ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарияланған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында күллі мұсылман ардақ тұтқан Рамазан айында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының құрметіне Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық «Әл-Фараби» мешіті «Бір келген он екі айда Рамазан» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасын жариялаған еді.
Мақсаты – қасиетті Рамазан айын ұлықтау, асыл дініміз Исламның құндылықтарын насихаттау, отбасы тәрбиесінің бабадан жалғасқан бағалы тағылымдарын өлеңмен өрнектеу болса, жас дарындардың өзара танысып, тәжірибе алмасуына және шығармашылық иелеріне қолдау көрсету, насихаттау бағытында жасалды.
Рамазанның соңғы күндерінде мүшәйра қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. Белгілі ақындардан құралған қазылар алқасы ақындардан келіп түскен туындыларды сараптап қорытындысын шығарды.
Өскемен қалалық «Әл-Фараби» мешітінде өткен марапаттау шарасында ШҚО бас имамы Думан Нәдірұлы сөз сөйлеп, осы байқаудың отбасы құндылығын, Рамазан айын ұлықтауда маңызды рөлге ие екендігін айта келе, ақындарға сәттілік тілеп, марапат және ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Бас имам: «Дінімізде айтылғандай ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақындарды ерекше құрметтеген. Асыл дініміздің өлеңмен жырмен насихаттаудың арқауын үзбей бүгінге жеткізген ақындар құрметке лайық. Қазақ халқы ақынға құрмет көрсеткен, ардақтаған ұлы халық. Өлең жыр ұлтымыздың бай қазынасы. Бүгін облыстағы жас ақындардың шығармашылығына қолдау жасап отырмыз» деп атап өтіп, ақындарға шабыт тіледі.
Қазылар алқасының шешімімен: 1-орынды 150 000 теңгені өлең әлеміне қалам тартып жүрген ақын, бірқатар мүшәйралардың жеңімпазы Қызырбек Дүргінбайұлы жеңіп алды.
2-орынға бірқатар республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпазы Оразай Жеңісұлы ие болса, 3-орынға жас ақын Бегарыс Секен мен Бақжан Елсінбекқызы, ынталандыру сыйлығына Есенбол Нақтыбай, Тәттімбек Асханұлы, Дана Исағұлқызы, Әсемгүл Серікболқызы ие болды.
Шарада ақындар өлеңдерін оқып, ақсақалдар ақ батасын берді.







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
furqan.kz
31.03.2025
2212
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру