Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАЙҒАМБАРҒА УАХИ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 28.10.2021 1108 0 пікір
ПАЙҒАМБАРҒА УАХИ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Алла Тағаладан пайғамбарларға тікелей немесе елші арқылы келетін анық хабарлар «уахи» деп аталады. Құранда Алла Тағаланың араға, Мұсаның анасына, Исаның ізбасарларына, періштелерге, жерге және аспанның жеті қабатына уахи етілгені айтылады.

Сонымен қатар Адам атадан бастап күллі пайғамбарларға(оларға Алланың сәлемі болсын)уахи келген. Бұл туралы Құранда:«Нұх және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да (Мұхаммед) уахи еттік. Сондай-ақ Ибраһимге, Исмайылға, Ысқаққа, Жақып пен оның ұрпақтарына, Исаға, Аюпқа, Жүніске, Һарунға, Сүлейменге де уахи еттік. Дәуітке Забурды түсірдік»,– делінген («Ниса» сүресі, 163-аят). Бұған қоса«Саған осы Құранды уахи ету арқылы қиссалардың ең жақсысын баяндаймыз»деп Құранның уахи арқылы түскені айтылажы («Юсуф» сүресі, 3-аят).

Уахидің қандай болатыны және қалай әсер ететіні бізге беймәлім. Ол Алла пен пайғамбар арасындағы сырлы сөйлесу халі.Кейдеуахидың шынайы түс түрінде келетіні, кейде Жәбірейіл періштенің адам кейпінде немесе өз бейнесінде келіп, уахи жеткізгені айтылады. Ал миғражда Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) перде арқылы Алла Тағаламен сөйлесіп, бес уақыт намазды, «Бақара» сүресінің соңғы екі аятын алғаны белгілі.

Айша анамыздан (одан Алла разы болсын) жеткен хадисте Харис ибн ҺишамХақ елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сізге уахи қалай келеді?» –деп сұрайды.Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кейде қоңырау үніндей боп келеді, бұл маған өте қиынға соғады, ал айтқанын ұғып алғанымнан кейін, жеңілдеп қаламын. Ал кейде періште адам кейпінде келіп тіл қатады, мен оның айтқандарын ұғып аламын»,– деп жауап береді. Айша анамыз (одан Алла разы болсын) былай дейді: «Қатты суық бір күні ол кісіге уахи келгенін және одан (уахи) ажырағанда маңдайынан суық тер шыққанын көрдім», – деген (Тирмизи).

Сенімді хадистерде «Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи келгенде, қатты күйзеліп, жүзі сұп-сұр түске айналатын. Сондай-ақ Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи келгенде басын төменеңкейтіп тұратын. Сахабалар да бастарын төмен түсіретін. Уахи келіп кеткеннен соң басын қайта көтеретін еді» делінген (Мүслім).

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі