Рамазан айы – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниенің бақытының кілтін ашатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбарак айымыз. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметі мен қайталанбас күнге толы нығметін алып келеді. Рамазан – арабшадан аударғанда түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Бұл айдың абзалдығы жайында Құран аяттары және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистері бар.
Рамазан айын ораза тұту парыз болғанға шейін мұсылмандар әр айдың ортасында үш күн және Ашура күні ораза ұстайтын болған. Ораза негізі алдыңғы үмметтерге де парыз болған. Медине қаласына һижрат қылып келгенде Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) яһудилердің Ашура күні ораза ұстап жүргендерін көріп, себебін сұраған. Сонда яһудилер осы күні яғни Ашура күні Алла Тағала Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) перғауыннан құтқарған, сол үшін шүкір етіп ораза ұстаймыз деген. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Сахабаларына «Мұса бізге лайық сондықтан осы күні ораза ұстаңдар», – дейді. Рамазан айы парыз болғанға дейін сахабалар Ашура күнін оразамен өткізген. Ислам діні қазақ даласына келгеннен бабаларымыз Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Оған дәлел ретінде ораза айы таянғанда әр үйге барып жарапазан айтып, бір-бірін үйлеріне шақырып ауызашар беріп, сауабын аламыз деп ораза ұстаған адамның сәресін даярлап, қызмет қылатын болған.
فإن الصوم متميز بخاصية النسبة إلى الله تعالى من بين سائر الأركان؛ إذ قال الله تعالى فيما حكاه عنه نبيه صلى الله عليه وسلم: (( كُلُّ حَسَنَةٍ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ، وَالصَّوْمُ لِي، وَأَنَا أَجْزِي بِهِ ))
أحمد الترمذي
Шындығында ораза басқа негізгі ғибадаттарға қарағанда Алла тағала алдында өзіндік ерекшелікпен дараланады. Себебі, Алла тағаладан Оның Нәбиі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) біздерге баяндағандай «Әрбір жақсылық оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді. Ораза болса Мен үшін оның сауабын Өзім беремін» (Ахмад, Тирмизи).
Құран Кәрімнің Зумар сүресінің 10-шы аятында «Сабыр қылушылар сауаптарын есепсіз алады», – деген. Ораза сабырлықтын жартысы болады, сауабы есептеуге келмейді. Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُون
«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді. Алла елшісінің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):«Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Алла тағаладан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Оның құлы, әрi Елшiсi», – деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау», – деген хадисі оразаның Исламның бес негізгі тірегінің бірі екенін көрсетеді («Сахихүл-Бухари»).
Бізді жоқтан бар еткен Алланың бізге парыз еткен бұйрықтарында көптеген нығмет бар. Адамның жаратылысы ең кемел жаратылыс болғандықтан біздің рухымызға қажетті құндылықтарды осы ораза кұлшылығы ерекше сіңіре алады. Ғылыммен үндестік тауып, дін мен күнделікті тұрмысымыз сабақтасып жатқандықтан осы оразаның адам денсаулығына орасан зор пайдасын медицина мамандары да дәлелдеп отыр. Бірақ біз оразаны денсаулыққа пайдасы болғандықтан ғана емес, Алланың бұйырған парызы және пенденің негізгі ұлы міндеті ретінде ұстанамыз. Әсіресе рухани тұрғыда алар болсақ, адам баласының ішкі дүниесінің кемелдік дәрежеге жетуіне көптеген игі әсері бар. Қазіргі таңда озық технологияны меңгердік деп дабыл қаққанымызбен, онымен мінез-құлықтың көркемдігіне қол жеткізе алмаймыз. Көңілді кірбің шалатын, сананы тұрмыс билеп кететін кезеңдерді кездестіріп жатамыз. Ашушаңдық пен бойкүйездік, сабырсыздық пен қанағатсыздық, сараңдық пен қызғаныштық секілді болмысымызды бұзатын әдеттердің жат екенін білсек те адамзат баласы бой алдырып жатады. Ең ұрымтал тұсты пайдаланып ұтымды тәрбие беретін оразаның негізгі мәні де осында жатыр. Кеңінен алып қарайтын болсақ, «мен, мен, мен» деп толықсып тұратын нәпсімізге ораза кезінде адамға өзінің кім екендігін танытады.
Имам Бухари және Муслим риуаят қылған хадисте Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) шындығында жәннаттың Раян атты есігі бар, ол есіктен қиямет күні тек ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім ол есіктен кіре алмайды. Ораза тұтқандар қайда деп дауыс естігенде олар орындарынан тұріп кіреді, кіріп болғаннан кейін есіктер жабылып басқа ешкім ол есіктен кіре алмайды.
وهو موعود بلقاء الله تعالى في جزاء صومه، قال صلى الله عليه وسلم لِلصَّائِمِ فَرْحَتَانِ فَرْحَةٌ عِنْدَ فِطْرِهِ وَفَرْحَةٌ عِنْدَ لِقَاءِ رَبِّهِ متفق عليه.
Ораза ұстаған адамға Раббымызбен жүздесу уәдесі берілген, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрәк хадисінде ораза ұстаған адам екі рет қуанады деген. 1-сі ауыз ашқанында, 2-сі Алланың дидарын көргенде. Сәжде сүресінің 17 аятында
فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُو
«Адам амалы үшін берілетін қандай сый барын білмейді». Осы аятты тәпсірлеген кейбір ғалымдар, сол сыйға жеткізетін амал ораза деген. Себебі Зумәр сүресің 10- аятында «шындығында сабыр қылғандар сауаптарын есепсіз алады», – делінген.
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ
Ораза ұстаған адамдардың дәрежесі болады. Жалпы адамдардың оразасы, Алладан қорқынышы артық болған тақуалардың оразасы және тандаулы құлдарының оразасы. Жалпы адамдардың оразасы – тамақ. Су ішпей нәпсісін тыю. Тақуа адамдардың оразасы ол тамақ жемеу, нәпсісін тыюдан басқа құлақтарын, көздерін, тілдерін, қолдарын, аяқтарын жәнеде басқа ағзаларын жаман істен сақтау. Сол себепті Әбу Суфиян: «ғайбат оразаны бұзады», – деген.
Таңдаулы адамдардың оразасы дегеніміз, олар өздерінің жүректерін және ойларынада жаман ой кіргізбей, Алладан басқа зат ойламайды. Кейбір ғұламалар «Қанша адам оразамын деп жүр, бірақ ауыздары берік емес, қанша адам ораза емеспін десе де, бірақ ауыздары берік», – деген. «Оразамын» – деп аузы ашық болғандар олар күнә істеп шөлдеп ашығып жүргендер. Ораза ұстамай ораза болғандар тамақ су ішіп жүрседе, ағзаларын күнәдан тыйғаны үшін ораза деп аталған. Оразаның ен абзалы Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Абдулла ибн Әмірге айтқаны. Абдулла ибн Әмір көп ораза ұстайтын болған. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) : «Бір күн ораза, екінші күні бекітпе бұл Дәуідтің (ғ.с.) оразасы дейді. Мен оданда артық ұстай аламын дегенде, ең жақсы ораза осы» – деп Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тоқтатады.
Аштықтан денеміз әлсірегенмен, рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп түсінеді. Өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлайды. Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Тіпті адамды «Ихсан» дәрежесіне көтереді. Жанында ешкім болмаса да, өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Өз дегенімен жүргісі келетін нәпсіге нені қаласа да ақырын жүріп анық басуды үйретеді. Сабырлық пен ұстамдылық, шынайылық пен тұрақтылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік секілді құндылықтарды жинақтай отырып, Алланың кемел жаратқан пендесіне лайықты болуға жетелейді. Кемелдік шыңы өзіңді өзің тану. Өзін таныған адам бұл дүниеге келу мақсатын ұғынады. Мансап пен абырой, атақ пен даңқ, байлық пен мал дүние негізгі мақсат емес екендігін, адамның өзімен бірге мәңгі болатын «иман» байлығының бақытын мықтап еске салатын да осы ораза. Адамдар көп жағдайда мәңгілік немесе өмір бойы деген сөзді көп қолданады. Мысалы, мәңгілік бірге болуды жазсын, өмір бойы бұл жақсылығыңды ұмытпаймын деген сияқты. Себебі, біздің рухымыз мәңгілікті аңсайды екен. Сол аңсары ауып тұратын мәңгілікке деген құштарлық істерді бұл дүниелік мақсатқа ғана емес, ахиреттік амалдарға жаратуды да осы ораза қалыптастырады.
Ораза тұтушы аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен қатар, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Бұл дегеніміз – «судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін түсіндіреді. Сонымен қатар, ауыз ашар мезгілде құдды бір ыждағаттылықпен дәл уақытты күтуде де сабырлықтың нағыз үлгісін ұстанады. Қолбасшыдан бұйрық күткен қатардағы әскер секілді әлемдердің Раббысының рұқсат еткен уақытына тиянақтылық танытады. Демек, ораза айында сан қырлы сынақтарды (шөліркеу, аштық, ашуды жеңу, нәпсінің қалауы) бастан өткеріп, Жаратушымыздың ерекше сыйына қол жеткізу үмітін үкілейді. Ең ауыр дерт адамның ішкі жан дүниесінің бұзылуы болып табылатындықтан, осы рухани дерттердің емшісі ораза екендігін ораза ұстаған пенде жақсы біледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде айтқандай: «Шынайы мұсылман тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам» болып қалыптастыратын ораза бізге берілген үлкен мүмкіндік.
Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!
Б.Өмірзақ,
Қарағанды облысының өкіл имамы
Комментарии (0)
Только авторизованные пользователи могут оставлять комментарии! Вход на сайт