Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САФАР АЙЫНДА ТОЙ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 21.08.2023 1147 0 пікір
САФАР АЙЫНДА ТОЙ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

Кейбір адамдардың «сафар айында үйленуге, той жасауға, алыс жолға шығуға болмайды» деген сөздерін жиі естіп қаламыз. Олардың айтуынша, мұндай істер соңында сәтсіздікке ұшырауы мүмкін екен. 

Шариғатымызда «сафар айында той жасауға болмайды» деген үкім жоқ. Сондай-ақ діни дереккөздерде сафар айының қасиетсіз ай екені туралы мағлұмат кездеспейді. Қайта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауру жұқпайды, байқұстың зияны жоқ, жұлдыз сөнуде қауіп-қатер жоқ және сафар айында ешқандай ырым жоқ», – деп айтты (Мүслим, Әбу Дәуіт).

Алла Тағала Құранда: «Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады», – деді («Тағабун» сүресі, 11-аят). Сондықтан тағдырға иман келтірген мұсылман адам өмірдегі жақсылық пен жамандықтың барлығы Алла Тағаланың қалауымен болатынына сенеді. 

Дінімізде негізі жоқ бос ырымдарға ермейді. Керісінше Ислам тарихында бұл айда түрлі өнегелі жұмыстар жүзеге асты, мұсылмандар бұл айды «сафарул-хайр» (хайырлы сафар) деп атады. Бұл ай көптеген хайырлы, ізгі істердің бастамасына себеп болды. Мысалы, Мәдина қаласындағы Пайғамбар мешітінің құрылысы бірінші һижри жылдың сафар айында басталды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осы айда сапарға аттанып, Хайбар қамалын фатх етті (жеңіп алды). Пайғамбарымыз дәл осы айда Хадиша анамызға үйленді, екінші һижри жылдың сафар айында өзінің сүйікті қызы Фатима анамызды хазіреті Әлиге (Алла оған разы болсын) ұзатты.

Алайда әрбір күн Алла Тағаланың күні болып есептеледі. Онда жақсылық та, жамандық та жазылған болуы мүмкін. Расында адам баласының ғибадат етіп, сауапты істермен өткізген күндері мен айлары құтты әрі жеңісті болмақ. Ал күнә мен жамандық істеген күндері ол үшін зая әрі сәтсіз болып қалмақ.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №18, 2021 жыл 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру