Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАЛҒА АЛҒАН МҮЛІКТІ ЖАЛҒА БЕРУГЕ БОЛА МА?

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі muftyat.kz 16.09.2021 5607 0 пікір
ЖАЛҒА АЛҒАН МҮЛІКТІ ЖАЛҒА БЕРУГЕ БОЛА МА?

Жалдау – пайдаланған мүлік үшін ақы беру келісімшарты (Хашияту ибн Абидин, 9/6-7. Әл-Кәсәни. Бәдәи әс-санайғ, 5/511). Жалдау келісімшарты бойынша жалға алушы мүлікті сатуға құқығы жоқ. Себебі ол мүлікті пайдалануға ғана құқылы.

Көпшілік ғалымдар (жұмһұр) жалға алушының мүлікті иелігіне алғаннан кейін келесі тарапқа жалға беруіне (субаренда) рұқсат берген. Мүлікті қалаған бағаға жалға беруге болады (Ханафи мәзһабында жалға алушы мүлікті қаншаға жалдап алған болса, сол бағаға немесе одан аз не артық ақшаға жалға беруіне болады. Бірақ артық ақшаға берген жағдайда өзіне алмай, оны садақа етіп жібереді. Тек жалға беріп жатқан мүлікке қосымша бір нәрсені қосқан болса, сол кезде артық бағаны алуына рұқсат (Мәбсут, 15/130. Әл-фәтәуә әл-Һиндия, 4/425). Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабы негізге алатын пәтуада жалға алушы мүлікті қаншаға жалдап алса, сол бағаға немесе одан аз не артық ақшаға жалға беруіне болады. Өйткені жалдау – сауда секілді келісімшарт. Сатып алушы сатып алған нәрсесін сол бағаға немесе одан артық кем сомаға сатуға болғанындай, жалға алушыға да сол үкім жүреді (әт-Тәфриғ, 2/185. Раудату әт-Талибин, 5/256. Әл-Инсаф, 6/34. Әл-Муғни, 8/56).

Ханафи, Мәлики, Шафиғи мәзһабының ғұламалары жалға берілген мүлік қолдану барысында өзгеріске ұшырамауы тиіс деп біледі (Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 1/267. Мухтасар әт-Тахауи, 129. Әл-Фәтәуә әл-Һиндия, 4/425. Әл-Кәфи, 2/748. Тухфәту әл-мухтаж, 6/200). Оған дәлел ретінде «Мүлікті иелену мүлікті пайдалануға толық құқық береді. Сондықтан ағаштың жемісін сатуға болғанындай, мүлікті иеленіп алғаннан кейін де жалға беруге болады. Сондай-ақ саудада мүлікті меншікке айналдырғаннан кейін сатуға болғанындай, мұнда да мүлікті алғаннан кейін жалға беруге болады» (Әл-Муғни, 1/54. Әл-муһзиб, 1/403) деп келтіреді.

Алайда мүлікті алғаннан кейін жалға беруге болмайды деген ғалымдар да болған (Әл-Фуруғ, 4/445). Дегенмен оған көпшілік ғалымдар рұқсат берген. Себебі жалға алушы жалдау келісімшартымен мүлікті пайдалану құқығына иелік етеді. Сондықтан иелігіне алғаннан кейін жалдаудың ережесіне сай басқа біреуге жалға бере алады (Ал мүлікті иеленбей жатып басқа біреуге жалға беру мәселесінде имам Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф жылжымайтын мүлікке ғана рұқсат береді. Мұны саудаға қияс жасап, саудада не рұқсат болса, жалдауда да сол рұқсат, неге рұқсат болмаса жалдауда да сол нәрсеге рұқсат етілмейді дейді. Имам Мұхаммед бұған мүлдем рұқсат бермейді (Радду әл-мухтар, 9/125). Мәлики мәзһабында мүлікті қолға алмай жатып жалға беруге болады. Себебі жалдау мәселесі мүлікті қолға алу дегенге тоқтап тұрмай-ақ іске асырыла береді дейді (Әт-Тәфриғ, 2/185).

Мүлікті, пәтерді басқа біреуге жалға бергенде, жалдаушыдан не мақсатқа қолданатынын анықтау шарт емес. Себебі жалға алушы пәтерде өзі, туыстарымен тұруға немесе басқа біреуге жалға беруге, сондай-ақ өзінің жүктерін немесе өзгенің заттарын қоюға құқығы бар. Бірақ пәтердің негізгі іргетасын, қабырғасын өзгертетін құрылыс салуға, үйді тоздыруға болмайды (Әл-Кәсәни. Бәдәи әс-санайғ, 5/546).

Егер жалға алушы жалдауға алған мүлікті күнәлі іске жұмсайтын болса, онда бұл мәселе төмендегідей қарастырылады:
  1. Жалға беруші жалға алушының күнә іске жұмсайтынын білмейді. Мұндай жағдайда жалдау келісімшарты дұрыс, алған төлем ақысы халал. Бұған бүкіл ғалымдар бірауыздан келіскен.
  2. Жалға алушының күнә істейтінін нақты біледі.

Әбу Ханифаның пікірі бойынша келісімшарты дұрыс, оның есесіне алған ақысы адал. Мұнымен ол күнәһар болмайды. Күнә өз еркімен істеп жатқан жалға алушыға жазылады. Себебі жалға беруші жалға алушыға ғимаратты күнәлі істі істеу үшін арнайы тағайындап бермеген. Сондықтан жалға берушінің жалдаудың есесіне алған төлемақысы, тіпті сол күнә істің кірісінен алынып жатса да, адал болып саналады дейді. Алайда имам Әбу Юсуф, имам Мухаммад және үш имамның (Мәлик, Шафиғи, Ахмад) пікірі бойынша жалға алушының күнәлі іске пайдаланатыны белгілі болса, ондай келісімшарт дұрыс емес. Өйткені ол күнә іске жалға беріліп тұр деген пікірде» (Атия әс-Сақр, Фәтәуә дәри әл-ифтә әл-мисрия, 9/374. Әл-Мәусуғату әл-фиқһия, 1/286).

 

Үкім:
  1. Жалға алған мүлікті келесі бір тарапқа қалаған бағасына жалға беруге болады. Тек мүліктің негізін өзгертпеуі шарт.
  2. Күнәлі іске пайдаланатыны белгілі болса, кез келген мүлікті жалға беруге болмайды.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру