Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАНДЫҚ МАЛЫНЫҢ ТЕРІСІН САТУҒА БОЛА МА?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі fatua.kz 10.06.2024 2269 0 пікір
ҚҰРБАНДЫҚ МАЛЫНЫҢ ТЕРІСІН САТУҒА БОЛА МА?

Жауап: Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, ішкі ағзаларын және мүйізін сату дұрыс емес. Кімде-кім құрбан малының аталмыш бөлшектерін сатса, құны кедейлерге садақа ретінде беріледі [1].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 مَنْ بَاعَ جِلْدَ أُضْحِيَّتِهِ فَلَا أُضْحِيَّةَ لَهُ

«Кім құрбандығының терісін сатса, оның құрбандығы есептелмейді»[2] деген. Құрбандыққа шалынған малдың терісін сату дұрыс болмаса, онда етін де сатуға болмайды деген сөз.  

 «Тәбину әл-хақайық» атты кітапта: «Ол екеуін (терісі мен етін) садақа ету мақсатында сататын болса рұқсат. Өйткені ол да терісі мен етін садақа еткенмен тең. Ал Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім құрбандығының терісін сатса, онық құрбандығы есептелмейді» деген хадисі сатудың мәкруһ екендігін білдіреді»[3], – делінген.

«Әл-Хуласа» атты кітапта былай келген: «Құрбандық етін сатып, ақшасын садақа етуді қалаған адам, олай істемеген дұрыс. Өйткені ол құрбандықты тек өзі жеуі немесе басқаларға беруі керек»[4].

 Осыған орай, құрбан шалушы малдың етін де, терісін де сатуына болмайды. Сатқан жағдайда ақшасын садақа етіп жібереді. Алайда құрбандық шалушы малдың терісін өзі пайдаланбаса немесе басқа біреуге садақа етіп беруге де мүмкіндігі болмаса, онда оны сатып ақшасын садақа етеді. Сатуға да ыңғайы келмесе, жерге көміп тастайды. Өйткені шариғатымызда пендеге шамасы келгенді ғана жүктейді. Ал құрбандық етін, ақшасын садақа ету мақсатымен болса да, сатпағаны жөн. 

 

«Құрбандық пәтуалары» кітабынан

 

[1] «Бәдаиу әс-санайығ», 5/80.

[2] Бәйһақи, 9/294.

[3] «Тәбину әл-хақайық шарху кәнзи әд-дәқайық», 6/486.

[4] «Радду әл-мухтар», 9/475.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру