
Діни басқармасының 2025 жылғы жұмыс жоспарына сай QAMQOR-SHARAPAT орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларына іссапармен барып, сала мамандарымен кездесті.
Баршамызға белгілі «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының қызметтерін заманға сай жетілдіру, ел аумағындағы зираттарды цифрландыру және салттық қызмет көрсетуде электронды жүйе қалыптастыру мақсатында, ҚМДБ тарапынан біршама қызметтер атқарылуда.
Астана қаласында өткен шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы арнайы барып, орталықтың бөлімшелерін сала мамандарымен бірге аралап, жұмысты одан ары жетілдіру бойынша тапсырмалар берді.
Өңірлердегі ұйымдастырылған семинарларға өңір имамдары, жауапты мамандары, облыс әкімдігінің дін басқармасы мен зираттарға жауапты мекемелердің қызметкерлері және жергілікті салттық қызмет көрсетумен айналысатын жеке ұйымдардың басшылары қатысты. Мейрамбек Рсымов жиынға қатысушыларға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, мұсылмандарға салттық қызмет көрсетуде ысырапқа бой алдырмай жалпыға ортақ теңдік (бірізділік) мәдениетін қалыптастыру, мешіттер жанындағы салттық қызмет көрсету бөлімшелері мен зираттардың тазалығы мен күтімін қамтамасыз ету қызметтерін одан ары жетілдіру керектігі айтылды. Тал бесікке түскен адам, дәм тұзы таусылғанда жер бесікке де түсетіні хақ екенін, яғни бұл пәни дүниенің өткінші екенін сезіндіретін ғибрат мекені екенін айта келе салттық қызметтің елге пайдалы, сауабы мол, ізгі істер екенін түсіндіріп, қызметте адал болуға шақырды.
Шара соңында семинарға қатысушылар орталықтың өңірдегі бөлімшелері мен орталыққа зираттардан бөлінген жер учаскелеріне барып, бірізділік мәдениетімен қойылып жатқан зираттарды аралап, қарап шықты. Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Әл-Ғоффар мешіті жанынан орталық бөлімшесінің ашылуына қатысты.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру