Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы қаласының имамдары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарымен танысты

Алматы қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі azan.kz 28.01.2026 1585 0 пікір
Алматы қаласының имамдары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарымен танысты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған бағдарлық баяндамасы, айтулы шаралар, сондай-ақ мүфтияттың және Алматы қаласы өкілдігінің алдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстыру жиыны өтті.

Жиынға Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, Орталық мешіттің дін қызметкерлері, қала мешіттерінің бас имамдары, мешіт есепшілері мен іс басқарушылары қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Бағдарлық баяндамада алдағы жылы діни қызмет аясында төрт негізгі бағытқа, атап айтқанда: «Дәстүр және отбасы», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру», «Ихсан және насихат» бағыттарына басымдық берілетіні атап өтілді.

Мүфтият жоспарына сәйкес, қала имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы курстар ұйымдастыру, дәстүрлі ислам бағытын кеңінен насихаттау үшін бейнеуағыздар түсіру, сондай-ақ түрлі рухани-танымдық іс-шараларды жүзеге асыру тапсырылды. Сонымен қатар мүфтият жанынан жаңадан ашылған бағыттар мен секторлардың жұмысы таныстырылды.

Жиын барысында «Tawaf Travel» қажылық компаниясының директоры Бектемір Исқақов қажылық пен ұмра сапарларына қатысты қызмет түрлеріне шолу жасады. Сондай-ақ «Қарасай батыр» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз бен Алмалы ауданының бас имамы Еркінбек Шоқай бағдарлық баяндамаға қатысты өз пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ бағдарлық баяндамада тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай ел көлемінде 35 мың түп ағаш отырғызу, әлеуметтік осал санаттағы 35 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсету, имамдардың цифрлық және жасанды интеллект сауаттылығын арттыру мақсатында семинар-тренингтер ұйымдастыру тапсырылды. Бұдан бөлек, мешіттерде техникалық және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Жиын соңында алматылық бірқатар дін қызметкерлеріне Бас мүфти атынан алғыс хаттар табысталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру