Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы облысында әйел жамағатына арналған діни-рухани іс-шаралар өтті

Алматы облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 14.04.2025 2885 0 пікір
Алматы облысында әйел жамағатына арналған діни-рухани іс-шаралар өтті

Алматы облысында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен және сектор меңгерушісі Нұрғалиева Динара Құтқожақызының қатысуымен әйел жамағатына арналған бірқатар маңызды іс-шара өткізілді. Шаралардың басты мақсаты – әйелдердің діни білімін арттыру, рухани тәрбие беру, сүннет амалдарды насихаттау және қоғамда ислам құндылықтарын кеңінен тарату.

Атап айтқанда, облыстық Құран жарысы ұйымдастырылып, оған 25-50 жас аралығындағы шәкірттер қатысып, «Ясин», «Рахман» және «Әл-Уақиға» сүрелерін жатқа әрі мәнерлеп оқыды. Шараның ашылу рәсімінде Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов қатысушыларға сәттілік тілеп, Құран оқудың артықшылығы мен сауабын атап өтті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар марапатталды.

Сондай-ақ, Талғар ауданындағы Биеке батыр мешітінде ұстаздар жиыны өтті. Басқосуда ұстаздардың діни білімін жетілдіру, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, ұстаз әдебі туралы тақырыптар қозғалды. Практикалық бөлімде «Садақ ату – сүннетім» атты бағдарлама жүзеге асып, ұстаздар сүннет амалын тәжірибе жүзінде орындады.

Жамбыл ауданында өткен «Ислам және отбасы құндылығы» атты семинарда отбасы тәрбиесі, ер мен әйелдің жауапкершілігі, ұлттық салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының үндестігі жайлы мазмұнды баяндамалар оқылды. Аналар мен жас келіндерге рухани тәрбие берудің маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.     

Ал Қонаев қаласындағы «Қапшағай» орталық мешітінде «Құмар ойынның зардабы» тақырыбында конференция өтті. Шараға Алматы облысы мен Астана қаласынан онлайн және офлайн қатысушылар қосылып, сала мамандары баяндама жасады. Конференция барысында Брайл қарпін меңгерген ұстаз Айнұр Хумарбек зағип жандармен жүргізілетін рухани жұмыс жайлы ақпарат берді.

Барлық шараларда ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы Нұрғалиева әйел жамағатына арналған насихат жұмыстарын жүргізіп, рухани тәрбиеге қатысты маңызды бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар, қатысушыларға рухани сыйлықтар мен ынталандырулар табысталды.

Осындай игі шаралар арқылы ҚМДБ Әйел-қыздар секторы қоғамдағы имандылықты, руханият пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосуды жалғастырып келеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру