
ҚМДБ Әйел-қыздар секторы Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастыруымен Алла жолында білім алып жатқан «Ақтөбе» медресе-колледжіндегі қыздар бөлімінің шәкірттеріне ауызашар дастарқаны жайылды.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, соған дінді кеңінен, терең түсінуді нәсіп етеді» деп айтқан. Діни білім адамға екі дүниеде пайда беретіндігін Алла Тағала «Мүжадәлә» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» деп ғалым болған мұсылман адамның дәрежесін биік қойған.
Жоғарыдағы аят-хадиске амал етіп, жастық шағын бос өткізбей, Сауабы мол игі басқосуда Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, өңірде алғаш ашылған қыздарға арналған медресе-колледжде сексенге жуық шәкірттің хал-ахуалын біліп, Рамазан айымен кұттықтап, діни білім алудың маңыздылығы, ұстазға және ата-анаға құрмет көрсету тақырыбында насихат айтты.
Сонымен қатар ауызашар дастарқанының басында РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова «Мүміннің сипаты», «Рамазанда жеңімпаз болу» туралы баяндап, қасиеттің айдың ұлықтылығына тоқталды. Ал медресе ұстазы Айнұр Мырзабаева ауызашар жасап жатқан жандарға Рамазан айында жасап жатқан барша амалдарының сауабы еселенуін тілеп, алғысын білдірді. Мешіт жанашыры Мекке Даржанова шәкірттерді тәрбиелеп жатқан ұстаздарға алғыс айтып, қыздарға ыстық ықыласын білдіріп, жүрек жарды тілегін жеткізіп, батасын берді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру