Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАЛИҒАТ ЖАСЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 21.09.2022 26025 0 пікір
БАЛИҒАТ ЖАСЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

Балиғат (кәмелет) жасына толу – жасөспірімнің белгілі бір жасқа жетіп, қоғам алдында өз ісіне жауап бере алатын, қоғамдық өмірге араласа алатын шағы.

Ұл мен қыздың бойы өсіп, бұғанасы қатқан, ақыл-ойы мен рухани-моральдік жағынан жетілген, өз ақылымен шешім қабылдап өмір сүретін, өзінің іс-әрекетіне, жасаған қылмысына толық жауап бере алатын, заңды некеге тұруға жеткен шағын «кәмелеттік жас», «кәмелеттік шақ» деп атайды.

Қазақстанда және көптеген мемлекетте кәмелет жасы ретінде 18 жас бекітілген. Заңға сәйкес, кәмелет жасына толған адам толықтай азаматтық құқыққа ие болып, өз ісіне жауапкершілік алады.

Шариғатта балиғат жасы ұл мен қыздың жыныстық жетілуімен байланысты. Әдетте ұл бала ұйқыдан тұрғанда поллюцияны (еріктен тыс шәуеттің бөлінуін) байқаса, қыз бала хайыз (етеккір) көрсе, сол сәттен бастап олар балиғат жасына жеткен (ержеткен, бойжеткен) болып саналады. Негізінде қыз балалар 9 жастан, ұл балалар 12 жастан өтіп балиғат жасына жетеді. Осы кезде ешбір белгі байқалмаған жағдайда, көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша 15 жасынан бастап екеуі де өзінен өзі балиғатқа толған болып есептеледі.

Сахаба Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) өзінің балиғатқа толғанын былай еске алады: «Ихтилам (мәнидің сыртқа шығуы) болған түннің ертесіне таңертең Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып жағдайымды айттым. Ол маған: «Енді әйелдердің ортасына кірме», − деп бұйырды...» (Табарани).

Олар бұл жаста өз бетінше шешім қабылдауға, шартқа отыруға құқылы, келтірген зиянды немесе жазаны өтеуге міндетті. Жетім бала осы уақыттан бастап жетімдіктен шығады. Бозбала бұл жасқа жеткенде әлсіз әке-шешесіне, қыз бауырлары мен балиғат жасына толмаған інілеріне қамқорлық жасауы тиіс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Үш адамға қалам жазылмайды (яғни мына үш адам жауапқа тартылмайды): балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға» (Бұхари). Демек бала үшін айтылған «қалам жазылмайды» деген ұстаным балиғат жасынан бастап өз үкімін жояды. Сондай-ақ балиғат жасына толған балаға бес уақыт намазын үздіксіз оқу, Рамазан айында толық ораза ұстау, қаражаты жеткен жағдайда зекетін беру, қажылыққа бару – парыз.

Қазақтың «Болатын бала он бесінде «баспын» дейді, болмайтын бала отызында «жаспын» дейді» деген сөзі де осыны меңзесе керек.

Ескертпе: ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес некеге тұратын еркек пен әйелдің толық келісімі және олардың неке жасына, яғни 18 жасқа жетуі қажет. Сондықтан үйленіп отбасы құруға ниеті бар азаматтар осы шарттарды да ескерулері керек.

 

Хасан АМАНҚҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру