Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САНСЫЗБАЙ ҚҰРБАНҰЛЫ АҚТӨБЕДЕ ҮШ КҮНДІК СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 11.03.2021 3097 0 пікір
САНСЫЗБАЙ ҚҰРБАНҰЛЫ АҚТӨБЕДЕ ҮШ КҮНДІК СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

Бас мүфти бекіткен жоспарға сай, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы Ақтөбеде 3 күндік сапарда болып, түрлі кездесулер өткізді. Ақтөбе облыстық өкілдігі ұйымдастырған іс-сапардың күн тәртібінде оқыту семинарлары, уағыз-насихат пен түсіндіру жұмыстары және жамағаттың күрделі сауалдарына жауап беру де қамтылды.

Бөлім басшысы алдымен «Ақтөбе» медресе-колледжі шәкірттеріне Ихсан ілімі аясында оқыту семинарын өткізді. Одан кейін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде жамағат алдына шығып, уағыз-насихат айтты. Пәтуа мен ижтиһадтың айырмашылығына тоқталып, көпшілікті мазалаған сұрақтарға тұшымды жауап берілді. Сондай-ақ Шариғат және пәтуа бөлімінің жұмысымен таныстырып, пәтуа шығарудағы Діни басқарманың жауапкершілігін айтып, пәтуа сұрауда тек мешіт имамдарына жүгінуге шақырды.

Келесі күні Сансызбай Құрбанұлы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен жұма намазына қатысып, жамағатқа қасиетті айлар мен күндердің дініміздегі маңызы жайлы насихат айтты. Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жүрекжарды лебізі мен ыстық ықыласын жеткізді. Бұдан бөлек Сансызбай Құрбанұлы діни оңалту бағыты аясында Ақтөбе өкілдігіне қарасты теріс ағымдағыларды оңалту және оның алдын алу бойынша нәтижелі жұмыс істеген ақтөбелік имам-ұстаздарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыстады.

Бөлім басшысы осы сапары барысында Шалқар және Мұғалжар аудандары жамағатын қабылдап, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар Діни басқарманың сан-салалы қызметіне тоқталып, мүфтият әзірлеген пәтуалармен таныстырды. Сонымен қатар Сансызбай Құрбанұлы жергілікті имамдардан құралған дін қызметкерлеріне 3 тақырыпта оқыту семинарын өткізді. Алматыдағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының 1 айлық онлайн курсын тәмамдаған ақтөбелік 10 имам-молдаға арнайы куәлік табыстап, қызметіне сәттілік тіледі. Одан бөлек жергілікті «Bake» донер орталығы басшысына «ҚМДБ Халал» серификатын табыстап, адал кәсібіне береке тіледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру