Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТОЙҒАН ҮСТІНЕ ТАМАҚ ЖЕУГЕ БОЛА МА?

Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 30.10.2020 1655 0 пікір
ТОЙҒАН ҮСТІНЕ ТАМАҚ ЖЕУГЕ БОЛА МА?

Мұсылман адам ішкен, жеген асының адал, таза болуына аса мән беруі тиіс. Шариғаттың адал еткендерін жеп, арам еткенінен тыйылып, күмәнді істерден алшақтау қажет. Себебі харам астың барлығы адам ағзасына зиян. Ал адал астың көбі зиян, азы пайдалы. Имам Ғазали: «Харам – у (заһар) іспетті, адам баласының дініне зиян келтіреді. Ал халал – дауа секілді, азы пайдалы, көбі зиян» дейді (Ихия улумид-дин, 1/236). Ендеше, тағам жеудің үкімі төмендегі жағдайларға байланысты әрқалай болады:

  1. Парыз. Яғни өліп қалмауы үшін белгілі мөлшерде тамақ жеу. Онсыз адам баласының қалыпты өмір сүруі қиындайды. Егер тамақ жемей, суды ішпей дүние салса күнәһар болады. Себебі ол өз басын қауіп-қатерге салды. Құран аяты бойынша оған тыйым салынған (Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», - деген («Бақара» сүресі, 195-аят).
  2. Мұстахаб (яғни сауап алады). Ол – намазды толық орындау үшін және оразаны жеңіл ұстау үшін біріншісінен қарағанда шамалы көбірек тамақ ішу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың құзырында күшті мүмін әлсіз мүмінге қарағанда әлдеқайда жақсырақ», – деген (Муслим, №2664). Құлшылықты орындау мақсатында әлденіп алудың өзі ғибадат саналады.
  3. Мубаһ. Ол дененің қуатын арттыру мақсатында тойғанша жеу. Бұның сауабы да күнәсі де жоқ. Алайда адал асты жеген болса да қиямет күні тиісті есебін береді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір ыдыспен құрма алып келгенде: «Сендер осыған да жауап бересіңдер» деген. Омар (р.а.): «Осы нәрседен де сұраламыз ба?» дегенде, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серт! Шыбын жаным иелігінде болған Аллаға ант етейін, қиямет күні ыстық және суық суды қолданғандарың үшін де есеп бересіңдер. Тек әуретіңді жапқан матаның, аштықтығыңды басқан бір түйір нанның және шөліңді қандырған судың жөні басқа», – деген (Ахмад, №440).
  4. Харам. Бұл тойып тұрса да, үстінен тағы жеу. Өйткені ол дүние-мүлікті шашу, ысырап ету, сондай-ақ денсаулыққа зиян болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» (Ибн Мәжә, №3349. Термизи, №2380) деген еді. Тек ертеңгі күні ораза ұстау ниетімен, әлденіп алу мақсатында немесе қонағы қысылмай астан дәм татуы үшін артығымен тамақ жеудің оқасы жоқ. Себебі қонақты ренжіту, онымен дұрыс мәміле жасамау – шариғи және адамгершілік тұрғысынан да құпталмайтын іс (Әл-ихтияр ли тәғлили әл-мухтар, 4/171).

Сондықтан тамақты тойғанның үстіне тойып жеуге болмайды. Алайда қонағы ұялмай астан алуы үшін әрі ертеңгі күні оразаға қуаттану мақсатында артығымен жеудің жөні басқа.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі