Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бас мүфти: Имамдардың арқасында жыл сайын 500-дей азамат жат ағымнан бас тартуда

www.inform.kz 06.11.2019 780 0 пікір
Бас мүфти: Имамдардың арқасында жыл сайын 500-дей азамат жат ағымнан бас тартуда

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз деструктивті ағымға ерген азаматтарды радикалды райынан қайтару жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді .

«Ашығын айтқанда, дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі археологтардың жұмыс бағытына ұқсайтын аманаты үлкен сала. Нәзік саланың мамандары, яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп жасайын десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат. Рухани мұраны аршып алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдар бойы жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндер мен айлармен түзете алмайсың. Имамдармен жиі болатын жеке кездесуімізде де деструктивті ағымдағы азаматтара түсіндіру жұмыстарында терапевттің тәсілін қолданыңдар деп, бағыт-бағдар беретініміз сондықтан», - деді Бас мүфти Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында.

Серікбай қажы Ораздың айтуынша, расында да, сана түзелсе адам түзеледі.

«Діни саладағы бірнеше жылдан еңбек өтілі мен тәжірибемізді ескере отырып, оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышы мен қиындық сәттерінде бірге болу дер едім. Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді. Мұны психология ғылымы сұхбаттасушының жағдайына ену деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед «Өзіне қалаған игі жақсылықты өзге адамға қаламайынша шынайы иманмен қауыша алмайды» дейді. Облыста өкіл имам болып жүргенде де деструктивті ағымға алданған адамдарға моральдық һәм материалдық тұрғыда жүйелі түрде көмек көрсетіп келдік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе әрине, ол нақты нәтиже бермейді. Имамдардың тілеутестігін таныған сол азаматтар қатарымызға қосылып, радикалды райынан қайтты. Осылайша, сұхбаттастық достыққа, ал достық қатынас бауырмалдыққа ұласады», - деді ол.

Бас мүфтидің айтуынша, бүгін де білім мен тәжірибесі толысқан имамдардың да осы бағыттағы жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі