Елордада ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте мешітішілік «Ақ бата» бата беру сайысы өтті.
Бас мешіт жамағатынан шыққан 11 ақсақал арасында өткен сайыс аузы дуалы, көргені мен берері мол қарияларымызға құрмет көрсету, ықылым заманнан иісі қазақтың қадірлі салтына айналған қазыналы қарттан дұға жасатып, ақ тілегін алу рәсімін жас ұрпақ санасында жаңғырту, дінімізден бастау алған дәстүрдің қадіріне жету мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сай ұйымдастырылған болатын.
Сайысты алдымен Бас мешіт имамы Қанат Қоянбекұлы құттықтау сөздерімен бастап берген соң жүргізуші қатысушыларды сайыс талаптарымен таныстырды. Жалпы, сайыс үш бағалау кезеңінен тұрды:
1) Дін мен дәстүр (ашық сұрақтар);
2) Бата беру;
3) Ұлттық киім.
Көнекөздер дінмен астасқан дәстүрімізге қатысты сұрақтарға жауап бергеннен кейін қазақи сарынмен талай бата-тілектер айтылып, соңында әділқазылар алқасына бағалау жүгі түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша Айдарбек ақсақал 1-орынды, 78 жастағы Хамза ақсақал 2-орынды, Оңдасын ақсақал 3-орынды иеленіп, арнайы дипломдармен сый-сияпаттармен марапатталды. Қалған қарияларымызға жас ұрпақты ізгілікке баулып, ұлттық құндылықтарымыз бен бай тілімізді дәріптеп жүргендері үшін Бас мешіт имамының арнайы алғыс хаттары мен сыйлықтары табысталды.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Республикалық бас мешіттің баспасөз қызметі
03.03.2025
2565
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру