Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ өкілдері III халықаралық көктемгі мектепке қатысып, тәжірибе алмасты

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 01.04.2026 545 0 пікір
ҚМДБ өкілдері III халықаралық көктемгі мектепке қатысып, тәжірибе алмасты

Ағымдағы жалдың 31 наурызы мен 1 сәуір күндері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дін психологиясы: Қожа Ахмет Ясауи мұрасы контексінде» тақырыбында III Халықаралық көктемгі мектеп ұйымдастырылды.

Ауқымды ғылыми жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор Қайрбеков Нұрлан және Қажылық істері бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қатысып, халықаралық деңгейдегі басқосуда тәжірибе алмасты.

Көктемгі мектептің мақсаты – дін психологиясының өзекті мәселелерін талқылау, сопылық ілімнің психологиялық қырларын зерделеу және Қожа Ахмет Ясауи мұрасының рухани-танымдық мәнін ғылыми тұрғыда насихаттауға бағытталған.

Халықаралық жиында отандық және шетелдік ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай «Иассауи психотехникасы» тақырыбында баяндама жасаса, Өзбекстан халықаралық исламтану академиясының профессоры, психология ғылымдарының докторы Алимов Хожагелды Мустафаевич «Хорис әл-Мухасиби – суфилік психологияның негізін қалаушы» тақырыбын қозғады.

Сонымен қатар, аталған академияның доценті, PhD Сапаров Мурод Юлдашевич «Суфизм және нәпсі тәрбиесі» тақырыбында ой қозғап, Түркиядағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) профессоры, тарих ғылымдарының докторы Муминов Аширбек Курбанович «XII–XIII ғасырлардағы Түркістандағы суфилік ілім (ирфан)» тақырыбында баяндама жасады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, PhD Мейрманов Аманжол Досжанович «Қожа Ахмет Ясауи мәдени мұрасындағы рухани сабақтастықтың рәміздік көріністері» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ, Түркияның Мармара университетінің профессоры, PhD Али Айтен «Мұсылман әлеміндегі психологияның жергілікті перспективалары: сопылық психология мысалында» тақырыбында баяндама жасап, Германиядағы Эрланген университетінің өкілі, философия ғылымдарының кандидаты Олег Ярош «Батыстағы суфизм және исламды қабылдау мәселелері» жөнінде ғылыми пікір білдірді.

Халықаралық көктемгі мектеп дін мен ғылым сабақтастығын нығайтуға, рухани мұраны ғылыми негізде танытуға және діни қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.






Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру