Тақыр жерге су төксең,

Жүруге тайғақ болар.

Жаманға сырыңды айтсаң,

Тар жерде айғақ болар, – деп, ондай адамдармен сыр бөлісуден сақтандырған.

 

Қадірменді жамағат!

Сыр сақтай білу – көркем мінезді адамдардың негізгі сипаттарының бірі. Шәкәрім бабамыз: «Сырды сақтау шеберлігі жан дүниенің байлығын көрсетеді. Ішінде су тұрмайтын ыдыстың зияны секілді, сырды сақтай алмайтын адамның пайдасы кем», – деген.

Алла Тағала баршамызды аманатқа берік, сырды сақтай білетін, ізгі құлдары қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру