Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: Әйел-қыздар секторы ұйымдастырған рухани-сапар әлия рухына тағзыммен өтті

Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 10.05.2025 1806 0 пікір
АҚТӨБЕ: Әйел-қыздар секторы ұйымдастырған рухани-сапар әлия рухына тағзыммен өтті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Ақтөбе, Хромтау, Ембі қалаларынан және Қобда ауданынан келген аналар мен қыз-келіншектер тарихи-рухани тағылымға толы сапарға қатысты.

Сапар барысында қатысушылар Қобда ауданындағы Әлия ауылында орналасқан «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына барып, Батыр қыз Әлия Молдағұлованың ерліктерімен танысты. Музей директоры Бағдаш Тупенова батырдың өмір жолы мен жауынгерлік ерлігі туралы мазмұнды мәліметтермен бөлісті.

Рухани бағдарлама «Әлия» мешітінде жалғасын тапты. Сектор жетекшісі Кенжегүл Көшқарова және «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап имандылық пен отансүйгіштік туралы уағыз айтып, батырлар рухына Құран хатым бағышталды. Мешіт жамағаты арнайы дастархан жайып, қонақжайлылық көрсетті.

Сонымен қатар «Нұр Ғасыр» медресесінің шәкірттері патриоттық өлеңдер оқып, Әлияның ерлігіне арналған сахналық көрініс қойып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, «Әлия» мешітінің әйел жамағатына сый-сияпаттар табыстады.

Бұл рухани-сапар – ерлікті ұлықтап, жас ұрпақтың жүрегіне елге, дінге деген сүйіспеншілікті сіңірген тағылымды шара болды.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру