Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Мұнара» республикалық рухани-танымдық газетінің 5 жылдығына орай «Діни журналистика және қазіргі қоғам» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді.
«Өздеріңізге жақсы таныс, дін мәселесі – күрделі де нәзік тақырып. Сондықтан бұл тақырыпты қаламына арқау еткен журналист байсалды да байыпты, сауатты да тәжірибелі болуы тиіс. Әйтпесе қате діни ақпарат немесе қате пікір қоғамды дүрбелеңге салуы ғажап емес. Оған біз куә болып жүрміз.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Аузынан бір сөз шықса болды, алдында бақылаушысы дайын» деген болатын. Сондықтан адам баласы, соның ішінде халыққа ақпарат тарататын журналистер қауымы сөйлеген сөзіне, жеткізген ақпаратына байыппен қарауы керек деп ойлаймын. Себебі бір ауыз сөзбен елдің ықыласына бөленуге болады. Немесе керісінше, бір ауыз сөзімен сүрініп кетуі де ғажап емес.
Мұны айтудағы себебіміз – сөз ұстаған, қаламның қасиетін ұғынған жандар дін тақырыбын қозғарда аса сақ болуы тиіс. Өйткені адамның сенімі – оған қайрат беретін күш әрі пенденің ең әлсіз тұсы. Ал біреудің сенімін қорлаудан артық қиянат жоқ. Сол секілді бір адамның жеке басына тиісу, діни сенімін мансұқтау, абыройын төгу секілді мәселелер ешкімге абырой әпермейді. Әрине, ақпарат алаңында түрлі кереғар пікірлердің, пікірталастардың болғаны дұрыс. Алайда пікірталастың өзі байыппен, өз әдебіне сай болғаны абзал» деді ҚМДБ Төрағасы.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру