Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Карантин кезінде Маңғыстау мешіттері 1470 отбасыға қайырымдылық жасады

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 22.07.2020 2644 0 пікір
Карантин кезінде Маңғыстау мешіттері 1470 отбасыға  қайырымдылық жасады

Елде індеттің өршуіне байланысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңір мешіттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтау және садақа ниетімен құрбандық шалуды ұйымдастыруды тапсырған  болатын.  

Осыған  орай, биылғы жылғы маусым-шілде айларында Маңғыстау мешіттерінде 10 ірі малы, 30 қой сойылып, 3 тоннаға жуық ет мұқтаж отбасыларға таратылған.  Облыстық Бекет ата 120 отбасына азық-түлік және 150 отбасына ет жеткізілген. Балаларды қорғау күніне орай, 200 балаға тәттілер мен жеміс-жидектен сыйлық берілді.

–Соңғы айларда өңірімізде індет өршіп, науқастар саны күрт артып кетті. Тұрғындар карантин тәртібіне көшіп, оқшауланды. Бұл кезең әсіресе, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға ауыр тиіп отыр. Елдің басына төнген қауіпті кезеңде Алладан медет  сұрап, қасиетті Құран сүрелерін оқып, қолдан келгенше әлсізге демеу болып, мұқтажға  қолдау көрсетіп жатырмыз,-дейді ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.

Облыс орталығындағы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде осы жылдың маусым-шілде айларында  330  отбасына   азық-түлік  пен  ет  таратылған. Осы уақыт ішінде 7 қой және 1 ірі қара малы сойылып, еті тізімде тұрған   отбасыларға   және  әлеуметтік  жатахана  тұрғындарына  жеткізілген.  Мешіт тізімінде тұрған көп балалы және жалғызбасты аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

–Мұқтаж жандарға  көмек  көрсету - исламнан. Алла біздерге мал-мүлік берсе, оны берген нығметіне шүкіршілік етіп, Алланың разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігі айтылады. Бұл туралы Құранда   «Олардың  малдарында  қайыршының   және  жарлының  да  ақысы бар» делінген,-дейді Ақтау қалалық  Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.

Биылғы жылдың маусым-шілде айларында Жаңаөзен қаласындағы 5 мешіттің ұйымдастыруымен 3 ірі қара, 15 қой сойылып, 146 адамға ет таратылған. Сондай-ақ, 224 отбасына азық-түлік үйді-үйге жеткізілген. Әбіш қожа  мешіті имамдары 20 мұқтаж отбасына 50 000 теңге қаржылай көмек берілген.

Ал, Мұнайлы ауданына қарасты мешіттерде бұл уақыт ішінде 135 отбасына азық-түлік пен 80 отбасына құрбандыққа шалынған 2 ірі қара малының еті жеткізілген. Бейнеу аудандық мешітінде 30 отбасына ет таратылып, мұқтаждарға қолдау көрсетілген. Шетпе мешітінде де өгіз сойылып, еті 35 әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға жеткізілді.  

Ел  тұрғындарына  сынақ болған карантин кезінде Маңғыстау мешіттері онлайн тәртіпке ауысса да,  жұмыссыз отырған жоқ. Маусым-шілде айларында барлығы 1470 отбасына азық-түліктей көмек көрсетілген.      

Имамдар ізгі дәстүрден айнымай, тұрмысы нашар отбасыларды қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру