Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 30.09.2022 35778 0 пікір
САЛАУАТ АЙТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Адам баласының есепсіз сауаптарға кенеліп, Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуіне себеп болатын амалдардың бірі – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.

«Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді.  Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу.

Қазақ жұртшылығы үшін салауат айту бейтаныс ұғым емес. Себебі, аталарымыз барына шүкір етіп, жоғына сабыр етіп: «барға қанағат, жоққа салауат» деп, үнемі игі тілекте болған.

Мұсылман адамның Алла Тағалаға мақтау сөздерін айтуымен қоса, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, соңғы пайғамбары ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауат сәлемдер тілеп жүруінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:

إِنَّ اللَّهَ وَمَلائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ  يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

 «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырған.

Бұл аятта Алла Тағала Өзі де, періштелері де Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтатынынан хабар етуде. Сонымен қатар әр иман етушіге де салауат айту бұйырылуда. Алла Тағаланың, періштелердің әрі адамдардың Пайғамбарға айтатын салауаттары бірдей аталғанымен, ол салауаттардың әрқайсысының өзіндік мағынасы бар.

  1. Алла Тағаланың Пайғамбарға салауат айтуы. Бұл Алла Тағаланың оған деген мейірімі мен ризалығын білдіруі деген сөз. Сонымен қатар оған жәрдем етуі, абыройын асқақтатуы, істерін берекетті етуі, атының дәріптеліп, ақырет сыйлықтарын беруі және айтылған салауатты қабыл етуі деген мағыналарды білдіреді.
  2. Періштелердің салауат айтуы. Періштелердің салауат айтуы ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жоғарғы мәртебелердің берілуін сұрап, Алла Тағалаға дұға етуі мен кешірім тілеуі.
  3. Мүминдердің салауат айтуы. Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметтеп, ол үшін дұға ету деген сөз.

Ғалымдарымыз жоғарыда келтірілген «Ахзаб» сүресі, 56-аятында ардақты Пайғамбарымызға ерекше дәреже берілгендігі баяндалып тұрғанын айтқан.  Өйткені қасиетті Құранда Адам пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) періштелердің сәжде еткені жайында аят бар. Ол турасында қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 34-аятында:

وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُوا لآَدَمَ فَسَجَدُوا إِلاَّ إِبْلِيسَ أَبَى وَاسْتَكْبَرَ وَكَانَ مِنَ الْكَافِرِينَ

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» дедік. Сонда олар дереу сәжде етті. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды», – деп айтылған.

Бұл аятта періштелердің Адам пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сәжде еткендігі турасында: «Олар дереу сәжде етті», – деп өткен шақта айтылған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) періштелердің салауат айтуы турасында айтылған «Ахзаб» сүресі, 56-аятында:

وَمَلاَئِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ

«Және періштелер салауат айтады», – делініп, періштелердің салауаты осы шақта айтылып тұр. Бұл ардақты Пайғамбарымызға деген періштелердің салауаты қияметке дейін тоқтамай, жалғасып айтыла беретінін білдіреді.

         Ендеше, періштелер атқаратын осындай ұлық амалды әр мұсылман адам орындап, адамзаттың ардақ тұтар ұстазы болған ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жиі салауат айтып жүргені дұрыс.  Салауат айту мәселесінде біздер мынадай амалдарды ескеруіміз қажет:

Бірінші. Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу

Салауат айтудың сауабы мен артықшылықтары жөнінде білу – адамның салауатты жиі әрі тұрақты түрде айтуына себепші болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَلَّى عَلَيَّ وَاحِدَةً صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ عَشَرًا

«Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (имам Муслим).

Бір күні Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныш  байқалады. Сол кезде сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың: «Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?» – деді». Мен: «Әрине разы боламын»,– деп жауап бердім», – деген».

Тағы бір хадис шәріпте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَلَّى عَلَيَّ صَلَاةً وَاحِدَةً صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ عَشْرَ صَلَوَاتٍ وَحُطَّتْ عَنْهُ عَشْرُ خَطِيئَاتٍ وَرُفِعَتْ لَهُ عَشْرُ دَرَجَاتٍ

«Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді», – деп айтылған (имам Насаи).

Салауат айтудың артықшылығы мен сауабы жайында бұдан да өзге хадистерде көптеп айтылған. Бұл хадистердің барлығы салауат айтуға адамның немқұрайлық танытуға болмайтындығын, салауатты жиі айту – Раббымыздың разылығына, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуімізге себепші болатындығын көрсетеді. Сол себепті де салауат айтуға бұрынғы өткен ізгі адамдар мен ғалымдарымыз арнайы уақыт белгілейтін болған. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы ықыласпен салауат айту күнәларды судың кірді кетіргенінен де артық жойып жібереді. Алла Тағалаға мақтау айтып, ардақты Пайғамбарымызға салауат айту жомарттық танытып, қолындағы дүниені таратқаннан әлдеқайда жақсырақ», – деген.

 

Қисса

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінбердің бірінші баспалдағына шығып бара жатып:  «Әмин» деп айтады. Екінші баспалдағына шығарда тағы да: «Әмин» дейді. Үшінші баспалдағына аяғын қойып тұрып, тағы да: «Әмин» деген сөзді айтады.  Бұған куә болып тұрған сахабалар, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш мәрте «әмин» сөзін айтуының мәнісін түсінбей: «Уа, Алланың елшісі! Мінберге шығарда неліктен үш мәрте «әмин» деп айттыңыз?» – деп сұрақ қояды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де: «Кімде-кім Рамазан айына жетіп, кешірімге ие бола алмай өмірден өтсе, Алла оны мейірімінен алыстатсын»,деді. Осы кезде мен: «Әмин» дедім. Екінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кімнің қарт ата-анасы болып, оларға қызмет ету арқылы Алла Тағаланың разылығына кенелуді көздемесе, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен де: «Әмин» дедім. Ал үшінші баспалдаққа аяқ басқанымда: «Кімде-кім сенің есімің аталғанда салауат айтпаса, Алла оны мейірімінен алыстатсын», – деді. Мен тағы да: «Әмин» дедім», – деп жауап береді.

Екінші: Салауатты жиі айту

Мұсылман адамның Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде бір мәрте салауат айтуы – уәжіп. Ал жалпы алғанда салауат мұстахаб амалға жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

الْبخِيلُ مَنْ ذُكِرْتُ عِنْدَهُ، فَلَم يُصَلِّ علَيَّ

 «Сараң адам – менің атым аталғанда, маған салауат айтпаған адам», – деген (имам Тирмизи).

Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (Алла оған разы болсын): «Адамдардың ең сараңы кім деп ойлайсың?» – деп сұрайды. Фатима анамыз: «Алла Тағала нәсіп еткен дәулеттен садақа бермейтін адамды ең сараң деуге болар», – дейді. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, Менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар – нағыз сараңдар!» – деген.

Ардақты Пайғамбарымыздың есімі аталғанда салауат айтумен қатар, есімі қағаз бетіне жазылған уақытта да салауат сөздерін жазу қажет.

Салауатты адам баласы намазда, қажылықта, Құран оқығанда, бір жиында сөз бастағанда, сөзін аяқтағанда, мешітке барарда, қатты күйзелгенде, Алладан кешірім сұрағанда, үйге кірерде, бір нәрсені ұмытып есіне түсіре алмағанда, ұйықтағанда, ашуланғанда, өмірдің қай жағдайында болса да айтқаны дұрыс.

Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуымыз ардақты Пайғамбарымыздың бізге мұқтаждығын білдірмейді. Керісінше, адамдар сол салауатты айту арқылы үлкен сауапқа кенеліп, дәрежелері көтеріледі. Сонымен қатар қияметте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына ие болады. Сол себепті де Жүсіп Баласағұни бабамыз салауат айтуды насихат етіп:

Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн,

Салауат айт, мақта, ақта үмітін, – дейді.

Убай ибн Кағб атты сахаба (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Мен саған қанша мәрте салауат айтайын?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Салауатты қалағаныңша айт», – дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның төрттен бірін арнаймын», – дейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы», – дейді. Сонда сахаба: «Онда мен салауатқа уақытымның жартысын арнаймын», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң, одан да жақсы», – дейді. Сахаба: «Онда уақытымның үштен екі бөлігін салауатқа арнаймын» – дейді. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалауың білсін, егер арттырсаң, одан да жақсы», – дейді. Сахаба: «Онда мен әрдайым салауат айтатын боламын», – дейді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осы амалың арқылы уайым атаулыдан құтыласың әрі күнәларың кешірілетін болады», – дейді (имам Тирмизи).

Үшінші: Дұға тілегенде салауатпен бастап, салауатпен аяқтау

Пенденің Жаратушысына жалбарынып, дұға етуі дінімізде ғибадат деп танылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ

«Дұға ету ол – ғибадат», – деген (имам Әбу Дәуд).

Дұғаны тілеумен қатар оның қабыл болуы үшін атқарылатын арнайы амалдар бар. Сол амалдардың бірі – дұғаны Алла Тағалаға мақтау және Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен бастау.

Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адамның Аллаға мақтаулар айтпай және Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтпастан, дұға жасап жатқанын естіп: «Мына адам асығып жатыр!» – деді. Сосын ол адамды өзіне шақырып алып: «Сендерден кім Алладан дұға тілемекші болса, онда Мінсіз болған Раббысына мақтаулар айтудан бастап, сосын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  салауат айтсын, содан кейін не сұрағысы  келсе де  сұрай берсін», – деп насихат айтады (имам Тирмизи)

Дұға етуші адам дұғаның соңында да Алла Тағалаға мақтау, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтқаны жөн.

Ғалымдарымыз: «Салауаттың Жаратушы құзырында орны ерекше болғандықтан, Алла Тағала салауат айтқан адамның дұғасын қайтармайды» деп білген. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Маған мынадай хабар жетті: «Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалады. Ол дұғалар Пайғамбарға салауат айтумен ғана көтеріледі», – деген.

Ибн Мәсғұд (Алла оған разы болсын): «Сендердің бірің Алла Тағаладан сұрайтын дұғасы болса Оған лайықты түрде мадақ айтудан бастасын, сосын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып барып тілесін. Себебі, осылай істеу арқылы дұға қабыл етілуге жақынырақ», – деген.

Ибн Ато (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Дұғаның қабыл болуы үшін оның  негізі, қанаты, себебі және уақыты бар екендігін ескеру керек. Дұға негізімен түйіссе күшейеді, қанатына сай келсе аспанға ұшады, уақытына сәйкес  келсе ұтады, ал себебі орындалса қабыл етіледі. Дұғаның негізі – жүрек тыныштығы мен жұмсақтық, барлық себептерден бас тартып жүректі Алла Тағалаға байлау. Қанаты – шынайылық, уақыты – сәресі, қабыл болу себебі – ардақты Пайғамбарымызға салауат айту», – деген.

Қисса

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дінді жаю және үйрету мақсатында маңайдағы тайпаларға ұстаз жіберетін еді. Бірақ кейбір жіберген ұстаздарға қиянат жасалған болатын. Осындай жағдайдың бірі Рәжи оқиғасында болған. Адал мен Қаре тайпалары Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламды үйрету үшін ұстаз сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он адамнан құралған өкіл жібереді. Бұлар Рәжи деген жерге барғанда дін жаулары оларды тұзаққа түсіріп, сегізін шейіт етеді де, екеуін тұтқынға алып, меккелік мүшріктерге табыс етеді. Тұтқындалған сахабалар Зәйд пен Хұбәйб (Алла оларға разы болсын) еді. Екеуі де залымдардың қолынан қаза табады. Өлтірер алдында Зәйдтен: «Өміріңді құтқару үшін, сенің орныңда Пайғамбарыңның болғанын қалар ма едің?» – деп сұрайды. Сонда Зәйд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымның осы жерде болғанын қалау былай тұрсын, Оның аяғына тікен кіргеніне де көңілім әсте разы болмайды», – дейді. Ол екеуіне діндерінен бас тартатын болса, азаптан құтылатындықтары айтылады. Бірақ, екеуінен де: «Бүкіл дүниені берсеңдер де, дінімнен қайтпаймын!» – деген жауап естиді. Хұбәйбтің шейіт етілмес бұрын бір ғана қалауы бар еді, ол – ардақты Пайғамбарға сүйіспеншілікпен сәлем жолдау болатын. Бірақ кімнен сәлем жолдасын. Қасында сәлемін жеткізіп барар ешбір мұсылман жоқ еді. Сонда ол ақтық демі шықпас бұрын аспанға қарап: «Уа, Аллам! Бұл жерде сүйікті Пайғамбарыма сәлемімді жеткізетін ешкім жоқ. Оған сәлемімді сен Жеткізе гөр!» – деп дауыстайды.

Сол кезде Мәдинада сахабаларымен бірге отырған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған да сәлем болсын», – дейді. Сахабалары таңданып: «Уа, Алланың елшісі! Кімнің сәлемін алдыңыз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырларың Хұбәйбтің сәлемін», – деп жауап қатады. Ақыры, дін жаулары бұл екі сахабаны да қатты азаптап өлтіреді.

 

Қадірменді жамағат!

Салауат сөздерін жиі айту арқылы адам баласы көп сауапқа кенеліп, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақын адамдардан болады. Ол турасында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَوْلَى النَّاسِ بِي يَومَ القِيَامَةِ أكْثَرُهُمْ عَلَيَّ صَلاَةً

«Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам», – деген (имам Тирмизи).

Алла Тағала баршаларымызды ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтушылардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру