Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ислам бес нәрсе үстіне құрылған. Олар – «Лә иләһа илләллаһу уә әннә Мухаммадән расулуллаһи» сөзі, намазды толық оқу, зекет беру, қажылыққа бару, Рамазан айында ораза тұту», – деген (Бұхари, Мүслим).
Исламда бұйырылған барлық парызды орындау – міндет. Алайда мұсылманның барлық ғибадатының қабыл болуы, сауап берілуі оның шын сеніміне (иманына) байланысты. Яғни Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың Алла Тағала тарапынан жеткізген нәрселерін шын жүрегімен қабылдап, намаз оқыса, ораза ұстаса, зекет берсе, қажылыққа барса және басқа да ізгі істерді істесе, дұға-тілегі қабыл болады, оған сауап беріледі. Демек барлық ізгі істің қабыл болуы – ең алдымен біздің иман етуімізге байланысты.
Алла Тағала ешбір істі марапатсыз немесе жазасыз қалдырмайды. Бұл туралы Құранда: «Ендеше, кімде-кім зәредей жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім зәредей жамандық жасаса, соның жазасын тартады», – делінген («Зәлзәлә» сүресі, 7-8 аяттар).
Алла Тағала намаз оқымағаны үшін пенденің ұстаған оразасын ескерусіз қалдырмайды, оған тиісті сыйын, сауабын береді. Жаратушы Иеміз Өзінің әділеті жайында қасиетті Құранда былай дейді: «Қиямет күні сол күнге тән дәл тартатын әділет таразыларын құрамыз да, адамдардың дүниедегі істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген іс қышаның дәнегіндей мысқалдай болса-дағы оны таразыға тартамыз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз» («Әнбия» сүресі, 47-аят).
Күніне бес уақыт намаз оқу мен Рамазан айында ораза ұстау – Ислам дінінде бұйырылған жеке-жеке ғибадаттар. Намаз оқымайтын адам да ораза ұстауы мүмкін. Бірақ намаздың қадір-қасиеті жоғары, оны орындамау үлкен күнә екенін де ұмытпаған жөн. Намаз – әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл иесіне парыз. Намаз – күніне бес рет оқылатын құлшылық. Қияметте де ең бірінші сұралатын амал – намаз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні ең алдымен пенде намаз жайында сұралады. Егер намазы дұрыс болса, құтылады әрі ұтады. Егер намазы болмаса, алданады әрі зиянға ұшырайды», – деген (Термизи, Әбу Дәуіт, Нәсаи).
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру