Фаджр

Восход

Зухр

Аср

Магриб

Иша

Расписание на год на месяц

ҚАДІР ТҮНІ ҚАЙЫРЛЫ МЫҢ АЙДАН ДА!

14.06.2017 4763 0 Комментарии

Он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла Тағалаға мақтау, адамзаттың асылы Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Пайғамбарымызға салауат болсын!

Ислам дінінде ең қасиетті жыл бар. Ол – Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген жыл. Қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні және тағы да басқа қасиетті күндер. Қасиетті сағат (уақыт) бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – Қадір түні. Мың айдан да қайырлы бұл түннің ерекшеліктері де жетіп артылады.

Алла Тағала Қадір түнін басқа түндермен салыстырғанда ерекшелеп, оның дәрежесін көтерген. Бұл түнде Жаратушы Иенің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Мұсылмандардың Қадір түнін тағатсыздана күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл түн туралы былай дейді:

انَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ ﴿١﴾ وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ ﴿٢﴾ لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ ﴿٣﴾ تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ ﴿٤﴾ سَلَامٌ هِيَ حَتَّىٰ مَطْلَعِ الْفَجْرِ ﴿٥﴾

«Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» (1).

ابي هريرة رضي الله عنه أن النبي صلى الله عليه وسلم قال: "من قام ليلة القدر إيماناً واحتساباً غُفِر له ما تقدم من ذنبه" خرّجه البخاري ومسلم،

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» (2), – деген риуаят бар.

عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال: دخل رمضان فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم:  إن هذا الشهر قد حضركم وفيه ليلة خير من ألف شهر من حرمها فقد حرم الخير كله ولا يحرم خيرها إلا محروم

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады» (3), – деген риуаят бар. Демек, бұл түн мың айдан артық. Сондай-ақ, Қадір түні Алланың жақсылығынан құр қалмауға тырысу керек.

عن عائشة رضي الله عنها قالت: كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يجاور في العشر الأواخر من رمضان

 Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінде келеді. «Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер» (4), – деген хадис жеткізген.

عن ابن عباس رضي الله عنهما: أن النبي - صلى الله عليه وسلم - قال: التمسوها في العشر الأواخر من رمضان ليلة القدر في تاسعة تبقى في سابعة تبقى في خامسة تبقى

Сондай-ақ, Ибн Аббастан (р.а.): Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер» (5), – деген риуаят бар. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, ол 20-сынан 21-іне, 22-сінен 23-іне, 24-інен 25-іне, 26-сынан 27-сіне, 28-інен 29-ына қараған түннің бірінде келмек. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу.

Сондықтан, мұсылман қауымы көп жағдайда осы түнді күтеді, іштей Қадір түні екенін сезінеді. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде Қадір түні Рамазанның 27-cі немесе 29-ы екенін айтқан.

عن عبادة بن الصامت رضي الله عنه قال: خرج النبي صلى الله عليه وسلم ليخبرنا بليلة القدر فتلاحى رجلان من المسلمين فقال: خرجت لأخبركم بليلة القدر فتلاحى فلان وفلان فرفعت وعسى أن يكون خيراً لكم فالتمسوها في التاسعة والسابعة والخامسة

Қадір түні ‒ оның нақты қай түні екені белгісіз болуымен де қадірлі. Қадір түнінің бар екендігі хақ. Бірақ ол Рамазанның соңғы тақ түндерінің біріне жасырылды. Осыған қатысты Ғұбада ибн Самит: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін хабарлауға шықты. Осы кезде екі мұсылман кісі жанжалдасып қалды. Сонда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Негізінде, сендерге Қадір түнін айтқалы шығып едім, пәленше мен пәленше жанжалдасып (тұрғанын көріп), (ол) есімнен көтеріліп кетті (оны ұмытып қалдым). Бәлкім, бұл сендерге қайырлы болар, (енді Қадір түнін) жетісінде, тоғызында немесе бесінде (Рамазанның соңғы ондығының жетінші, тоғызыншы және бесінші түндерінде) іздеңдер»,—деді» (6).

Хадистегі «қайырлы болар» деген сөз туралы Ибн Кәсир: «Егер адамдар Қадір түнін білсе, тек сол күні ғана құлшылық етуге күш-жігер салар еді. Ол түнді білмеудің себебінен құлшылықтар көбірек орындалуда», ‒ деген екен.
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де Рамазанның соңғы он күндігінде ерекше ынтамен құлшылықты күшейтетін болған. Бұл туралы `Айша анамыздың «Рамазанның соңғы он күндері келгенде, Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түндерін намазбен өткізетін, отбасы мүшелерін де оятатын және құлшылықтарында ерекше ынта танытатын» (7), ‒ деп айтқан. Жалпы адам баласы осы ең соңғы түндерде ерекше құлшылық істеуге тырысу керек.

Рамазан – қасиетті ай. Осынау қасиетті айдағы қасиетті түн – Қадір түні. Алла Тағала Құран Кәрімді Қадір түнінде түсірген. Жалпы, бұл түн неліктен Қадір деп аталады? Ислам ғалымдары оның бірнеше мағына беретіндігін айтқан.

Бірінші мағынасы – Құран Кәрім түскен түн.

انَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ

Алла Тағала «Қадір» сүресінің 1-аятында: «Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) Қадір түні түсірдік» дейді. Демек, оның алғашқы мағынасы – қасиетті кітап түсірілген түн. Сондықтан ол түн қадірлі, сауабы мол болып тұр. Құран Кәрім кітабы - Алланың сөзі, адамдарды дұрыс жолға бастайтын және екі дүниенің бақытына жеткізетін кітап. Құран Кәрім жаратылмаған.

Екінші мағынасы – құрметті, ардақты. Неліктен бұл түн құрметті һәм ардақты? Себебі, бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Алла Тағалаға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, Жаратушы Иеден жасаған қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Алла Тағала алдында құрметті әрі ардақты болады.

Үшінші мағынасы – таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» (8), ‒ деп хабар береді.

Төртінші мағынасы – ұлық түн. Баршаға түсінікті. Оны тарқата баяндаудың қажеті шамалы.  

Бесінші мағынасы – тағдыр бекітілетін түн. Алла Тағала осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі. Бұл туралы ғұлама Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Оның бұлай аталуының себебі, Алла Тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, тағы басқа үкімдерді белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафиль, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», – деген.

Ал Абдулла Ибн Аббас: «Сол түні кітаптың анасынан, яғни Ләухул Махфуздан бір жылдың ішінде кімге қанша ризық бөлінетіні, қашан қанша жаңбыр жауатыны, кімнің дүниеге келетіні, кімнің дүние салатыны, кімнің қажылыққа баратыны да жазылады», - деген.

Қадір түнінде кімдердің қажылық жасайтынына дейін жазылатыны жайлы Икрима ғалым: «Қадір түнінде бір жыл ішінде Алланың үйі ‒ Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасайтындардың есімдері әкелерінің есімдерімен қосылып жазылады», - деген.

Бұл – Қадір түнінің мағыналары. Бұдан бөлек, ерекшеліктері де бар. Енді соларға тоқталалық.

Бірінші ерекшелігі – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр.

Екінші ерекшелігі – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да.

Үшінші ерекшелігі – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», - дейді.

Қадір түніндегі ғибадаттың сауабы сексен үш жылға тең келетіні жайлы ғұлама Жазайири: «Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», ‒ деп баяндайды.

Ал Хафиз Ибн Ражаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын. Өйткені, бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» - деп айтқан («Ләтаифул-мә’ариф», 191).

Төртінші ерекшелігі – бұл түнде шайтандар болмайды. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Ибн Аббастың: «Бұл түні жындарды кісендеп, үлкен жындарды қамап тастайды» деген сөзі бар. Ал Мужаһит: «Бұл – амандық, есендік, тыныштық түні. Бұл түні шайтандар адамдарға тыныштық береді. Олар адамдарға жақындамайды, азғырып, тура жолдан тайдыра алмайды», - деген.

Бесінші ерекшелігі – періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі. «Қадір» сүресінің 4-аятында:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Ол кезде Раббыларының қалауымен Оның әрбір әмірі үшін періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі» делінген.

Алтыншы ерекшелігі – бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады.

Жетінші ерекшелігі – бұл түн мүбәрак кеші, яғни береке кеші. Алла Тағала «Духан» сүресінің 3-аятында:

"إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ

«Біз Құран Кәрімді мүбәрак болған түнде түсірдік» дейді.

Сегізінші ерекшелігі – күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім де кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылықы ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» (9), - деген.  

Тоғызыншы ерекшелігі – бір жылдық тағдыр жазылады. Кімде кім бұл түннің мол сауабынан құр қалатын болса, ол барлық жақсылықтан ада қалды деп есептелінеді. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

فعن أبي هريرة - رضِي الله عنه - قال: كان النبي - صلَّى الله عليه وسلَّم - يُبشِّر أصحابه بقدوم رمضان فيقول: ((قد جاءكم شهر رمضان، شهرٌ مبارك كتب الله عيكم صِيامَه، فيه تُفتح أبواب الجِنان وتُغلق فيه أبواب الجحيم، وتُغَلُّ فيه الشياطين، فيه ليلةٌ خيرٌ من ألف شهر، مَن حُرِمَ خيرَها فقد حُرِمَ)).

«Сендерге Рамазан айы келді. Ол - мүбәрак ай. Алла Тағала сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады» (10), - деген.

Қадір түнінің белгілері қандай?

Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар. Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы: «Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», - деп сипаттағаны риуаят етілген. (11). 

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:

Бірінішіден, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.

Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.

Үшіншіден, Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.

Төртіншіден, Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуыға тиістіміз.

Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру  керек. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.

Алтыншыдан, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.

Жетіншіден, Алланы зікір етіп, тефеккур (терең жақсы ойлану) етіп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады.

Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын нәзік тефеккур (жақсы терең ойланып) етіп, иманымызды күшейтуіміз қажет.

Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр».

Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.

Оныншыдан, Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей!

 

Жолдас қажы ҚОСПАҚҰЛЫ,

Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы

 

خُطْبَةُ الْجُمُعَةِ

اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ الَّذِي هَدَانَا لِلْإِيمَانِ وَالْإِسْلاَمِ. وَجَعَلَنَا مِنْ أُمَّةِ مُحَمَّدٍ عَلَيْهِ الصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ. وَفَضَّلَ الْجُمُعَة عَلَى سَائِرِ الْأَيَّامِ. كَمَا جَاءَ فِى الْأَخْبَارِ أَنَّ الْجُمُعَةَ حَجُّ الْمَسَاكِينِ وَسَيِّدُ الْأَيَّامِ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إلاَّ اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ شَهَادَةً مُوصِلَةً إِلَى دَارِ السَّلاَمِ. وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ سَيِّدُ الْأَنَامِ. صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الْبَرَرَةِ الْكِرَامِ. خُصُوصًا مِنْهُمْ عَلَى أَبِي بَكْرٍ الصِّدِّيقِ وَعُمَرَ الْفَارُوقِ وَعُثْمَانَ ذِى النُّورَيْنِ وَعَلِىٍّ الْمُرْتَضَىۤ أَئِمَّة. رِضْوَانُ اللهِ تَعَالَى عَلَيْهِمْ أَجْمَعِينَ. أمَّا بَعْدُ. أَيُّهَا النَّاسُ أُوصِيكُمْ عِبَادَ اللهِ وَنَفْسِيَ أَوَّلاً بِتَقْوَى اللهِ.

أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ. بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ.

انَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ  وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ  لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ  تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ  سَلَامٌ هِيَ حَتَّىٰ مَطْلَعِ الْفَجْرِ

صَدَقَ اللهُ الْعَظِيمُ

 

Алла Тағала «Қадір» сүресінің 1-5 аяттарында:

«Біз шынында, Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» – деп баяндаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال: دخل رمضان فقال رسول الله صلى الله عليه وسلم:  إن هذا الشهر قد حضركم وفيه ليلة خير من ألف شهر من حرمها فقد حرم الخير كله ولا يحرم خيرها إلا محروم

 Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады»  – деген. (Ибн Мажаһ).

Құрметті жамағат! Алла Тағала күнәларымызды кешіріп, Оған шынайы иман келтірген құлдарының қатарынан етіп, жәннатын нәсіп еткей! Әмин!

بَارَكَ اللهُ لَنَا وَلَكُمْ فِى الْقُرْآنِ الْعَظِيمِ. وَنَفَعَنَا وَإِيَّاكُمْ بِالْآيَاتِ وَالذِّكْر الْحَكِيمِ. إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ. اَلْجَوَادُ الْكَرِيمُ الْعَلِىُّ الْعَظِيمُ السَّمِيعُ الدُّعَاءِ.

Қысқа отырыстан кейін:

 

اَلْحَمْدُ للهِ نَحْمَدُهُ وَنَسْتَعِينُهُ وَنُؤْمِنُ بِهِ وَنَتَوَكَّلُ عَلَيْهِ. وَنَعُوذُ بِاللهِ مِنْ شُرُورِ أَنْفُسِنَا وَمِنْ سَيِّئَاتِ أَعْمَالِنَا مَنْ يَهْدِ اللهُ فَلاَ مُضِلَّ لَهُ. وَمَنْ يُضْلِلْ فَلاَ هَادِيَ لَهُ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إلَهَ إِلاَّ اللهُ وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ. وَارْحَمْنَا مَعَهُمْ وَاحْشُرْنَا مِنْهُمْ بِرَحْمَتِكَ يَا أَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
  1. Құран Кәрім, «Қадір» сүресі
  2. Бұхари
  3. Ибн Мажаһ
  4. Бұхари, Мүслім, Термизи
  5. Бұхари, Мүслім
  6. Бұхари
  7. Бұхари, Муслім
  8. Ибн Хузайма
  9. Бұхари
  10. Ахмад, Насаи
  11. Ахмад, Тафсир Ибн Кәсир

Комментарии (0)

Только авторизованные пользователи могут оставлять комментарии! Вход на сайт