Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗӘМЗӘМ СУЫ НЕ ҮШІН ҚАСИЕТТІ?

Медет Құрмашұлы muftyat.kz 04.07.2023 5695 0 пікір
ЗӘМЗӘМ СУЫ НЕ ҮШІН ҚАСИЕТТІ?

Зәмзәм – Ибраһимның (оған Алланың сәлемі болсын) ұлы Исмайылдың (оған Алланың сәлемі болсын) шөлін қандыруы үшін Алла Тағаланың зәмзәм құдығынан шығарған суы. Зәмзәм суының шығу тарихы да осы жерден басталады.

Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар Алланың бұйрығы бойынша әйелі Ажар анамыз бен ұлы Исмайылды шөл далада қалдырады. Біраздан соң сәбидің қарны ашып, шөлдеп жылай бастайды. Ажар анамыз су іздеп, Сафа мен Мәруа төбешіктеріне шығып Аллаға дұға етіп, әрі-бері жеті рет жүгіреді. Сол уақытта Алла Тағала Жәбірейілді (оған Алланың сәлемі болсын) жібереді. Ол зәмзәм құдығының орнын қанатымен ұрады, сол жерден су атқылап шыға бастайды. Осылайша зәмзәм құдығы пайда болады.

Бұл құдық қасиетті Мекке қаласында Қағбадан оңтүстік-шығысына қарай қара тасқа (Хажар ул-Асуад) қарама-қарсы орналасқан. Зәмзәм сөзінің бірнеше тілдік мағынасы бар. 

Біріншіден, «зәмзәм» сөзі «көп» деген мағынада. Яғни бұл құдықтың суы көп болғандықтан, ол «зәмзәм» деп аталған. Қаншама жылдан бері Қағбаға тауап етіп келген қажылар бұл суды ішіп қана қоймай, еліне алып кетіп жатса да азайған емес. Әрі зәмзәм суы қияметке дейін таусылмайды. Табиғин дәуірінің үлкен ғұламасы Даххақ ибн Музахимнен келген риуаятта: «Қиямет жақындағанда барлық тұщы сулар жерге сіңіп жоқ болады. Тек зәмзәм суы ғана қалады», – деген.

Екіншіден, «жинал», «тоқта» деген мағынаны білдіреді. Яғни Ажар анамыз жерден тоқтаусыз шығып жатқан суға «зәм, зәм», яғни «тоқта, тоқта» деп қолымен тоқтатуға, жинауға әрекеттенгенде су баяу аға бастаған. Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Бұлақты Ажар қолымен бүркемелеп тоқтатпағанда, су жайылып, жан жағын алып кетер еді», – деген.

Алла Тағала зәмзәм суына ерекше қасиеттер дарытып, оны басқа сулардан артық етті. Біріншіден, зәмзәм суы – жер бетіндегі жәннат бұлағы. Ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Зәмзәм – жәннат бұлақтарының бір бұлағы», – деген. Екіншіден, әлемдегі ерекше қасиетті су. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлемдегі ең жақсы су – зәмзәм суы», – деген. Сондықтан періштелер Пайғамбарымыздың жүрегін осы зәмзәммен бірнеше рет жуып, тазалаған. 

Үшіншіден, зәмзәм суы ішкен адамның қарнын тойдырады. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрбиешісі болған Умму Айман былай дейді: «Пайғамбарымыздың ешуақытта «қарным ашты, шөлдедім» деп айтқанын естімедім. Зәмзәм суын ішіп қайтатын. Ас ұсынылса, «тоқпын» деп жауап беретін», – дейді.

Төртіншіден, зәмзәм суын не мақсатта ішсе, сол орындалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зәмзәмді не мақсатта ішсең, сол болады. Ауруыма ем болсын деп ішсең, Алла Тағала саған шипа береді. Егер жәрдем тілеп ішсең, Алла саған жәрдем береді. Қарныңды тойдыру мақсатында ішсең, Алла сені тойдырады. Шөліңді басу үшін ішсең, Алла шөліңді қандырады», – деген. Имам Нәуауи бұл хадиске берген түсініктемесінде былай деген: «Кім бір қажетімен зәмзәм ішсе, оған жетеді. Ислам ғұламаларының кейбірі тәжірибе жасап, дүниедегі және ақыреттегі қажеттерін ниет етіп ішті. Алла Тағаланың қалауымен сол ниетіне жетті», – дейді. Ибн Хузаймадан (оған Алла разы болсын): «Мұндай білімге қалай жеттің?» – деп сұралғанда: «Зәмзәм суын ішкенде Алладан пайдалы білім сұрадым», – деп жауап берген.

Бесіншіден, тойып ішу екіжүзділіктен сақтайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зәмзәм суын қанғанша тойып ішу екіжүзділіктен сақтайды», – деген. Басқа хадисте: «Бізбен екіжүзділердің арасындағы белгі – олар зәмзәм суын тойғанша іше алмайды», – деген. Зәмзәм суымен дәрет алуға, ғұсыл құйынуға болады. Ал оны іш дәрет алуға, нәжісті кетіруге қолдануға болмайды.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру