Фаджр

Восход

Зухр

Аср

Магриб

Иша

Расписание на год на месяц

ИСЛАМ – ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

07.10.2017 5439 0 Комментарии

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай қажы Ораз

 ИСЛАМ – ӨРКЕНИЕТ ӨЗЕГІ

Алла қаласа биыл 1-ші маусымнан бастап Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен еліміздің бас шаһары Астанада 166 жылғы тарихы бар «EXPO – 2017 Халықаралық көрмесі» басталады. Бұл үлкен айтулы шараға әлемнің 100-ден астам елінен 10 жуық үлкен халықаралық ұйымдар қатысада.

Біз ХІІ ғасырдан астам уақыт Ислам дінін қабылдаған елміз. Исламның әлемге қанат жайғанына да ХIV ғасырдан асты. Осы айтулы көрмеге Ислам әлемінен көптеген елдер, ұйымдар қатысады. Оның ішінде мұсылман елдерінен де көптеген делегаттар келеді деп күтілуде. Біз осы уағыз-мақаламызда да Ислам дініндегі білім мен ғылым, мәдениет пен өркениет тарихына тоқталамыз.

Алла тағаланың ең алғашы аяты да «Иқро» яғни, «Оқы» деп басталатынын әрбір мұсылман жақсы біледі. Міне, бұл дініміздің білім мен ғылымды ізденуге қаншалықты көңіл бөлгендігінің көрінісі. Осы сияқты аяттар Алланың қасиетті кітабында көптеп кездеседі. Құранда 256 жерде ойланбайсыңдар ма? ақыл жүргізбейсіңдер ме? деп келтірілген. Осымен қатар 700-дей жерде білім мен ғылым туралы айтылған. Алла бір нәрсенің маңыздылығына назар аудартқысы келсе оны кітабында көп қайталаған. 

Құран Кәрімде мұсылмандарды білімділердің, ғалымдардың қоғамдағы орнын ерекшелеп «Әнбия» сүресінің 7-ші аятында былай дейді:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Егер білмесеңдер Кітап иелерінен сұраңдар...»

Осымен қатар, Зүмәр сүресінің, 9-шы аятында:

قل هل يستوي الذين يعلمون والذين لا يعلمون

«...(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?»,- де»...

 Ал, Фатыр сүресінің, 28-аятында ғалымдардың мәртебесіне тоқталып:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ

«...Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары; Алладан қорқады...», - деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шәріптерінде де білім-ғылым іздену, және ізденуші шәкірттің мәртебелері жайында көп айтылған мысалы, Хазіреті Әбу Хурайрадан (Алла одан разы болсын!) жеткен хадисте:

: «... ومَنْ سلَك طرِيقاً يَلْتَمِسُ فِيهِ عِلْماً ، سهَّلَ اللَّه لَهُ بِهِ طَرِيقاً إلى الجَنَّةِ

«Кім білім алу жолына түссе, Алла ол адамға жәннаттың жолын оңай етеді», - десе, (Мүслим, Зикр бабы 39) Хазіреті Әнәстан (Алла одан разы болсын!) жеткен хадисте:

 مَن خرَج في طَلَبِ العِلمِ ، فهو في سَبيلِ اللَّهِ حتى يرجِعَ

«Кімде-кім ғылым оқу үшін сапарға шыққан адам, үйіне қайтқанша Алла жолында болады», - дейді. (Тирмизи, Ғылым бабы 2)

Ислам ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ислам ғылымның нағыз бұлағы болып табылады. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды.

Ислам діні келіп, тарап, халықтың көпшілігі білім ізденуге ден қойды. Бірақ ол кезде қазіргідей мектептер немесе жоғарғы оқу орындары болмады. Сол үшін де Ислам мәдениетінің білім бұлағы, ғылым орталығы, мектебі мешіт болды. Мешіт мұсылманның тек ғибадат ететін орындары ғана емес, сонымен қатар мұнда оқу-жазуды, Құран оқуды, шариғат ілімдерін және басқа ілім салаларын үйренді. Мешіттермен қатар оқу-жазуды, хат тануды үйрететін мектептер болды. Кейін, барып, тегін оқытатын оқу орындары ашыла бастады.

Әрбір мәдениет бір ғана халықтың не бір ғана ұлттың өнері болып есептеледі. Және оны жасаушы ұлт өкілін ғана мақтан тұта алады. Ислам мәдениеті – иісі мұсылман бауырлардың қолымен жасалған көпке ортақ мәдениет. Ислам мәдениетін діннен бөлек алып қарауға болмайды. Ислам дін мен ғылымды егіз тұжырымға санайды. Ал христиан ғылымды дамыту орнына көптеген ғалымдарды инквизиция сотымен тірідей отқа өртеді, соның салдарынан Еуропада ғылым кеш дамыды. Дін мен шіркеу Еуропа құрлығындағы түгел өркениеттің жолын бөгеген кертартпа қара күштер ретінде өмір бақи өшпес қара таңбамен танылып қалды.

Исламнан бұрынғы халықтар қол жеткізген ғылыми жетістіктердің болғаны рас. Мұсылмандар қысқа мерзімде-ақ оларды меңгеріп, иманнан алған күш-қуаттың арқасында есепсіз жаңалықтардың бетін ашты. Олардың еңбегінің қызығын бұл күні күллі адамзат көруде. Әсәресе мұсылман еместер көбірек көруде. Ислам ғалымдары шұғылданбаған, үлес қоспаған ғылым саласы жоққа тән. Мұсылман саяхатшылар қалдырған мәліметтер мен карталар арқылы Ертіс және Енесей өзендерінің жоғарғы аңғары мен Корея жағалауына дейінгі мекендер тарихта жазулы қалды. Мәселен, 1368-жылы қайтыс болған белгілі саяхатшы Ибн Батутта (1304-139) сонау Зайтун (қазіргі Гонконг) аймағына шейін барғанын, аталмыш аймақтың дүние жүзіндегі ең үлкен теңіз порты екенін, 100-ден астам үлкен кеме мен сансыз кішігірім кемелер тұрақтайтынын, осы ғаламат сауда өнер кешендері шалғай таулардан теңіздер арқылы тасымалданғанын жазған.

Аббаситтер халифаты тұсында Ислам ғұламалары көне грек, парсы және басқа тiлдердегi жазба еңбектердi, оның iшiнде антикалық мәдениеттi бiржолата жойылып кетуден сақтап қалды.

Бiр кездерi бiздiң ата-бабаларымыз осы араб тiлi арқылы өз еңбектерiн жазды әрi көпшiлiкке таратты. Махмуд Қашқаридiң араб тілінде жазылған «Диуани лұғаты әт-түрік» кiтабында бұрынғы түркi халықтарының әрiптiк таңбалары 18 болғанын және кейбiр түркi тайпалары оған қосымша белгiлердi қосып, әрiптер саны 25-26-ға жеткенiн жазды. Әбул-Хасанат Мәуләуи Әбдул-Хай Марғұланидiң шариғат заңдары туралы жазылып, Қазақстан мен Орта Азияға кейiннен тараған «Әл-хидая» кiтабын ағылшындар төл тiлiне аударып, жанұя қатынастары бойынша заңның баптарына пайдаланған. Қазiр ол кiтап ағылшын тілінен орыс тiлiне аударылып баспадан шықты.

Діни философия бойынша алғашқы еңбектер һижраның 300-жылында жазылған. Ислам философиясының көш басшысы Әл-Кинди осы жылдары, яғни 1100 жыл бұрын еңбектерін қалдырған. Еуропа жер шары дөңгелек екендігіне көздері анық жетпей әлі ХVІІІ ғасырда бастарын қатырып дауласып жүргенде, Ислам ғұламалары бұл мәселені VІІІ ғасырда, халифа Харун Рашид тұсында зерттеп қойған еді. Бағдат шаһарының сыртындағы Нисфун-Нәһәр деген жерде әртүрлі сызықтар мен өлшеулер жасап, жер шар тәрізді дөңгелек деп қортынды жасады. Куба аралын тапқан Кристофор Колумб бұл пікірді ауадан алған жоқ. Ол жердің дөңгелек екендігін Аверроистан естідім деп жазған. Мұсылман ғалымы Ибн Рушдті Еуропа осылай атайтын. Токио обсерваториясының директоры танымал ғұлама Ешиди Коган халықаралық конференцияда: «Мен әлем сырларының құпиясын зерттеудің жаңа әдісін таптым, ол – Құран оқу. Құранды оқыңыз, ол сізге толықтай ғаламның сырын ашады» деген. Ал Американың эмбриология және адам жаратылысы туралы ғылымдарының докторы Кейт Мор «Адам жаратылысы» деген кітап жазды. Оған араб ғалымдары: «Сіздің осы кітаптағы келтірген пікірлеріңіз Құран мен хадиске өте сәйкес келеді. Егер сіз келіссеңіз, біз оны аят-хадистермен байытып және толықтырып, жаңадан бастыртып шығарар едік» деген. Ол келісті, нәтижеде айтқандай етіп, «Адамның жаралуы Құран мен медицина арасында» деген атпен жарық көрді. Құран аяттары жылма-жыл өмір заңдылықтарымен дәлелдене түсуде.

Еуропа ғылымды мұсылман елдерінен, яғни шығыстан үйренді. Еуропаның ренессансы 1300-жылдары басталған. Неге? Өйткені бұл уақытта олар Испан жеріндегі Андалусия Ислам мемлекетінің мәдениетімен және кресшілер жорығы нәтижесінде шығыстағы араб жерлеріндегі өркениетпен танысты. Хазірет Осман (р.а.) халифалық құрған кезде, жолаушылар, әлсіздер, кейбір зәру жандар дәм татып кетсін деп, мешіттердің алдында ас пісіртіп, қоғамдық орындар жарық болып тұрсын деп, арнайы шырақ жақтырып қоятын. Бұл әдет кейін де жалғасын тапты. Миллиондаған халық өмір сүрген Кордова қаласының көшелері түн мезгілдерінде жарықпен қамтамасыз етіліп, қала халқы арнайы төселген асфальтпен қатынады. Ал Еуропаның қалалары қалың батпақ пен ұйыққа малтығып, бас көтере алмай жатты. Мұсылмандық мәдениетпен танысу Еуропаны ғасырлар бойғы қалың ұйқысынан оятты, қозғау салды. Батыстың кейбір ғалымдары «Орта ғасырларда кейбір Еуропа билеушілері өз аттарын дұрыстап жаза алмай жүргенде, Кордовада мұсылман балалары медреселерде оқып жатты» деп жазған. Осы таныстықтың игі нәтижесінде 1425-жылы Италияда жарыққа шыққан медициналық анықтамалықта Еуропа дәрігерлерінің сиынған пірі Галенге сілтеме 130, ал Исламның ғұлама ғалымы, медицинаның атасы Ибн Синаға 3000-нан астам, ал Еуропа Разец деп атайтын Әбу Бәкір Разиға 1700 сілтеме бар. Кордовада жүздеген кітапханалар болып, оның орталық кітапханасында жинақталған кітаптар каталогы 44 томға жеткен.

Бағдат қаласын Әлеуке ханның қолы қиратқанда, көпшілік пайдалануы үшін жасақтап қойылған Сабур сарайындағы 200 мыңдық кітапхана қоры Ефрат өзеніне тоғытылғанын тарихшы Ибн Туғрыберді жазды. Медицина саласында Бағдатта жоғары деңгейде 6000 студентті тәрбиелейтін оқу орны болды. Әрбір әзірленген дәрігерге бір көмекшіден бекітіліп берілді. Еуропа кейбір алапес сырқатына шалдыққан жандарды өртеп жатты, ал мұсылман елдері оларды жеке орындарда емдеп, мәңгілікке мемлекет қарауына алып отырды. Сахаралық халықтар дәрігерлік көмектен тыс қалмауы үшін арнайы жасақталған керуендер шығарды. Тіпті кейде бір бейшаралар ақшасы болмай, дәрігердің көмегін уақытында алып тұрарлық қолтаңба өздерінде болсын деген оймен алғашқы дәрігерлік көмек туралы анықтамалық кітап әзір етілді.

Сағат жасау өнеркәсібі де мұсылмандардың намаз уақытын белгілеу қажеттілігінен туындаған, олар 800 жылдан бұрын алғашқы сағатты жасап шығарды. Франция патшасы Шарлманға Бағдаттың халифасы Һарун Рашид ағаштан жасалған сағат тарту етті. Жер бетінде бірінші рет Бағдатта обсерватория салынды. Қазіргі әлемнің бұрыш-бұрышын шарлап, енді ғана көзі ашылып жатқан ғалымдар өздерінің осы жетістіктері үшін Ибн Һайсамға қаншалық қарыздар! Ол ресми ойыс айна, дөңес айна деп аталған телескоп жасау өнеркәсібінде қолданылатын өте құнды теорияның авторы. Бірақ осынша нәрсе ғылым жолын кең ашқан Құранның арқасында ғана мүмкін болды. Ислам діні осылайша ғылым мен мәдениетке орасан зор үлес қосты, әлі күнге дейін өз үлесін қосуда[1].

Сыр бойы мен Жетісу өңіріндегі орта ғасырлық қалалардың орны мұсылман авторларының еңбектерінің арқасында табылып, ашылды. Тариф, магазин секілді мыңдаған терминдер мен сөздердің Еуропа тілдеріне кіруі мұсылмандардың ғылымда қаншалықты жоғары болғанын паш ететін тірі айғақтар. Мұсылман билігі орнаған өңірлерде ғылымның жұлдызы жарқырағаны туралы Батыс авторлары емірене жазады. Қысқа қайырып айтқанда, басқа наным-сенімдердің әу бастан ғылыммен айқасатыны, ақылға сыймайтын нәрселерді үгіттейтіні кең тарауына жол бермеді. Бұл әрқашан да солай бола бермек. Құран кәрімнің тілі әдебиетшілер, тіл мамандарын, көпшілік пен жеке адамдардың рухын баурайтын қасиеттері психологтарды, социологтарды; барша ғылымның сырын шешетін аяттары басқа салалардағы ғылымдарды таңдандыруда. Құран кәрімді, яғни, Раббымыздың сөзін оқып түсінуге, одан мүмкіндігінше нәр алуға ұмтылғанымыз абзал. Онда сұрақ атаулының бәріне жауап табуға болады. Осы орайда Құранның ғылымды және ғылымның Құранды растағанын бір мысалмен де болса атап кетейік. Кітап атаулының анасы адамның жаратылысындағы хикметтер мен жаратылыс сатылары туралы терең мағыналы сөйлемдер келтіреді.

«Сендерді аналарыңның құрсағында үш қараңғылықта жаратылыстан жаратылысқа жеткізіп, жаратуда!» делінген аят бар (39-сүре, 6-аят).

Ал енді адам анатомиясын оқып көрейік, «жатыр қабырғасы негізгі үш қабаттан тұрады. Бірінші, сыртқы қабат perimetrium, бұл жатырмен бірігіп, оның сироз қабықшасын, tunica serosa түзетін висцеральді іш астар. Ортаңғы қабат, muometrium, бұл бұлшық етті қабықша. Үшінші ішкі қабат endometrium, бұл шырышты қабықша». Осы үш қабат та болашақ нәрестені сыртқы соққылардан қорғайтын, жарық өткізбейтін, суға толған қабықтан (ткань) жасалған. Құранның үш қараңғылық дегенін ғылым енді ғана анықтап, оның хақтығын тағы да бір рет мойындауда[2]!

Құрандағы осы мағынасы өте анық, сенімділігі өте мығым аяттар-ақ оның адамның емес, Раббымыздың сөзі екендігін дәлелдейді. Құран кәрім түскелі бері өткен XIV ғасыр бойы ешкім оның теңдесін жасай алмай қауқарсыздық танытқаны мәселенің нақты тарихи дәлелі.

Кейбір атеист ғалымдар «Ислам ғылымның өркендеуіне шектеу жасады» деген дәйексіз, жалған пікірлерді айтады. Керісінше Ислам дінінің өмірге келуімен ғылым мен философияның әлемге танылғандығын бүкіл әлем ғалымдары мойындап қана қоймай, дәлелдеп те бергеніне тарих куә.

Осындай үлкен топтың арасынан ерекше орын алатын ғалымдардың бірі – Қазақстандағы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Тархан әл-Фараби. Ол көптеген ғылымдарға үлес қосып, 128-дей еңбек жазды.

Фараби ғұмыр кешкен заман Шығыс елінің оянуға бет алған өзгерістер мен өрлеу дәуірі болатын. Бұл кез арабтың әдеби тілі биік дәрежеге ие болып, мұсылман елдеріне кең қанат жая дамыған кезі еді. Көптеген халықтардан шыққан ұлы ғұламалар, данышпан ақын-жазушылар өз еңбектерін араб тілінде жазып қалдырды. Сөйтіп араб мәдениетін өркендетуге мұсылман дініндегі халықтар түгел қатысып, ұлы мәдениет жасады. Ғылым, өнер, математика, философия, медицина, астрономия, физика, химия өркендеді. Араб тілінде дамыған мәдениет үлгілері кешеуілдеген Еуропа мәдениетінің қарыштап өркендеуіне үлкен ықпал жасады. Фарабиге жалғаса, жаңа ғылымдардың шығуымен ғылым мен әдебиет тағы да өрледі. Әбу Али Сина (Авицена), әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Омар Хаям, Насриддин Гуси, Исмайл Джаухари, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни т.б. түркі тектес елдерден шыққан дана адамдар дүниеге келді. Осылайша білім-ғылым, өнер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасып, дамылсыз даму үстінде болды. ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс өркениеті басқа елдерге үлгі-өнеге берерлік биік сатыға жетті. Сол өскелең өнер-білімнің асқар белін әл-Фараби еңбектері танытады. Олар: «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжамдар», «Вакуди туралы трактат», Платон, Аристотель, Птомолей, Ломей, Порфирий еңбектеріне түсініктер.

Әл-Фараби 870-жылы дүниеге келген. Алғашқы дәрісті туған жерінде алады. Сол кездегі араб мәдениетінің орталығына айналған Бағдат қаласында көп жылдар бойы жатпай-тұрмай оқып, зерттеу жұмысын жүргізген. Ол ежелгі грек ғұламаларының, әсіресе Платонның жазған еңбектерін терең түсініп оқыған. Кейінірек Сирияда біраз жұмыс істеген. 950-жылы Дамаск қаласында қайтыс болған. Әл-Фарабидің жазған еңбектерінің ішінде философия мен логика терең зерттелген. Сондықтан Шығыс ойшылдары оны көзі тірісінде-ақ «әл-Муғалиму әс-Сани», яғни «екінші ұстаз» деп атап кеткен. Ол таза философиялық, логикалық еңбектермен қатар физикалық, матеметикалық және натурфилософиялық, музыкаға да қатысты еңбектер жазып қалдырған.

Орта ғасырдағы ғалымдардың ішінде тамаша энциклопедист Әбу Райхан әл-Бирунидің еңбектері өз замандастарына қатты әсер еткен. Ол ғылыммен айналысқан кездерінде шешілмей жатқан мәселелер болса дін қағидаларына жүгінген. Әбу Райхан әл-Бируни 973-жылы қазіргі Қарақалпақстан жерінде дүниеге келген. Жастайынан әр нәрсеге құмар болып, айналадағы әлемді тануға тырысып бақты. 21 жасында астрономияға терең үңіліп, көптеген ғылыми нәтижелерге жетті. Бирунидің бір ерекшелігі, Ислам дінінен басқа діндерге құрметпен қараған.

Ислам дінінде сиқыршылар мен магиялық күш иелерінің әрекеті мақұлданбайды «Сиқыр жасаушы немесе сиқыр жасатушы, бал ашушы немесе бал аштырушы мұсылман емес». Бұл бағытта 1047-жылы «Минерология» деген еңбегін жазып шықты. Онда ғалым тылсым күштерге, магиялық күштерге сенудің орынсыздығын дәлелдеген. Сиқыршылық қараңғы адамдарға ерекше күш сияқты көрінетіндігі, ал ғылыми көзқараспен алып қарағанда оның ешбір ғажайып еместігін, қайта жалғандығын ашып, ғылыммен ортақ жері жоқ екендігін дәлелдеді. Сиқыршылықтың бір түрі алхимия екендігін, бірақ оның өз атымен аталмайтындығын атап өтеді. Бируни сондай-ақ Құран кәрімде айтылған су тасқынына байланысты көптеген зерттеулер жүргізген[3].

«Араб ғалымы» атанып кеткен, Бұқарада туып-өскен Ибн Сина да өз кезіндегі ілімдерге үлес қосқан. Әртүрлі деректерге қарағанда, Ибн Сина 450-дей шығарма жазған, соның бізге дейін жеткені 240-тайы ғана. Бұл еңбектерінің ішінде «Дәрігерлік ғылымның қағидалары» деген кітабы өз заманында-ақ оған әлемдік абырой әкелді. Өйткені бұл кітапты медицина ғылымының энциклопедиясы десе де болғандай. Осы қағидалар жинағы Азия мен Еуропа елдерінде 500 жылдай дәрігерлердің медициналық еңбегіне айналды.

Осы ұлы еңбектерді жазған Ибн Сина да Аллаһ тағаланың құдіретіне шек келтірмеген. Мысалы, кітаптарының басы «Алла тағаланың атымен бастаймын! Бар мадақ әлемді билеуші Аллаһқа, Оның барлық пайғамбарларына жарасады» деп басталуының өзі көп нәрсені байқатады. Атеистік бағыттың бір қателігі – Исламның осындай ірі ғалымдарының ашқан жаңалықтарын мысалға ала отырып, олардың тек материалистік жағын ғана жақтап, дінге қатысты тұстарын жасырып, қайта дінге қарсы қоюға тырысты. Ал он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті Аллаһ тағала сол адамдарды айнала қоршаған ғаламның сырын ашуға, сөйтіп соларға ұстаздық етуді нәсіп етті.

ХІІІ ғасырда Ислам ғылымының көптеген салалары латынша аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тараған. Мысалы, әл-Фарабидің ғылыми еңбектері, музыкасы, философиясы, оптикасы, геометриясы, астрономиясы, медицинасы аударылып, кең таралған. Осыларды таратқан монах Роджер Бекон шіркеу түрмесінде 14 жыл отырған. Жалпы ғылыммен айналысқан адамдар Исламнан басқа діндерде көп қуғынға ұшырап немесе өлім жазасына кесілген. Мысалы, Италиядан шыққан физик Джордано Бруно жердің домалақтығын дәлелдеймін деп жазаға тартылып, 1600-жылы тірідей өртеледі.

Испаниялық ғалым Липель Сервет қан айналымын зерттегені үшін ХVII ғасырда отқа өртеледі. Иван Грозныйдың дәрігері адамның ішкі дене мүшелерінің құрылыстарын анықтау мақсатында өлікті сойғаны үшін өлтіріледі. Галилео Галилей жердің айналатынын дәлелдегені үшін ұзақ мерзімге түрмеде отырады.

 

[1] ХХІ ғасыр: Білім беру және руханият мәселелері: ғылыми еңбектер жинағы

[2] Морис Букаи, Тора, Евангелие и Коран в свете современных научных знаний, Москва 2000.

[3] Шейх Абд аль-Маджид аз-Зиндани, Факти относительно морей и океанов, Перевод с английского

Кулиева Руфата (Салмана) Москва 1999, 98 б.

Комментарии (0)

Только авторизованные пользователи могут оставлять комментарии! Вход на сайт