Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИМАМДАР ФОРУМЫНЫҢ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 29.05.2023 3960 0 пікір
ИМАМДАР ФОРУМЫНЫҢ ҮНДЕУІ ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында өткен V республикалық имамдар форумының үндеуі қабылданды. Үндеуді ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров оқып берді.

«Біз, дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшелері, «Имам – ізгі қоғам жаршысы» V Республикалық имамдар форумының қатысушылары форумда қабылданған «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қажының рухани келбеті» құжаттарын бірауыздан қолдаймыз.

Форумда қабылданған құжаттарды ыждаһаттылықпен ел арасында, жамағат ішінде насихаттау аса маңызды іс деп санаймыз. Діни және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, діни құлшылықтарды шариғат талабына сай атқару ісінде, діни рәсімдерді бірізділікпен өткізуде дін қызметкерлерінің рөлі мен жауапкершілігі аса зор деп білеміз. Осы ретте төмендегідей ұсыныстарды қолдауға үндейміз:

Біріншіден, ата-бабаларымыздан келе жатқан діни және ұлттық құндылықтарды ел арасында белсенді түрде насихаттауға.

Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде бес уақыт намаз, екі айт, қасиетті жұма және тарауық намазы сынды құлшылықтарды бірізділікпен өткізуге, жамағат арасында түсініспеушілікке жол бермеуге және бабалар салған діни мектепті дамытуға.

Үшіншіден, бес парыздың бірі қажылық құлшылығын өтеп келген отандастарымызды қоғамда көркем мінезімен, өнегелі істерімен үлгі көрсетуге және қажы деген құрметке лайықты болуға шақырамыз» делінген үндеуде.

Айта кетейік, форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру