ҚМДБ Алматы облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ аудандық «Имам Мұхаммед» мешітінде «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Алқалы жиынға Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Ринат Маратұлы, «Ізгі қоғам» бағыты бойынша жауапты дін қызметкері Дархан Аманұлы, Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы Ибрагим Нұрахмедұлы, Еңбекшіқазақ ауданының аксақалдар төрағасы Тілеулес Дүйсенбайұлы, ақсақалдар қауымы қатысты.
Алғаш болып сөз алған Ринат Маратұлы көпшілікке Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының ыстық сәлемін жеткізіп, қазақтың дара тұлғаларының өмірлерінен мысалдар келтіріп, семинар тақырыбына сай баяндама жасады.
Дархан Аманұлы болса ҚМДБ тарапынан бекітілген бес жұмыс бағытының бірі «Ізгі қоғам» деп аталатынын айтып өтіп, Құран аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері негізінде қарттарға мұқият және мейірімді болу, кішілерге үлгі болудың маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде Тілеулес Дүйсенбайұлы ақсақал өз замандастарына өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес айтып, жол көрсетуге шақырды.
Бұдан бөлек, Еңбекшіқазақ аудандық «Имам Мұхаммед» мешітінде «Ізгі қоғам» бұрышы ашылып, шара соңында ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру