Маңғыстау облыстық Сыдықов атындағы әмбебап кітапханада өңірлік дін қызметкерлерінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітуге арналған жиын өтті.
Басқосуда Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы 2026 жылға арналған негізгі бағыттар мен жоспарланған жұмыстар жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Айта кетейік, жуырда Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2026 жылға арналған Бағдарлық баяндамасы өтіп, биылғы жыл «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай бас имам ислам дініндегі адалдық, әділдік, аманатқа беріктік, өтірік пен қиянаттан сақтану секілді құндылықтарды қоғамның барлық саласына сіңіру басты мақсат екенін атап өтті.
Сонымен қатар жиында ҚМДБ жанынан Ислам қаржысы секторы ашылатыны айтылды. Бұдан бөлек, Діни рәсімдер бөлімі құрылып, жаназа және жерлеу рәсімдері, неке қию, балаға ат қою, Құран бағыштау, сондай-ақ жамағатпен оқылатын намаздардың бірізді тәртіппен атқарылуын жүйелеу көзделіп отыр.
Бас имам биыл ҚМДБ бекіткен негізгі төрт бағыттағы жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді. Атап айтқанда, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттары бойынша рухани кездесулер, түсіндіру сабақтары, тәрбиелік және алдын алу шараларын өткізу міндеттелді.
Сондай-ақ имамдарға халықпен тығыз байланыс орнатып, мешіттің рухани-ағартушылық орда ретіндегі рөлін күшейту, әлеуметтік желілерде сауатты әрі жауапты діни насихат жүргізу қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан өңірдегі бірқатар имамдарға дін жолындағы қажырлы еңбегі мен қоғам руханиятын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Маңғыстау облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
muftyatkz
19.01.2026
1607
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру