Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕДИТАЦИЯ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

Медет Құрмашұлы muftyat.kz 14.11.2023 2226 0 пікір
МЕДИТАЦИЯ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

Медитация (meditatio) латын тілінен аударғанда «терең, ұзақ ойлау», «пікір қылу» деген мағынаны білдіреді. Медитация туралы сөз қозғалғанда көз алдымызға ең алдымен лотос позициясында отырған монахтар елестейді. Алайда оның көрінісіне қарамай тілдік мағынасымен қарар болсақ, жалпы пікір ету, зікір ету Ислам дінінде де бар.

Алла Тағала Құранда: «Асылы, көк пен жердің жаратылысында, түн және күннің ауысуында ақыл иелері үшін, сөзсіз, белгілер бар. Алланы тұрып та, отырып та, жантайып та есіне алып және көк пен жердің жаратылысы туралы ойланып (былай дейтін): «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың. Сен Пәксің! Бізді тозақ азабынан сақтай гөр!» («Әли Имран» сүресі, 190-191 аяттар). Келесі аятта: «Бұл мысалдарды адамдарға (Алланың құдыреті туралы) ойлануы үшін келтіреміз!» – деген. Бұл аяттар Құран аяттарын терең түсіне отырып, Алла Тағаланы еске алып, ұлықтығын пікір етуге шақырады.

Алайда қазіргі таңда индуизм мен буддизмнің негізі болып табылатын медитация түрі – Ислам дініне қайшы. Өйткені онда индуизм мен буддизмнің құлшылық түрі әрі Алла Тағалаға серік қосу бар. Сондықтан шариғатымызда ондай медитация түріне қатаң түрде тыйым салынады. Сондай-ақ бұл жерде басқа қауымға еліктеу бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір қауымға ұқсаса, ол – солардан», – деген. Ислам дінінде өзге дінге еліктеп, ұқсауға болмайды.

Көбіне адамдар медитацияға күйзелістен арылып, мазасыздықты азайту, миды жүйелеу, өзіне сенімділік ояту секілді мақсатпен жүгінеді. Ислам діні мұндай мақсаттарға Алланың разылығын ала отырып жететін мынадай амалдарды ұсынады.

1. Тәфаккур (пікір ету). Тәфаккур – Жаратушының ұлылығын, құдіретін, мейірімін пікір етіп, ой жүгірту. Алла Тағаланың ұлықтығын пікір ету өте маңызды. Өйткені қазіргі таңда күнделікті өміріміз бізді үнемі дүниемен шұғылдандырады. Әр адамның жан дүниесінде бостық бар. Сол бостықты Алла Тағаланың ұлықтығын пікір ете отырып толтыру қажет. Алла Тағаланың ұлықтығын пікір ету бұл дүниеге берілуден сақтайды. Сондықтан әр парыз намазынан кейін кем дегенде бес минут тыныш отырып, Алланың ұлықтығы, бізге берген нығметтері туралы ойлап, пікірлеуіміз керек.

2. Шүкірлік ету. Аллаға шүкірлік ету қанағат пен шүкірлікке үйретіп қоймай, Алла Тағалаға жақындатады. Әрқайсымыз белгілі мөлшерде шүкірлік етеміз. Кейде бір адамдардың мүгедектігі, кедейлігі секілді нәрселерді көріп Алланың бізге бергеніне шүкір етеміз. Алайда біз Аллаға үнемі шүкірлік етуіміз керек. Омар бин Абдулазиз (Алла оған разы болсын): «Алланың нығметтері туралы ой жүгірту – ғибадаттың ең жақсысы», – деген.

3. Оңашалану. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи түсуден бұрын Хира үңгіріне барып, қоғамында болып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізетін. Пайғамбарлық келген соң әр Рамазан айының соңында он күнінде иғтикакафқа кіретін. Әрі сахабаларын да иғтикафқа отыруға шақыратын. Оңашаланған уақытта үнсіз отырған абзал. Өйткені үнсіздік арқылы адам жүрегін ести алады. Суфиян Сәури: «Үндемей, тыныш отыру – ғибадаттың ең әуелгісі» , – деген.

4. Зікір ету. Зікір ету – Алла Тағаланы ұлықтау және мадақтау сөздерін қайталау. Бұл зікірлерді көбінесе ойланбастан тез айтамыз. Зікірді ой жүгірту арқылы орындау жүректі жаман ойлардан тазартады.

5. Құран оқу. Кез келген уақытта Құран оқу. Мысалы, қиындыққа тап болсаңыз, дәрет алып, Құран оқыңыз. Құран оқу арқылы да адам рухани байып, жаман мінез, ойлардан тазарады.

Қорыта айтқанда, мұсылман адам рухани жоғарылау, жан дүниесі тынышталу, Алланың разылығына жету үшін жоғарыда аталған, шариғатымызда рұқсат етілген жолдарды ұстанғаны жөн. Ал дінімізге қайшы келетін өзге діннің құлшылық түрлеріне еліктеуге рұқсат етілмейді.

 

Медет Құрмашұлы

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру