Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тараз: «Ел үлесі – пәтерге» жобасының 203-үйі берілді

asyldin.kz 21.05.2020 2881 0 пікір
Тараз: «Ел үлесі – пәтерге» жобасының 203-үйі берілді

«Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында Тараз қаласында жалғызбасты 4 баланың анасына тұрғын үй кілті табысталды.

Бүгінде үйлі болып, қуанышы қойнына сыймай шын алғысын айтып, ағынан жарылған Айна Жайткенова 4 баланы жалғыз өзі жеткізіп отыр. Жолдасы дүниеден өткен, өздері қайын ағасының үйінде 1 бөлмесінде тұратын. Келіншек «Жасыл ел – Тараз» қызметкері болып жұмыс жасаған, алайда екі бүйрегі ауырып, жұмысқа жарамсыз болып қалыпты.

Айта кетейік, осындай қиын жағдайы бола тұра осы уақытқа дейін өкіметтен көмек алып көрмеген. Сынақ келіп сай-сүйегін сырқыратса да, мұқтажбын деп алақанын жаймаған қайсар анаға қаланың орталық бөлігі саналған 2-мөлтекауданында орналасқан 2 бөлмелі пәтер сыйға берілді. Үйдің жанында мектеп, сауда орталығы, базар сынды нысандар орналасқан.

Алдын ала тексеру жүргізген құраманың айтуынша, бұл отбасының жағдайы өте нашар болатын. Тұрып жатқан үйлері де құлауға шақ. Кәсіпкер азаматтардың ұйытқы болуымен ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев бастаған мешіт істері меңгерушісі Халид Хожахметов, Һибатулла Тарази медресесінің директоры Қанат Жұмағұл, наиб имам Ғалымбек Жапек, Қайырымдылық істері меңгерушісі Жалғас Жұбатқанов үй кілтін табыстауға арнайы барып қайтты.

Шаттықтан жүзі нұрланған ана: «Үйге келіп хал-жағдайымызды сұрайтын болар дедік. Бірақ үй береді деп ойламадық. Күтпеген жағдай болды, шексіз разымын. Алла сіздерден разы болсын. Діни басқармаға, «Зекет» қорына, мешітке шын жүректен алғыс айтамын» дейді Айна Жайткенова. Үлкен ұлы да өз рақметін айтып: «Есейгенде мен де осылай қайырымдылық жасап, үйсіз адамдарға үй сыйлаймын» деп, жылы лебізін білдірді.

Рамазанның соңғы 10 күндігінде жасалған бұл игі амал, ол үшін қуанған бір отбасы талайдың жүрегін мейірімге бөледі. Қайырымды адамдар барда, қайырлы амалдар бар екенін ұмытпайықшы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру