Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

GENDER PARTY ӨТКІЗГЕН ДҰРЫС ПА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 14.12.2021 4238 0 пікір
GENDER PARTY ӨТКІЗГЕН ДҰРЫС ПА?

Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Соның бірі – gender party, яғни аяғы ауыр келіншек немесе отбасының жақын достары құрсақтағы шарананың жынысын болашақ әкесіне сүйіншілеп, тосынсый жасауы.

Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесін, яғни баланың жынысы туралы мәліметті қолына алған әйел оны түрлі әдіспен білдіре алады. Жағымды жаңалық шардың түсі, тәтті торттың түсі немесе қорапқа жасырылған басқа да атрибут арқылы жеткізілуі мүмкін. Нарықта бұл кешті арнайы ұйымдастырып беретін қызмет түрлері де бар.

Құран Кәрімде: «Алла әрбір ұрғашы жыныстың не көтергенін, құрсақтардың нені кемітіп, нені арттыратынын, нені түсіріп (яғни түсік тастап немесе ай-күні толмай босанатынын), нені мерзімінен асырып жіберетінін толық біледі. Оның құзырында барлық нәрсе өлшеулі», – делінген («Рағыд» сүресі, 8-аят).

Бүгінде құрсақтағы баланың жынысын ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтауға мүмкіндігіміз бар шығар. Бірақ алдағы уақытта оның дүниеге қалай келетінін, сосын қалай өмір сүретінін Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайып (құпия заттың) кілті бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не болатынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлетінін, Қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді», – деген (Бұхари). Сондықтан алдын ала қуанып, тумаған балаға той жасау әбестік болып есептеледі.

Екіншіден, шариғатымызда айтылмаған, дінімізде бұйырылмаған істі істеу арқылы бидғатқа (күнәға) жол ашады. Үшіншіден, босқа мал шашып пайдасыз жиын өткізсе, ысырап жасаған болады. Төртіншіден, дінсіз қоғамның әдетін ұстанып, соларға еліктеу адамды адасушылыққа алып барады. Бесіншіден, қазақтың ғұрып әдетінде аяғы ауыр келіншек барынша көз-тілден сақтанған және өзінің жағдайын жария етуді ұят санаған.

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №20, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру