Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Шағырлой ауылында жаңа мешіт ашылды

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі islam-oral.kz 23.09.2022 3873 0 пікір
БҚО: Шағырлой ауылында жаңа мешіт ашылды

Батыс Қазақстан облысы тағы бір жаңа мешітпен толықты. Сырым ауданның Шағырлой ауылында  құлшылық ордасының ашылу рәсімі өтті.

Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жиынға БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, облыстық орталық мешіттің наиб имамдары, қалалық, аудандық мешіттердің имамдары, ақсақалдар қатысты.

Алдымен Бақытжан Құралбайұлы ауыл тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгілік пен қайырымдылықтың ғасырлар бойы өшпейтінін айта келе, игі іске ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Батыс өңіріндегі мешіттердің көбейіп келе жатқандығы алдымен мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатса, екіншіден, бейбіт елімізде Ислам дінінің өркен жайып келе жатқандығының көрінісі екенін жеткізді. Мешітке атсалысқан иманды азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Ауыл аса үлкен болмаса да, 100-150 адамға арналған жаңа мешіттің іші замануи талапқа сай салынған, әйелдер мен ерлер залы, имамға арналған бөлмесі бар. Жаңа мешіттің имамы Абылай Арманға баспана сыйлап, қаржылай көмек берілді.

Жиын соңында ауыл адамдарына ас беріліп, спорттық ойындардан жарыс өткізіліп, ел-жұрт мәре-сәре болды. Облыс имамы атынан, аудан,  ауыл әкімдерінен алғыс хаттар табысталды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру