Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АРТЫҚ САУСАҚТЫ АЛДЫРУҒА БОЛА МА?

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі muftyat.kz 12.04.2022 7424 0 пікір
АРТЫҚ САУСАҚТЫ АЛДЫРУҒА БОЛА МА?

Кейбір адамдар қолы немесе аяғының бір саусағы артық болып туады. «Артық саусақ адамның бір ағзасы ма әлде негізгі жаратылысында туындаған кемшілік пе?» деген мәселеде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар.

Кейбір ғалымдар мұны адамның негізгі ағзасы ретінде санап, артық саусақты ота жасату арқылы алуға тыйым салған (Мәрдауи, әл-Инсаф, 1/125).  Өйткені оны «Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту» деп есептеген (Әли Мухиддин әл-Қардағи. Али Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 530). Алайда жумһур (көпшілік) ғалымдардың көзқарасы бойынша, адам бойындағы артық саусақты алуға рұқсат етілген. Артық саусақты алудағы мақсат – адамның табиғи жаратылысын қайта қалпына келтіру және туабітті кемістікті жою (Фиқһу ән-нәуәзил, 174).

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасын терген, әдемі көріну үшін тістерінің арасын ашқан, шашын жалғаған, денесіне сурет салған адамдарға тыйым салғанын, алайда дертке шалдыққан жаның жөні басқа дегенін естідім», – деп айтқан (Ахмад, №3945. 7/57. Нәйлу әл-әутар мин әхәдиси сәйиди әл-әхйар, 5/201. №2769).

Имам Шәукани (Алла оны рақымына алсын): «Дертке шалдыққанның жөні басқа» деген сөз аталған іс-әрекеттерді әдемі көріну мақсатында жасаса, харам болатынын білдіреді. Ал емделу мен кемістікті жою мақсатында жасалса, харам саналмайды», – деген (Нәйлу әл-әутар, 5/203).

Имам Табари (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселеге қатысты былай деген: «Әйелдің күйеуіне немесе өзге біреуге әдемі көріну мақсатында Алланың жаратқан жаратылысын (артық не кемітіп) өзгертуіне болмайды. Алайда иесіне зиян келтірсе артық саусақты алуға рұқсат етіледі» (Фәтху әл-бәри, 10/377. Умдату әл-қари, 19/125. Құртуби, әл-жәмиғ ли ахкәми әл-Құран, 5/395. Нәуауи, шарх сахих Муслим, 14/106).

Ханафи мәзһабы ғалымдарының пікірінше, бір кісі басқа біреудің артық саусағын рұқсатсыз кессе, оған «хукумәту әдл» (имамның (басшының) жарақаттауға белгіленген құны жоқ арнайы бекіткен төлем мөлшері) бекітіледі, кек алынбайды. Артық саусақтың пайдасы болмаса да, әдемі көрінбесе де, адамның бір бөлігі болғандықтан, оған құрмет ретінде осындай шешім шығарылған (Ихтияр ли тәғлили әл-мухтар, 4/320. Фәтху бәби әл-инәя, 3/361. Әл-жәуһарату ән-нира, 2/171. Радду әл-мухтар, 10/245). Егер оны иесінің рұқсатымен алса немесе туыстарының келісімімен кессе, ешқандай құн төлемейді (Фиқһу ән-нәуәзил, 174. Фәтәуа Қадихан, 3/410-411).

Фәтәуә Қадиханда: «Егер артық саусақты кесу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деген ой басым болса, оны алмайды. Өйткені өзін қауіп-қатерге итермелеген болады. Ал отаның сәтті шығуына сенімді болса, алуға рұқсат етіледі», – делінген (Фәтәуа Қадихан, 3/410-411). 

Ислам фиқһ академиясының 2007 жылы Малайзияда өткен 18-отырысының пластикалық операцияға қатысты №173 (11/18) қарарында: «Артық саусақ, саусақтың жабысып қалуы т.б. секілді тума кемістіктер адамның физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян шегуіне алып барса, зәрулікке және қажеттілікке орай, кемістікті жою мақсатында оған пластикалық ота жасауға рұқсат етіледі» делінген.

Адамның қол не аяғындағы артық саусақ иесіне зиян келтіріп, қимыл қозғалыста ауырса немесе жұмыс істеуге кедергі келтірсе, сондай-ақ оны сол қалпында қалдырған жағдайда өзгелердің оған таңырқап қарауы яки кемсітуі моральдық тұрғыдан ауыр тисе, артық саусақты алуға рұқсат етіледі. Алайда мынадай шарттар табылуы тиіс:

– Ағзаның қалыпты жаратылысынан артық болуы;

– Физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян келтіруі;

– Иесінің немесе туысының рұқсаты болуы;

– Реципиентке зиян келтірмеуі, яғни басқа дене мүшелеріне зиян тигізбеуі, қызметін әлсіретпеуі (Әхкәму жәрәхәти әт-тәжмил, 571. Али Мухиддин әл-Қардағи. Али Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 530).

Адамның кесілген дене мүшесін жерге көму – мұстахаб (Әл-Бахру әр-райх, 7/12. Әл-Мәжмуғ, 1/289. Тухфәту әл-мухтаж, 9/379. Әш-шәрху әл-кәбир, 1/104).

 

ҮКІМ:

1.Артық саусақ кемістік болып саналады. Оны төмендегі шарттар негізінде алуға рұқсат етіледі:

Ағзаның қалыпты жаратылысынан артық болуы;

Физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян келтіруі;

– Иесінің немесе туысының рұқсаты болуы;

– Саусақты кесу өзге ағзаға зиян келтірмеуі.

2. Кесілген артық саусақты аяқ баспайтын жерге көму – мұстахаб.

3. Алланың жаратқан жаратылысын әдемі көріну мақсатында өзгерту – харам.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру