Фаджр

Восход

Зухр

Аср

Магриб

Иша

Расписание на год на месяц

АДАМҒА АЛҒЫС АЙТПАҒАННЫҢ, АЛЛАҒА ШҮКІРІ ЖОҚ

26.02.2020 380 0 Комментарии
АДАМҒА АЛҒЫС АЙТПАҒАННЫҢ, АЛЛАҒА ШҮКІРІ ЖОҚ

КІРІСПЕ

Алғыс айту – халықтың жан ділі психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек дәстүрі. Белгілі әдебиеттанушы, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» – деген еді.  

Қазақ халқы – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Кез келген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді.

Кең пейілді қазақ халқы қашан да алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға, айналаңызға ризашылық білдірудің тиімді әдісі. Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін даналық сөз.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

فَجَاءتْهُ إِحْدَاهُمَا تَمْشِي عَلَى اسْتِحْيَاء قَالَتْ إِنَّ أَبِي يَدْعُوكَ لِيَجْزِيَكَ أَجْرَ مَا سَقَيْتَ لَنَا

«Содан көп ұзамай қос бойжеткеннің біреуі имене басып келді де: «Сізді әкем шақырып жатыр. Бізге қолұшын беріп, малымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңызды бермек» – деді»[1].

Қысқаша түсіндірме: Мұса (ғ.с.) бейтаныс бойжеткендерге қолұшын беріп, жәрдем еткен кезде ақы алу ниетінде болмаған еді. Бірақ, жер бетіндегі Алла Тағаланың қойған заңдылық әдебіне сәйкес қыздардың әкесі жәрдемдескен ер азаматқа алғыс ретінде сыйақы беруді қалады. Мұсылман үмметіне адамдарға алғыста болудың маңыздылығын Раббымыз осы аятта  үйретіп, баян еткен.

Екінші аят:

فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ وَاشْكُرُواْ لِي وَلاَ تَكْفُرُونِ

«Сендер Мені еске алыңдар (яғни, маған құлшылық етіңдер), сонда Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік етпеңдер»[2].  

Қысқаша түсіндірме: Алланы құлшылықпен еске алу Оның рақымын дүниеде де, ақыретте де жақын етеді. Сондай-ақ, Раббымыздың әрбір нығметтеріне шүкірлік етуіміз міндет. Шүкірсіздік, істерімізді берекесіз етеді. Яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісінде береке болмайды. Адамдар арқылы бізге жақсылық келсе, ол жақсылық Алланың әмірімен келгендіктен сол адамға алғыс айтуымыз арқылы оны жіберуші Раббымызға шүкірлік еткен боламыз.

Үшінші аят:

وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْنًا عَلَى وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ

«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше, (уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» [3].

Қысқаша түсіндірме: Адам баласына Аллаға және ата-анасына шүкірлік білдіріп, рақметін айтуы міндет. Себебі, Жаратушымыз сол ата-ананың жүрегіне мейірімділік салып, сәбидің кішкене күніндегі барлық қамқорлықтарын міндетсінбестен өз мойындарына алып бақты, қамқорлық жасады. Ата-анамызға жақсылық жасаумен, сөздерін жерге тастамай тыңдап, бойұсыну арқылы оларға алғысымызды білдірген боламыз. Ал, ата-анамызға бағынуымыз өз кезегінде Алла Тағалаға шүкірлік еткен болып жазылады.

Төртінші аят:

وَإِذْ تَأَذَّنَ رَبُّكُمْ لَئِن شَكَرْتُمْ لأَزِيدَنَّكُمْ وَلَئِن كَفَرْتُمْ إِنَّ عَذَابِي لَشَدِيدٌ

«Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар» [4].

Қысқаша түсіндірме: Егер әрбір жақсылыққа шүкір ететін болсақ, жақсылық жасаушы кісіге алғысымызды білдірер болсақ, сөзсіз Алланың біздерге жақсылығы мен берекесі үздіксіз келетін болады.

Бесінші аят:

هَلْ جَزَاء الْإِحْسَانِ إِلَّا الْإِحْسَانُ

«Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!»[5].

Қысқаша түсіндірме: Дүниеде сауабы мол ізгі істерге ұмтылып, атқарып  жүрген болсақ, ақыретте Раббымыздан да тек жақсылық қана көретін боламыз. Сонымен қатар, жақсылық жасаушыларға міндетті түрде ізгіліктерінің қайтарымы ретінде жақсылықпен жауап беруіміз керек. Ең болмағанда жақсы сөзбен алғыс білдіру мұсылмандығымыздың белгісі әрі аталған аятқа амал жасаған боламыз.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

لَا يَشْكُرُ اللهَ مَنْ لَا يَشْكُرُ النَّاسَ

«Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені»[6].

Екінші хадис:

إِنَّ أَشْكَرَ النَّاسِ لِلَّهِ عَزَّ وَجَلَّ أَشْكَرُهُمْ لِلنَّاسِ

«Ақиқатында адамдардың Аллаға ең шүкір ететіні, адамдарға алғыс айтып жүретіні»[7].

Үшінші хадис:

مَنْ لَمْ يَشْكُرْ الْقَلِيلَ لَمْ يَشْكُرْ الْكَثيرَ، وَ مَنْ لَمْ يَشْكُرْ النَّاسَ لَمْ يَشْكُرْ اللهَ، التَّحَدُّثُ بِنِعْمَةِ اللهِ شُكْرٌ، وَ تَرْكُها كُفْرٌ، وَ الْجَمَاعَةُ رَحْمَةٌ، وَ الْفِرْقَةُ عَذَابٌ.

«Кімде-кім азға шүкір етпесе, көпке де шүкірсіз болады. Ал, кім адамдардың (жақсылықтарына) алғыс айтпаса, Аллаға да шүкірсіз болғаны. Алланың нығметтерін айтып жүру шүкірліктің (белгісі), оны жасыру (яғни Алланың нығметтерін жоққа шығару) – күпірлік. Ауызбіршілікте болу – мейірім, ал бөліну – азап»[8].

Төртінші хадис:

مَنْ صَنَعَ إِلَيْكُمْ مَعْرُوفاً فَكَافِئُوهُ، فَإِنْ لَمْ تَجِدُوا مَا تُكَافِئُونَهُ فَادْعُوا لَهُ...

«Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар»[9].

Бесінші хадис:

مَنْ صُنِعَ إِلَيْهِ مَعْرُوفٌ فَقَالَ لِفَاعِلِهِ: جَزَاكَ اللهُ خَيْراً، فَقَدْ بَالَغَ فِي الثَّنَاءِ

«Егер кімге болмасын жақсылық жасалса, оны істеушіге: «Алла сені жақсылықпен жарылқасын», – деп айтса, оны дәріптеген болды әрі шүкірлік еткен болды»[10].

ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Егер біреу өзінің бауырына: «Алла сені игілікпен жарылқасын», – деп айтқан сөзіне не берілетінін білсе, сөзсіз бір-біріне бұл сөзді өте көп айтар еді», – деген.

Сағид ибн Жубәйірден (р.а.): «Егер маған мәжуси (отқа табынушы) жақсылық жасар болса. Мен оған алғыс білдіріп, рақмет айтуым керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «иә», – деп жауап берген.

Ибн Әсир (р.а.): «Алла Тағала пендесінің Өзіне деген нығметтерінің шүкірін қабыл етпейді, егер пенде адамдардың жақсылықтарына шүкір (алғыс) білдірмеген болса», – деп шүкірсіздіктің сырын айтқан.

Имам Хатаби: «Кімде-кім адамдардың жасаған жақсылықтарына алғыс білдірмесе, Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытқаны және оны жасырғаны әрі мойындамағаны», – деген.

Ибн Араби: «Адамдарға алғысы болған кісіге Алланың шүкірлігі болады. Ал Алланың шүкірлігі нығметтің артуы, жақсылықтың тұрақты жалғасуы, сол арқылы дүниесіне де, ақыретіне де пайда келтіруі деген сөз».

Зуннун Мысри: «Өзіңнен жоғары тұрған адамға алғыс – бойұсынумен, өз деңгейлесіңе алғыс – рахмет айтумен, ал өзіңнен төмен адамға – жақсылық жасаумен болады», – деген екен.

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін Хадиша анамыздың орны мүлдем бөлек болды. Хадиша анамыз көз жұмса да, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған деген махаббаты бір мысқал да кемімеген. Хадиша анамыздың туыстарына қолдан келген көмегін аямайтын. Оның көрсеткен жанқиярлықтарын әрқашан аузынан тастамайтын. Адал жары Хадиша (р.а.) жайлы жиі айтатыны соншалықты, Айша анамыз Пайғамбарымызды одан қызғанатын. Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамыздың жақсылықтарын тағы есіне алады. Айша анамыз шыдай алмай: «Үнемі Хадишаны айтасыз. Алла Тағала сізге одан да жас әрі әдемі әйелдер берді емес пе?», – дейді. Тозаңдай жақсылықты ұмытпайтын Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Хадиша сынды қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күнсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт мені өтірікке шығарғанда, ол растап, қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп, итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Алла Тағала одан маған перзенттер нәсіп етті», – деді. Хадиша анамыз жайлы бұл сөздерді естіген Айша анамыз өзінің айтқанына ұялып: «Уа, Алланың Елшісі! Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін, бұдан кейін Хадиша жайлы естеліктеріңді айта жүруіңді өтінемін», – деп Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілін аулаған еді.

Екінші қисса:

Сахаба Сағд ибн Ас Мадина қаласында көше бойлап келе жатып, бір үйден су сұрайды. Үй иесі оған бір кесе су беріп шығарып салады. Келесі жолы сол үйдің жанынан өтіп бара жатып: «Кім көбірек береді?», – деп жар салып жатқан дауыс естиді. Қызметкеріне: «Барып сұрашы, не болып жатыр екен?», – деп жібереді. Қызметкері үй иесінің қарызы бар екенін айтады. Сағд ибн Ас дереу сол үйге барып, үйге кірсе, қарызын сұрап келген кісі отыр екен. Үйдің қожайынынан мән-жайды сұрай келе берешек төрт мың динары бар екендігін білген соң лезде қызметкерін өзінің үйіне жөнелтеді. Қызметкер жігіт бір қалта динар алып келеді. Сахаба сол жерде әлгі су беріп көмектескен кісінің төрт мың берешек қарызына көмектесіп, қалған ақшаны үй иесіне беріп кетеді.

Міне, бұл үй есінің шын пейілмен берген бір кесе суы үшін білдірген алғысының қарымтасы болатын.

Үшінші қисса:

Ертеде Бәни Исраил қауымында Алла Тағала мол ризық беріп байытқан ағайынды екі жігіт болады. Оларға әкелерінен мұраға мол байлық қалған болатын. Ағайындылардың біріншісі кедей-кепшіктерге қарасып, оларға көп жақсылық жасайтын. Жұрт сондай жомарт байдың үйіне келіп, садақа сұраушылардың сабы үзілмейтін. Ол әрдайым ризық-несібесін молайтып, тоқшылық берген Аллаға мақтау-мадақ айтатын, асып-таспай қанағатпен күн кешетін. Жаратушыға шүкірлік ететін.

Ал, екіншісі Қатрус есімді бауыры сараң болады. Ол байлығының бір бөлігін жақсылыққа жұмсаудан, Алла жолында қайырлы іс істеуден мүлде бас тартатын.

Қатрус көз тоймайтын бақшалардың иесі болатын. Сондай-ақ, үйінде өрімдей ұл-қыздары да бар. Ол әркімге беріле бермейтін осындай нығметтер үшін Аллаға шүкір етудің орнына тәкаппарланып, менменсініп жүретін.

Бірде оған бауыры келеді. Екеуі оның құлпырған жүзім бағының ішінде жүріп әңгімелеседі. Ол бауырымен әңгімелесіп келе жатып, айналадағы бағының көркемдігімен масаттанып, астамшылық жасайды. Бауырынан мұндай астамшылықты күтпеген оның көңілі түссе де сабырлылық сақтап, жанашырлықпен: «Уа, Қатрус! Мұның не астамшылық? Бұл нығмет Алланың саған берген сыйы, әрі сынағы екендігін есіңнен шығардың ба? Алланың берген артықшылығына асып-тасып, тәкаппарланғанша бақшаңа кіргенде шүкірлік ет дейді.

Бірақ, Қатрус бауырының сөзін түсінгісі де келмейді. Ол: «Менің ойымша, бұл бақша ешқашан да құрымайды. Мұның бәрі менің иелігім! Мен үшін Қиямет те болмайтын сияқты. Қайдан білесің, тіпті, о дүниелік болып, Раббыма қайтқан соң бұдан да үлкен ырысқа кенеліп, пейіштік болармын?» – деп тәкәппарлық танытады.

Сол күні кеш түсіп, қараңғылық басып, бүкіл ауыл ұйқыға кеткен уақытта Қатрустың бақшасына Құдайдың зауалы төнеді. Аяқ астынан ауылдың шетінен құйын көтеріліп, Қатрустың бақшасына бағыт алады. Ақырында кең алқапты қамтыған құтты бақша әп-сәтте қираған үйінділерге айналып шыға келеді.

Ертесіне Қатрус күнделікті әдетінше үйінен шығып, жан-жағына қарағанда гүл жайнаған бағын көре алмайды. Оның орнындағы ойранды көріп есінен тана жаздайды. Содан кейін барып бір апаттың болғанын түсінеді. Өзінің кеше асыра сөйлегеніне қатты өкінеді.

Раббысының нығметін мойындамай, асып-тасқан надан бай Қатрус өзінің кемшілігін осылайша кеш түсінеді.

Міне, Құранда «Кәһф» сүресінде баян етілген бұл оқиға шүкірсіздіктің соңы сор екенін ескертуде.

НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР:

  • Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал.
  • Жақсылық еккен алғыс орады.
  • Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен (батамен) ел көгереді.
  • Көп алғысы көгертер.
  • Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы.
  • Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың.
  • Алтын алма, алғыс ал. Алғыс алтын емес пе!
  • Жақсының қадірін білмегеннен, жақсылық кетеді.

ШҮКІРШІЛІКТІҢ ТҮРЛЕРІ:

Пенденің ең әуелі Алла Тағалаға шүкірлік етуі

Нух (ғ.с.) өте шүкіршіл құлдардың бірі болған. Алла Тағала қасиетті Құранда: إِنَّهُ كَانَ عَبْدًا شَكُورًا «Ол (Нух) шүкіршіл құл болды» деген («Исра» сүресі, 3-аят). Нұх Пайғамбар қалайша шүкіршіл құл болды, оның қандай сипаты бар еді? Құран тәпсірінде Нух Пайғамбар жай қарапайым тамақ жейтін болса, не су ішетін болса, ең әуелі Алла Тағалаға шүкірлігін білдіріп:

 الحمد لله الذي أطعمني ولو شاء أجاعني «Мені жегізген Аллаға мадақ болсын. Егер Раббым қаласа, мені аш қалдырар еді» деп айтады екен.

Міне сол секілді мұсылман баласы өзін ішкізген, жегізген, сол нығметтерді жаратып, нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкірлігін білдіруі тиіс.

Адамдарға шүкірлік етіп, алғысын білдіруі

Адам баласы өзіне жақсылық жасаған, сондай іске себепкер болған адамға да әрдайым өзінің алғысын, рахметін айтып жүруі тиіс. Алғысын айтып үлгере алмаса да жақсы ниетпен, ізгі тілегімен өзгелерге айтып жүруі керек. Сондықтан Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Қандай да бір кісі жақсылыққа қол жеткізсе, алайда оның қайтарымы ретінде қарымтасын бере алмаса, оның жақсылығын айтып, мақтасын» деген (имам Тирмизи).

Жүрекпен жасалатын шүкіршілік

Әрбір нығметтің Алладан берілетіндігіне және адамдардың әрекеті себепкер екеніне кәміл сену – жүрекпен жасалатын құлшылық. Мұсылман адам өмірдегі барлық нығметтердің Алладан екенін мойындап, бойұсынады.

Яғни адам баласы ниетіне қарай табысқа ие болады. Демек, адам баласының шүкірі шынайы, көркем болған сайын Алла құзырындағы дәрежесі де биіктей түседі деген сөз.

Осыны ұққан әрбір мұсылман әр нығметтің Алладан екендігін біліп, ешқашан естен шығармауы тиіс. Міне, бұл жүрекпен шүкіршілік жасау болып табылады.

Тілмен болған шүкірлік

Тілмен шүкір ету дегеніміз «Аллаға шүкір (Әлхамдулилла)», «Шүкіршілік», «Осыны берген Аллаға мың шүкір» деген секілді сөздерді айту арқылы берілген нығыметтердің Алладан екенін мойындап, әрдайым шүкір етіп жүру. Құран Кәрімнің кілті, бастауыш сүре – «Фатиха» сүресінің өзі «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән» деп, Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік етумен басталады. Бұл сүренің әрбір намаздың әр рәкағатында қайталанатынын ескерсек, тілмен шүкір етудің жарқын үлгісін көрсеткен аят күніге 40 мәрте қайталанады.

Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны», – деп айтқан.

Денемен жасалатын шүкір

Шүкіршілік жайлы айтқан кезде, басқа құлшылықтың түрі секілді бұл ғибадаттың да дене мүшелердің қатысуымен жасалатынын ескерген жөн. Яғни, дене мүшелеріміздің Аллаға ғибадат етуі, Алла ризалығы жолында қызмет жасауы, құлшылықтар атқарып, үкімдерге бағынуы дененің шүкірі болып табылмақ.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түні бойы аяқтары іскенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Айша (р.а) анамыз: «Уа, Алланың Расулы! Алла Сіздің бұрынды-соңды күнәларыңыздың барлығын кешірген ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз не?», – деп сұрағанда Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» – деп жауап берген.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Адамдарға алғыс айту, Аллаға шүкірлік еткенмен бірдей

– Егер өзіміз біреуге жақсылық жасар болсақ, олардан алғыс күтпеу керек.

– Жақсылыққа жақсылықпен қайтару әр мұсылманның ісі

  • Шүкірлік берекені арттырады

ДҰҒА:

Алла Елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәлді (р.а.) Йеменге аттандырып жатқан сәтінде үйреткен дұғасы:

اللَّهُمَّ أَعِنِّي عَلَى ذِكْرِكَ وَشُكْرِكَ وَحُسْنِ عِبَادَتِكَ

«Уа, Алла Тағалам! Сені (тұрақты) еске алуға, Саған шүкір етуге және Саған көркем құлшылық жасауға жәрдем бер!». 

 

[1] «Қасас» сүресі, 25-аят.

[2] «әл-Бақара» сүресі, 152-аят.

[3] «Лұқман» сүресі, 14-аят.

[4] «Ибраһим» сүресі, 7-аят.

[5] «Рахман» сүресі, 60-аят.

[6] Әбу Дәуідтің сунәнында келген. Сахих тізбекпен.

[7] Имам Ахмадтың муснадінда келген.

[8] Имам Ахмадтың муснадінда келген.

[9] Әбу Дәуідтің сунәнында келген.

[10] Тирмизи, Нәсәи, Ибн Хиббан риуаят еткен.

Комментарии (0)

Только авторизованные пользователи могут оставлять комментарии! Вход на сайт

Последние

Мусульманский Календарь