
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Камалжан Тұрдыбаев Өскемен аймағында болды.
Камалжан Бекбосынұлы «Халифа Алтай» мешітінде өңірдің аудан, қала имамдарымен онлайн және дәстүрлі форматта кездесу өткізді. Жиынды ашқан Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы: «ҚМДБ-ның жанынан құрылған салттық қызмет көрсету орталығының бөлімшесі Өскемен аймағында іске қосылды. Өңір имамдарына осы орталықтың іс-қызметін жан-жақты насихаттау бағытында осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз» деп атап өтіп, бұл бағыттағы шаралар жайлы айтып өтті.
Жиында «Qamqor-Sharapat» орталығының директоры Камалжан Бекбосынұлы салттық қызмет орталығының мақсаты, қызметтік бағытын кең көлемде таныстыра келе: «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти хазіреттің бастамасымен жерлеу рәсімдерін ел көлемінде бірізге түсіру, ысырапты болдырмау, салт-санамыздың ұтымды тұстарын жаңғырту мақсатында «Qamqor-Sharapat» орталығы құрылды. Заман талабына сай мұсылманша қызмет көрсетін орталық жоралғыларды шариғат шеңберінде, салт-дәстүрге сай өткізеді. Жерлеу қызметінің жабдықтары мен бағасы айқындалып, зират тұрғызудың бірыңғай үлгісі әзірленіп, халыққа ұсынылды. Баға және жабдықтар құны қолжетімді болады» деп баяндап, қазіргі таңда қолға алынған шаруаларды талдап-түсіндірді.
Кездесуде имамдар осы саладағы мәселелерге байланысты сауалын қойды. Алдағы уақытта бұл бағытта халыққа жерлеу рәсімдері, зиярат ету және ас беру мәдениетін түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу мәселелері талқыланды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру