Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Пайғамбармен дүниеде дидарласу

Бағдат Ахмедәліұлы, «Әл-Ғани» мешітінің бас имамы www.muftyat.kz     21.12.2017 7217 0 пікір

 

Ақиқатында, пайғамбармен (ﷺ) бұл дұниеде дидарласу мүмкіндігі болса біз ешнәрседен аянып қалмайтын шығармыз деп ойлаймын. Ендеше, Алла елшісінің мүбәрак қабірін зиярат ету Алла Тағала құзырында сауапты амалдардың бірі екенін білгеніңіз жөн. Бұл жайлы, ардақты пайғамбар (ﷺ): «Кімде-кім менің қабірімді зиярат етсе, оған шапағатым бар[1]»,-деген. Тақиуддин Субки өзінің «Шифау Сақам» атты еңбегінде пайғамбар (ﷺ) бейітіне барып, зиярат жасау ізгі амалдардың бірі екенін жалпы ғалымдар бірауыздан мақұлдағанын тілге тиек етеді. Байһақида мынадай бір риуаят бар. Оны Омар бин Хаттабтың (р.а.) қазынашысы Малик әңгімелейді: «Омардың дәуірінде жұрт қуаңшылыққа тап келді. Сонда бір кісі Пайғамбар (ﷺ) қабіріне барып: «Уа, Алла елшісі! Үмбетің үшін жаңбыр сұра. Олар құрдымға кетуге шақ қалып тұр»,-деді. Сол түні әлгі кісіге түсінде Пайғамбар (ﷺ) келіп: «Омарға сәлем айт. Жаңбыр жауатынын жеткіз. Әрі оған ақылды болсын деп айтты де»,-дейді. Таңертең халифаға келіп, түсіндегі аянды айны қатесіз баяндап берді. Ол сахаба Біләл бин Харис еді. Харистің ұлы Біләл мұсылмандар әміршісі Омарға әз-пайғамбар (ﷺ) қабірі басына барып айтқан сөздерінен бастап әңгімені түгел айтып берді. Сонда, әділ халифа Омар (р.а.) жылап: «Уа, Раббым! Бойымда күш-қайратым бар шақта ешуақытта кемшілікке жол бермеймін»,-деп ел-жұртқа қызмет етуде аянып қалмайтындығын айтты.

Алла елшісінің (ﷺ) азаншысы Біләл (р.а.) әз-пайғамбар бақилық болған соң Шам өлкесіне біржолата көшіп кеткен еді. Күндердің күні саңлақ сахаба түс көрді. Түсінде пайғамбар (ﷺ): «Ей, Біләл! Мұның не сенің? Қанша уақыт өтті сені көрмей жүрміз»,-деді. Ұйқысынан ояна сала жүрегіндегі сағынышы арнасынан тасып: «Уа, Алла елшісі! Сізді сағындым»,-деп көз жасына ерік берді. Қатты сағынған еді. Шыдай алмады. Тез арада жолға қамданып, құтты мекен Мадина қаласына қарай сапар шекті. Бұл Омар халифаның заманы болатын. Риуаят бойынша, пайғамбарымыздың (ﷺ) қос жанары Хасан мен Хусейн (р.а.) хазреті Біләлға: «Сіздің азаныңызды сағындық»,-деп азан айтуға қолқа салды.

Біләл (р.а.) де сол бір пайғамбар (ﷺ) дәуіріндегідей Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар,-деп азан айта бастады. Құтты қала жұрты түгелдей келмеске кеткен ғажайып пайғамбар заманы бір сәтке қайта оралғандай боп көңілдері астаң-кестең боп босады. Хазреті Біләл «әшһаду әннә Мұхаммәдәр Расул Алла» деген кезде жұрт көшеге шығып, сағыныштан көз жастарын тия алмады. Қала халқы түгел дерлік күңіренді. Дәл осындай жағдай, ардақты пайғамбар бақилық сапарға аттанған күні болған еді.

Осы күндерде еліміздің түкпір-түкпірінде мәуліт оқылып, салауаттар әдеткіден көбірек айтылды. Біздер мешіт имамдары жамағатқа пайғамбарымыздың (ﷺ) ғибратты ғұмыры мен сүннеттерін насихаттап жаттық. Шындығында, әз-пайғамбардың (ﷺ) әрбір сүннеті біз үшін өмірлік салт, әрбір хадисі өмірлік ұстаным. Сүннет пен хадисті дұрыс үйреніп, амал ете білген мұсылман Пайғамбарға (ﷺ) бір табан жақындай түседі. Ал, Пайғамбарға (ﷺ) ілескен адам Құдайдың жақсылығына кенеледі. Әз-пайғамбармен (ﷺ) дидарласуды қаласаңыз адал еңбек етіп, маңдай термен тапқан табысыңызбен Мадинаға барып зиярат етіңіз. Өйткені, екі дүние сұлтаны: «Кімде-кім қажылық жасап, мені қайтыс болғанымнан кейін зиярат етсе, тірі кезімде дидарласқандай болады[2]»,-деп айтқан.

 

[1] Байһақи, Дарақұтни

[2] Табарани, Байһақи

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру