
Өткен аптада ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Атырау облысына наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы жұмыс сапарымен барды.
Ол алдымен Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде «Әдет-ғұрыптың дініміздегі орны» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
«Дін мен дәстүр арасындағы сабақтастық мәдениеттің дамуына, қоғамның бірлігін сақтауға және ұрпақтар арасындағы байланысқа әсері мол. Діни сенімдер мен дәстүрлер халықтың өміріне терең еніп, оларды әрқашан бірге дамытып, толықтырып отырады. Дін мен дәстүрдің үйлесімділігі қоғамның рухани әрі мәдени өмірін байытып, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері дін мен дәстүрге ерекше назар аударып, көптеген игі шаралар атқарып келеді. Осы бағытта «Дін мен дәстүр» кітабының 3 томы жарыққа шықты. Көптеген мазмұнды мақалалар жарияланды. Мұның барлығы келешек ұрпақ тәрбиелеуде ұлт болып өркендеуіміз үшін аса қажет дүниелер» деді наиб мүфти.
Қасиетті жұма күні облыстық «Иманғали» орталық мешітінде наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастаған дін қызметкерлерінің қатысумен құрбан шалынып, елдің амандығы, халықтың ынтымағы үшін дұға жасалды.
Бұдан кейін Сансызбай Құрбанұлы «Иманғали» орталық мешітінде ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына қатысты. «Рамазан сыйы» қайырымдылық жобасы аясында 100 отбасына азық-түлік табысталды. Қайырымдылық көмек бірінші кезекті мүгедек жандарға, жалғызбасты отбасылар мен зағиптар бірлестігіне үлестірілді.
Сондай-ақ наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы Атырау өңіріне сапары барысында орталық «Иманғали» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа насихат айтты. Діни басқарма бекіткен рамазан насихатында намаз оқудың сауабы мен дәрежесі туралы сөз қозғады.
«Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, бірі қаза болмасқа» деген Бұқар жырау бастаған асыл ата-бабаларымыз да біздерге намаз оқуды көптеп өсиет еткен. Шортанбай Қанайұлы бабамыз:
Құбылаға бас қоймақ,
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы, – деп айтқан. Хәкім Абай атамыз: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, Исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен. Ендеше, намаз – ең маңызды, мағынасы мен мәні терең құлшылық. Оның ішінде Алланы мадақтау, ұлықтау, Оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келіп кешірім сұрау, Одан жәрдем тілеу, дуға ету сияқты зікірлер де бар,- деп атады Сансызбай Құрбанұлы.
Еске сала кетсек, өңірде 25 мешітте отандық 34 қари хатым түсіруде.






Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру