Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Пойыздың астына түсіп, қасірет шеккен жандар қалай отбасын құрып, өмір сүруде?..

26.10.2016 7227 0 пікір

Қызылорда қаласында отағасының да, жұбайының да қол-аяқтары жоқ отбасы бар. Айта кетерлік жайт, екеулері де пойыздың астына түсулері себепті мүгедек болған. Бақытбек Сейітбаев пен Күләш Тлеуова — олар туралы ғаламторда жазылғанға дейін олар өздеріне көңіл аудартпай, тыныш өмір сүріп жатқан жандар еді. Сосын жергілікті еріктілер бұл отбасына қолдарынан келетін көмектерін көрсете бастаған. Аяқ-асты пайда болған танымалдылықтан шаршаған Бақытбек пен Күләш, түсірмеге бірден келісімдерін бермеді. Бірақ отағасы ойлана келе, өзінің өмірін үлгі ете отырып, ешнәрсеге қарамастан бақытты болуға  болатындығын айтуға бел буды.

Тұрар Қазанғаповтың репортажы


Бақытбек пен Күләшқа қонаққа келе жатқанда, осы репортажымның болу, болмауына деген нақты сенім болмады. Осы отбасына қол ұштарын беріп жүрген еріктілер бұл ерлі-зайыптылардың фототүсірімге қарсы болатынын ескерткен болатын.  


Қызылордаға Бақытбек, Күләш және олардың қызы жақында ғана көшіп келген, осыған дейін олар Шиелі ауылында тұрған еді.  

Қалаға көшіп келу - бірден жайлылық болады дегенді білдірмейді. Аяқтары жоқ Бақытбек пен Күләшқа даладағы дәретханаға бару - үлкен қиыншылық тудырды.  


Ғаламтордың арқасында және адамдардың бұл отбасыға бей-жай қарай алмайтындығынан, еріктілер оларға үй-жай салуға көмектескен. Енді Бақытбек пен Күләштің отбасында су құбыры, әжетханасы әрі душы бар. Қазіргі кезде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.  


"Біз ешқашан ешкімнен ештеме сұраған емеспіз. Кейін адамдар өздері бізге көңіл аудара бастады. Бірде қарап отырсақ, біз ғаламторда жүр екенбіз, ал бұл жөнінде өзіміз мүлде бейхабар едік. Осыдан кейін бізді еріктілер мен БАҚ біле бастады. Бұдан біз қатты ұялатынбыз, ыңғайсызданатынбыз", - деп әңгімеледі  Күләш Тлеуова.


"Кеше де бір кісілер бізді фотоға түсіруге келген, қызымызды фотоға түсіруге рұқсат сұрады, бірақ ол да қатты ұялады, содан кейін мектепте бәрі біз туралы айтатын болады деп ол өзін ыңғайсыз сезінеді", - дейді Күләш.


Оң жақтағы Бақытбек пен Күләштің қызы - Жансая, ол 8 сыныпта оқиды. "Жақында бір қыздар диван әкеліп берді, бірақ өзіміз ешқашан ештеме сұраған емеспіз. Дегенмен алып келген соң, бас тарту әбестік болар, халыққа рахмет. Содан кейін қарасақ, диван туралы ғаламторға жазып қойыпты, біз қайтадан өзімізді ыңғайсыз сезіндік", - деп күлді Күләш.


Қызын тәрбиелеуден бөлек, ол өзінің барлық уақытын қолөнермен айналысуға жұмсайды. "Көрпешелер  тігемін, шұлықтар, күртелер тоқимын. Қонақтар келгенде менен бір нәрселер сатып алады, ал сөрелерге қоятындай жерлер жоқ. Тапсырыс бергендердікін жасап беремін", - дейді ісмер үй иесі.


Бақытбек жақында Астанаға бір телебағдарламаның түсіріліміне барды, жолы мен жатын орнын шақырған жақ төледі. Ол жерге Күләшті де шақырған болатын, бірақ ол келіспепті. "Бастапқыда мен де фотоға түскім келмеді, содан кейін, жарайды, болар іс болсын деп ойладым. Мен сондай жас емеспін, түсірсе түсірсін. Тіпті бағдарламаға да келістім, өйткені қазіргі таңда өзіне-өзі қол жұмсау жағдайлары көбейіп кетті, жастар біз сияқты қол-аяқсыз мүгедектер де толыққанды өмір сүріп жатқанын көріп, олардың қиындықтарының түкке тұрғысыз екендігі туралы ойлансын", - дейді отағасы.


Ерлі-зайыптылар мүгедек күйлерінде үйленген. "Мен сол кезде мүгедек едім, Қармақшы ауылында тұрдым, аудандар мен ауылдардың арасында адамдарды тасыдым. Бір күні Шиеліге бардым, маған ағам осы ауылда сен сияқты бір мүгедек қыз бар деген, онымен сөйлесіп көрейік, мүмкін саған тұрмысқа шығуға келісер", - деп әңгімеледі Бақытбек.


"Сосын ағам менің атымнан оның үйіне барып, ата-анасымен сөйлесіп, құда түсті. Біз кездесіп, сөйлестік, осылайша бірнеше рет кездестік. Ақыр соңында, үйленуге бел байладық, қанша дегенмен, тағдырымыз да, жағдайларымыз да ұқсас қой. Кейін қызды болдық", - деп отағасы біз онымен жалғыз қалғанда сырын ашты.


Таңғаларлығы, аяқтарының жоқтығына қарамастан бұл адамдар күштері жетерлік жұмыс жасауға тырысады.  


Бақытбек өздерін асырап отырған дүниесін көрсетпек болып, бізді далаға бастады.  


Келе жатып ол бізге қалай аяқсыз қалған оқиғасын айтып берді.  


Фотода оң жақта — құрылысшы, ол бұл адамдардың тағдырына бей-жай қарамаған азаматтардың қаражатына жапсыра салынған үйдің әрлеу жұмыстарын аяқтап жатыр.  


"Бұл жағдай 1984 жылы болған еді, мен Хабаровск аймағы Амур облысында әскер қатарында жүрген болатынмын. Әскерден кетер алдында біз жігіттермен дүкенге барып,  әскерден өз киімімізбен қайту үшін, киім сатып алуды шештік", - деді Бақытбек.


"Осыған дейін мен рұқсатсыз кетіп көрмеген едім, фотоға түскім келді. Қазір өкінемін, сол кезде кетпеу керек еді, сонда мүмкін аман-есен оралар ма едім", - деп ол әңгімесін жалғастырды.  


"Кешке біз казармаға оралуымыз керек болатын, менімен бірге тағы екі қазақ бала болды, біреуі Жамбыл облысынан, ал екіншісі менің жерлесім еді. Пойыз келгенше темір жолдан жүгіріп өтуіміз керек. Менің қасымдағылар жүгіріп өтті, ал мен үлгермедім, өйткені қарсы пойыз келіп қалды. Менің казармаға оралуым керек болатын, өйткені жуырда үйге қайтатын  уақыт, мен бірінші жөнелтіммен қайтқым келіп еді. Егер кешкі тексеруде болмасам, соңғы жөнелтімге қалатынымды білдім, ол бірнеше күннен кейін ғана болатын. Мен бірнәрсе етіп тауар таситын составпен жетіп алуға шештім", - дейді біздің сұхбаттасымыз.  


"Басыма жүріп бара жатқан составқа секіріп міну деген ой келді. Жаспын ғой, неге секірмеске деп ойладым. Қажет жеріме келгенде, вагоннан секіріп түсуге бел будым, бірақ келіп қалған қарсы пойызды байқамаппын, сол мені қағып кетті. Тікұшақпен аймақтық ауруханаға алып келді. Үш күннен соң есімді жидым. Кейін әкем мен ағам келді, әкем үндемеді, ол кісінің мінезі ауыр болатын. Ағам болса болар іс болды, енді қолдан келер хайыр жоқ, бекем бол деді. Госпитальда аттай алты ай жаттым", - деп Бақтыбек қайғылы оқиғасын бітірді де өзінің адам таситын көлігіне міне бастады.  


"Бұл менің екінші көлігім, бұған дейін де «Жигули» болған. Бір шет ел көлігін алайын деп едім, бірақ токарьлар ондай көлікті маған ыңғайлап жасау қиынға соғады деп айтты», - деді ол.



"Мені бұл жерде көбі мүгедек-таксиші ретінде біледі", - деп ол сөзін жалғастырды.  


Ең бірінші көзге түсер нәрсе — ол жүргізуші орындығында жатқан аяқтың дәлбедері.  


Осылайша Бақытбек өз жолаушыларына деген қамқорлығын көрсетеді. 


"Бұл адамдарды қорқытпауға немесе артық сұрақтар қоймас үшін. Мен тіпті бұл дәлбедерді кимеймін, ол әрқашан осылай жатады, ал мен жай ғана отыра саламын, сырттан қарағандарға менің аяқтарым бар сияқты", - деп түсіндірді ол.


Мына рөлдегі жапырақшаларды көріп тұрсыздар ғой - бұл газ. Ажыратқыш басқышы сол жақта орналасқан, ал мынау ерітіп жабыстырылған иінтірек. Тежегіш  - иінтірегі оң жақта", - деп ол өз көлігінің құрылғысы туралы әңгімеледі.  


"Менің сол қолым болмаған соң, мен жасанды қол киемін, соның  көмегімен мен ажыратқышты баса аламын", - дейді  ол.


Осы жеке адам тасушылықтың арқасында оның үй салып алуға шамасы жетті. Енді ол өзін көліксіз елестете алмайды. "Егер менің таксиші болу мүмкіндігім болмаса, немен айналысарым белгісіз еді", - дейді ол.


"Көлігіме дейін мынандай ағаш сырғытқымен қозғаламын. Қиын, бірақ өмірде бәріне де көндігеді екенсің. Ой-буй, мынаны жасап қою керек", - деп күлді Бақытбек — оның сырғытқысының бір дөңгелегі түсіп қалыпты.  


Сырғытқыны жасап болып, Бақытбек қайтадан бізді үйге бастады, тағы да бір нәрсе айтып бергісі келді.  


Оны күтпей, ішке кіре беруімізді өтінді.  


Бізге оның жұбайымен сөйлесуге мүмкіндік туды.


"Мен 22 жаста едім. Біздің ауылда темір жолдан өтетін көпір және жаяу жүргіншілер өтетін жол болатын. Көпірмен өту үшін биікке көтерілу керек болғандықтан, жүргіншілер өтетін жолдан өтуге бел будық. Жүк составының өтуін күтіп тұрдық, қасымда басқа да адамдар болған. Состав өте сала мен алдыға түстім, бірақ қарама-қарсы келе жатқан пойызды көрмей қалдым. Құлап түскенім ғана есімде, болды», - деп әңгімеледі Күләш.


Егер бір факт болмағанда, бұл репортаж болмас па еді? Бақытбек фотоны әрқашан да жақсы көрген екен.



"Жас кезімде, 80-ші жылдардың басында, әскерге дейін мен фотомен айналысқанмын. Тіпті 1984-ші жылы мүгедек болып қалғанда да, пленкаларды шығарып, химиялық ерітінділер жасадым. Кейін әкем денсаулығыңа зиян деп мұнымен айналысуға тыйым салды. 1998-ші жылы бұл ісімді тастап, таксиші болдым. Фотоларымның арқасында ақша жинап, өзіме көлік сатып алдым", - деп есіне алды.


Өткен жылдың сегіз айында Қазақстанда темір жолға жақын маңда болған елді мекендерде 66 қайғылы оқиға орын алған. Сонда пойыз машинистеріне 700 шақты шұғыл тежегішті басуға тура келген, соның арқасында адамдарды өлімнен құтқарған. Осы жылдың мамыр айының соңында ҚТЖ мынандай статистика келтірді, оған сәйкес 2016 жылдың басынан бастап пойыз қозғалысы аймағында транспорт зардабы салдарынан 47 қайғылы оқиға тіркелген екен.

tengrinews.kz

Muftyat.kz сайтына дайындаған: Сыдықова Ақерке

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру