Бүгін елордадағы Ұлттық музейінің кітапханасында «Қазақстанның киелі географиясы кеңістігіндегі дәстүрлі шырақшы институтының орны мен рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Жиынды Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырды.
Ғылыми-практикалық дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұы, «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, дінтанушы, ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгеруші Кеңшілік Тышқан, тарих ғылымының докторы, профессор Мақсат Алпысбес, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, сондай-ақ басқа да ғалымдар, этнографтар, дінтанушылар, дін қызметкерлері, шырақшылар қатысып, пікір алмасты.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы аталмыш дөңгелек үстел басында барлық пенденің негізгі мақсаты бес: дін, дәстүр, тіл, тарих, жер құндылықты жоғалпау екенін ашып айтты. «Осы бес асыл құндылыққа махаббат қойған жан ең жақсы азамат болады. Біз мұсылман қазақ еліміз. Алғашқы пайғамбар Адам атадан соңғы Пайғамбар Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оған ерген барлық сахабаларды құрметтеп мойындаймыз. Сонымен бірге барлық әулиелерді, би-шешендерімізді, батырларымызды, сұлтандарымызды құрметтейміз, зиярат жасаймыз. Біз зиярат жасап баратын өткендеріміз жайлы дұрыс тарихи мағлұмат беру, олардың өткен өмірінен өскелең ұрпақ ғибрат алатын әрекет жасауымыз керек» деді.
ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков жиынла зиярат жасаушылардың діни ғибадатына жөн сілтейтін, жауапты да сауапты қызмет атқаратын шырақшылардың білуі тиіс бірқатар мәселелерді алға тартты.
«Шырақшы алдымен діни сауатты болу қажет. Құран сүрелерін қатесіз оқитын, намаз оқитын жан болу керек. Зияратшыға дұрыс мәлімет беру үшін шырақшы сол жердің тарихы, әулиенің ақиқатқа негізделген өмірі, кесенені кім, қашан салғаны жайлы мәліметтерді, шариғат бойынша зиярат әдебін, шариғат бекіткен қабір зияраты ережесін білгені дұрыс. Одан бөлек шариғатқа қайшы келетін насихат айтпау, кесенені айналып, кірпішін сипалап жүрген зияратшыларды ондай қылықтан қайтарып, шариғатқа сай зиярат ету ережесін сақтауды үйрету, қабір басында кейбір заттарды қасиетті, киелі жердікі деп үлестірмеу, шынайы сенім және дұрыс ниетпен келген зияратшыларға шариғатқа қайшы әрекеттерді жасатпау, өз ойынан діни әңгімелер айтудан сақ болу қажет» деді Смайыл Сейтбеков.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров дөңгелек үстел қатысушыларына былтыр «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында қабылданған ҚМДБ-ның «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын таныстырды.
«Бұл құжаттың басты мақсаты – марқұмдардың басына кесене тұрғызып, қабірін зиярат етуде халыққа ортақ мәдениет қалыптастыру. Сонымен қатар өмірден озған ата-бабаларының басын зиярат етіп келуші ұрпақтарға марқұмдарға сауабы тиетін амалдарды көрсету және қауым басында мұсылмандық әдепті, мәдениетті сақтау. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қабірлерді зиярат етіңдер. Өйткені қабір сендерге қияметті еске түсіреді», – деген. Қабірге қарап, ақыретті есіне алған әр адам мазар мәдениетіне мән береді. Кесенелер айналасын таза ұстау, киелі орындарды зиярат жасаудың, Құран оқып, дұға бағыштаудың шариғатқа сай орны мен әдебін көрсету – біздің борышымыз. Сонда ғана марқұмдарға да, жалпы мұсылман қауымына да тигізер пайдасы мол болмақ» деді Батыржан Берденұлы.
Сондай-ақ жиында Қазақстан шырақшыларының қазіргі қоғамдағы орны, атқаратын рөлі мен маңызы, әлеуметтік-мәдени, діни аспектілері ерекшеліктерін анықтау бойынша тәжірибе алмасты. Еліміздегі киелі орындарды сақтау мен танымал етудің өзекті мәселелері қозғалды.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz
21.05.2021
3975
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру