Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІРЖЫНЫСТЫ ҚАТЫНАС ЖАЙЛЫ ДІН НЕ ДЕЙДІ?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 17.05.2021 8540 0 пікір
БІРЖЫНЫСТЫ ҚАТЫНАС ЖАЙЛЫ ДІН НЕ ДЕЙДІ?

Бүгінде адамды рухани тұрғыдан аздыратын әрекеттер мақсатты түрде насихатталуда. Соның бірі – біржынысты қатынас. Шариғат мұндай қатынасты ауыр күнә қатарына жатқызады.

Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы Лұт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы жасаған сұрқия іс. Алла Тағала Құранда: «Лұт сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?» – деді. «Сендер әйелдерді қойып еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине сендер шектен шыққан елсіңдер» («Ағраф» сүресі, 80-81 аяттар), «Лұтқа хикмет, ғылым бердік. Жаман істер істейтін кенттен құтқардық. Рас олар жаман бұзық ел еді» («Әнбия» сүресі, 74-аят), «Дұрысында оларға тас жаудырған боран жібердік. Бірақ Лұттың отбасын таңменен құтқардық» («Қамар» сүресі, 34-аят) делінген. Бұл аяттарда Лұт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымына түсірілген жаза жайында айтылған. Осылайша Алла Тағала шариғатқа қайшы жыныстық қатынастың жазасы ауыр болатынын ескертуде.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетім үшін ең қауіптенетін нәрсе – Лұт қауымының ісі», – деп айтқан (Тирмизи, Ибн Мәжа). Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Хайуанмен жыныстық қатынасқа түскендер Алла Тағаланың қарғысына ұшырады! Лұттың қауымы істеген істі істегендер Алла Тағаланың қарғысына ұшырады!» (Ахмад). Ер кісімен жыныстық қатынасқа түскен ер және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет жасаған болып саналады. Себебі Алла Тағала ер кісіні әйелге немесе әйелді ер кісіге ынтық етіп жаратқан. Жануарлар да сол тәрізді. Олардың еркегі ұрғашысына немесе ұрғашысы еркегіне құштар болады. Басқаша болуы табиғатқа қайшы. Бір жынысты адамдардың бір-бірімен жыныстық қатынас жасауы түрлі кеселге ұрындырады. Бұл жағдай отбасының күйреуіне, туыстық қатынастың жойылуына әкеп соғады. Адам баласы Алла Тағаланың талаптары мен тыйымдарын орындау арқылы ғана амандыққа, есендікке, қауіпсіздікке қол жеткізіп, ары мен абыройын және денсаулығын сақтай алады. Сондай-ақ адам баласы тек Алла Тағаланың айтқанын орындау арқылы ғана жаратылу табиғатына сай тіршілік ете алады.

Алла Тағала о бастан адамзатты жұп етіп, яғни ер мен әйел етіп жаратқан. Ол жайында Құранда: «...сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» («Ниса» сүресі, 1-аят), – деген. Сол секілді «Сендерді жұп-жұп етіп жараттық» («Нәбә» сүресі, 8-аят) деп айтылған. Жаратушы Иеміз ер мен әйелді бір-бірін физиологиялық әрі рухани тұрғыдан толықтыру үшін жұп етіп жаратқан. Олар бір-біріне болған сүйіспеншілік негізінде өзара одақ құруы тиіс. Бұл одақтың ең басты мақсаты – дүниеге ұрпақ әкелу. Исламның бір жыныстағы адамдардың өзара жыныстық қатынасын қабыл етпеуі осы ұғымға негізделген.

Исламда зинақорлық қандай харам болса, бір жыныстағы екі тұлғаның өзара жыныстық қатынасқа түсуі де – харам. Құранда мұндай ауытқулар «әл-фахиша», яғни «арсыздық, бұзақылық» деп айтылған. Арсыздық (фахиша) – бір жыныстағы екі адамның өзара жыныстық қатынаста болуы. Күнәға белшесінен батқан Лұт қауымына тиісті жазасы берілді. Олар көздері көр етілген халде таңға жуық толығымен опат етілді.

Адамзат тарихында Алла Тағаланың заңын, адамгершілік заңдылығын (қылмыстық кодексті) аяқ асты ететіндер қашан да болған. Дегенмен олар заңды бұзып, кейін бұл дүниеде әкімшілік немесе қылмыстық жазадан құтылу жолдарын тапқанымен, қиямет күні оларды жоқтан бар еткен Алла Тағаланың әділ сотынан құтыла алмайды. Тіпті дінсіз адамның өзі бір қылмысқа барған жағдайда ар-ұжданы алдында азап шекпей ме? Бар мәселе біреу ұялып күнәдан қайтса, ал біреу ол сезімді елемейді. Осы жағдай ол үшін қай жағынан болмасын тым қауіпті.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру