
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Байзақ баба» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай және «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында батагөй ақсақалдар арасында «Ақ бата» ІІ республикалық бата беру байқауының облыстық іріктеу сайысы өтті.
Бұл сайыс ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, бата беру дәстүрін жаңғыртуға бағытталды.
Ізгі сөздің аламанына өңірге белгілі аузы дуалы қариялар қатысып, халыққа өнегелі бата үлгісін көрсетті. Жарыстың әділ қазылар алқасы қатарында белгілі ақын-жазушы Қасқырбай Нарбатыр, Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Байзақ ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров және ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы болды.
Жиында сөз алған Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы: «Қазақ халқы үшін бата – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтың өзегі. Ислам дінінде де бата берудің өзіндік орны бар. Бүгінгі сайыс – ұлттық дәстүрімізді жаңғырту жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті.
Байқау нәтижесі бойынша І орынды Жамбыл ауданының батагөйі Ерболат Қуандықов жеңіп алды. Ол 100 000 теңге жүлдеге ие болып, республикалық «Ақ бата» сайысына жолдама алды.
ІІ орын Байзақ ауданының ақсақалы Абдиссамат Далибаевқа бұйырып, 70 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
ІІІ орынды Тұрар Рысқұлов ауданынан келген Серікбай Өтегенов иеленіп, 50 000 теңге жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтарына ие болғандар:
– Адилхан Тойшыманов (Талас ауданы) – 20 000 теңге;
– Төлеген Байсүгіров (Жамбыл ауданы) – 20 000 теңге;
– Оңалхан Сырлыбаев (Шу ауданы) – 20 000 теңге;
– Ермаханбет Иманалиев (Қордай ауданы) – 10 000 теңге.
Жарысқа қатысқан өзге ақсақалдарға облыс бас имамының атынан алғыс хаттар табыс етілді.
Бұл байқау – тек бата жарысы ғана емес, ұлттың рухани әлеміне терең бойлау, ата-баба аманатын сақтау жолындағы маңызды шара болды. Жастар ақсақалдардың өнегесін көріп, батаның құдіретін сезініп, оның тәрбиелік мәніне қанықты. Бата айту мәдениетін насихаттау – ұлттық болмысымызды сақтау жолындағы игі қадам.
Осындай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, дәстүрімізді дәріптеу жолындағы бастамалар көбейе бермек.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру