Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Құрбан айтқа қатысты брифинг өтті

Алматы қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі azan.kz 05.06.2025 677 0 пікір
Алматы: Құрбан айтқа қатысты брифинг өтті

Алматы өкілдігі Өңірлік Коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, биылғы Құрбан айт жоспарымен бөлісті.

Брифингке Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, спикерлер Алматы қаласы Дін істері басқармасының маманы Досхан Шәкішәріпұлы, Алматы Орталық мешітінің имамдары Бекзат Сыздықов және Тимур Алиев қатысты. Төлеби Дәділұлы алматылықтарға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне жолдаған құттықтауын жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айт күндері 6-7-8 маусым күндеріне тура келетінін айтқан болатын. Бүгінгі брифингте бас имам Төлеби Дәділұлы Алматы қаласы бойынша 6-маусым күні 56 мешітте таңғы сағат 6:00-да айт намазы оқылатынын айтты. Құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 14 орын бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін «qurban.muftyat.kz» сайты қайта іске қосылғанын жеткізді. Құрбандық етін алуға өтініштер осы «qurban.muftyat.kz» сайты арқылы қабылданады.

Сондай-ақ бас имам Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көңіл күй сыйлау мақсатында киіз үйлер тігіліп, айттық дастархан мен дәм ұсынылады. Мешіттерде балаларға айттық тәттілер таратылып, түрлі ұлттық ойындардан спартакиадалар ұйымдастырылады.

Брифинг соңында қаланың бас имамы Төлеби Дәділұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, қала тұрғындарын құрбандық шалынатын орындардағы тазалыққа аса мән беруге шақырды. Спикер Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов құрбандық малы қалай шалынатыны және еті кімдерге таратылатын айтты. Сонымен қатар наиб имам Тимур Алиев орыс тілінде Құрбан айттың ерекшелігі, шарттары жайында тұщымды жауап берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру