
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрі. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдің бірлігі мен игілігін тілейтін ізгі ниеттің көрінісі болып саналады. Осы дәстүрді дәріптеу мақсатында Қарағанды облысы мешіттерінің ақсақалдары арасында ІІ республикалық «Ақ бата» байқауына іріктеу сайысы өтті.
«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына орай Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы сайысты ұйымдастыруға қолдау көрсетті.
«Бата – елге құт» тақырыбында өткен байқауға аймағымыздағы қала-аудан мешіттерінен жиырмаға жуық үміткер қатысты. Қатысушылар әртүрлі бата түрлерін айтып қана қоймай, дін мен дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл сұрақтар салт-дәстүрге негізделген кітаптардан және діни ілімдерден алынды.
Байқауға елге танымал ақын-жазушылар, филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, мешіт ақсақалдары және имамдар қазылық жасады. Олар үміткерлердің арасындағы батаның мазмұны мен мағынасы, оның көркемдігі мен орындау шеберлігін ескере отырып, үздіктерді анықтады.
Абай қалалық мешітінің ақсақалы Абай Бекейұлы – 1-орын (50 000 теңге);
Қарағанды қалалық «Бұқар жырау» мешітінің ақсақалы Онғарбай Қуанышбаев – 2-орын (30 000 теңге);
Қарағанды қалалық «Әл-Ғоффар» мешітінің ақсақалы Тілеуқор Қанафин – 3-орынды (20 000 теңге) иеленді.
1-орын иегері Түркістан қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Қарағанды облысы өкілдігінің «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты Бақдәулет Қыдырбайұлы бұл байқаудың ақсақалдар арасында жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты. Іс-шара соңында жиналған қауымға арнайы ас берілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру