Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылорда: Облыс бас имамы БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетті

Қызылорда облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі aqmeshit.kz 26.03.2025 7314 0 пікір
Қызылорда: Облыс бас имамы БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетті

«Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы өңірдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен кездесіп, пікір алмасты.

«Өздеріңізбен қасиетті Рамазан айында, оның ішінде, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін сіздермен кездесудегі мақсат-мұратымыз біреу. Ол – өздеріңізге елімізде діни бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Қызылорда облысы өкілдігінің іс-шараларын насихаттауға қосып келе жатқан зор үлестеріңіз үшін алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіру. Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала, ал журналист – мәртебелі мамандық екендігі баршаға белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек басылымдарға ғана емес, барлық электронды ақпарат құралдарына, ақпарат агенттіктеріне қатысты қолдануға болады. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, дін өкілдері де, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырына әркез алаңдап отырады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған» – деді облыстың бас имамы.

Дастан Жанасұлы одан әрі өз сөзінде бүгінгідей құбылмалы кезеңде дін тақырыбында қалам тарту асқан жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететіндігіне айрықша тоқталып, сала мамандарына жанкешті еңбектері үшін өз алғысын жеткізді.

Жүздесуге республикалық «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова, «QYZYLORDA» телеарнасының редакторы Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, «ҚоғамТВ» телеарнасының бас редакторы Баян Құлтанова, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева, «Degdar-news» ақпарат агенттігінің бас редакторы Үйтолған Жарекеева, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Азиз Батырбеков, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова, «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында бас редакторларға құрмет көрсетіліп, бас имам Дастан Құрманбаевтың Алғысы мен сый-сыяпат табысталды. Айта кетейік, Дастан Жанасұлының арнайы марапаты алдағы күндері аудандық басылымдардың бас редакторларына да табыс етіледі.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру