
Жуырда Шығыс Қазақстан облысына бас имам болып тағайындалған Думан Нәдірұлы өкілдікке қарасты мешіт имамдарының кезекті жиналысын өткізді.
Шығыс Қазақтан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өткен басқосуға өкілдікке қарасты қала, аудан имамдары қатысты.
«Биылғы жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялауына байланысты тың бастамалармен жұмыс жасау бүгінгі таңдағы басты міндетіміз. Осыған байланысты өңірде бірқатар рухани-мәдени шаралар жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта ҚМДБ-дан берілген жоспар, тапсырмаларды бұлжытпай мерзімінде орындап, нақты нәтижелер көрсетуіміз керек. Әсіресе уағыз-насихаттарда отбасы құндылығы баса дәріптелуі керек. Ұлтымыздың Исламмен үйлескен дәстүрлі отбасылық тәрбиесін кең көлемде насихаттау міндеті тұр» деп атап өтті бас имам.
Жиналыста ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің «Бағдарлық баяндамасында» көтерілген мәселелер таныстырылып, 2025 жылғы жұмыс жоспары және «Ислам және отбасы құндылығы» жылына байланысты атқарылатын шаралармен қатар алдағы Рамазанда жасалатын жұмыстар талқыланды. ҚМДБ-ның төрт бағыты бойынша кең көлемде ақпарат берілді.
Бас имам шараларды жеке талдап түсіндіре отырып, нақты істерге тоқталды. Сонымен қатар аудан имамдарына өңірдегі барлық мешіттердің жедел байланыс орнатуы, кері ағымдармен жүйелі түрде нәтижелі жұмыс жасау, діни басқарманың тапсырмаларын уақыты орындау, жамағатпен жұмысты жаңаша бағытта үйлестіру қатарлы шараларға тоқталды.
Думан Нәдірұлы қоғамға Исламның мейірімділігін таныту мақсатында әр аудан, ауыл имамдары ізгілік шараларын өрістетуді айтып, кейбір салалар бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар өкілдіктің бөлімдерге жауаптылары салалары бойынша ақпарат берді. Жиналыста еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығымен халықтың амандығы үшін дұға жасалды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру